Golden Globes марапатын алған алғашқы қазақстандық актриса: Шұғыла Ешен бұл жетістікке қалай жетті?

Golden Globes марапатын алған алғашқы қазақстандық актриса: Шұғыла Ешен бұл жетістікке қалай жетті?
Фото: Instagram/bir.zhapyraq

Қазақстандық театр және кино актрисасы Шұғыла Ешен Golden Globes ұйымының Beacon Award («Маяк») арнайы марапатына ие болды. Ол – бұл сыйлықты алған алғашқы қазақстандық актриса.

Марапат 2026 жылғы 23–24 қазанда Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен Golden Globes Silk Road Tribute Gala салтанатты кешінде табысталды. Актриса бұл жаңалықты күтпегенін айтады.  Kapital.kz басылымына берген сұхбатында ол халықаралық марапаттың өзі үшін ерекше әсер қалдырғанын жеткізген.

Олар маған өздері хабарласты. Бұл мен үшін күтпеген, бірақ өте жағымды жаңалық болды. Шынымды айтсам, мұның бәрі түс секілді. Біздің киноға назар аударғаны үшін ұйымдастырушыларға қуаныштымын әрі ризамын, – дейді Шұғыла Ешен.

Beacon Award Орталық Азия мен Кавказ елдеріндегі кино және телевизия саласының жас таланттарын қолдауға бағытталған. Шұғыла Ешенмен бірге бұл марапатты армян актері Самвел Тадевосян да алды. Аталған сыйлық «Алтын глобус» негізгі байқауының номинацияларына кірмейді, ол Silk Road Tribute Gala аймақтық бағдарламасы аясында табысталады.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Шұғыла Ешен (@bir.zhapyraq)

«Өзімді әлі жолдың басындамын деп есептеймін»

24 жастағы актриса соңғы жылдары қазақстандық кинодағы бірқатар танымал жобаларға түсті. Олардың қатарында «Ғашықпын саған», «Жеті қарақшы», «Қайтадан», «Шулама» және «Жеті ата» фильмдері бар. Дегенмен актриса қазіргі жетістіктерін шығармашылық жолының шыңы деп санамайды.

Маған көп адам қазір табыстың шыңында жүргенімді айтады. Бірақ өзім олай ойламаймын. Мен небәрі 24 жастамын. Қазір сұранысқа ие болуым – жолымның басы ғана деп ойлағым келеді. Әлі де байқап көргім келетін дүниелер, бірге жұмыс істегім келетін режиссерлер көп. Мен әлі жолдың басындамын, ең маңызды рөлдерім мен күрделі сынақтарым алда деп есептеймін, – дейді актриса.

Шұғыла Ешеннің айтуынша, түскен киноларының саны әзірге аса көп емес. Ол әлеуметтік желілерде өзін жиі көретінін айтып, сын білдіретін адамдардың да бар екенін жасырмайды.

Сурет: Instagram/bir.zhapyraq
Сурет: Instagram/bir.zhapyraq

Актрисаның сөзінше, көшеде танып жататын көрермендердің арасында кішкентай балалар да көп. Әсіресе «Ғашықпын саған» фильмінен кейін танымалдығы артқан. Кейде төрт-бес жастағы қыздар кездескенде фильмдегі әнді айтып беретін көрінеді.

«Жеті қарақшы» мен «Жеті ата»: мистикалық сәйкестік пе?

Шұғыла Ешеннің сұхбаттағы ең қызықты әңгімелерінің бірі – екі жыл бұрын болған тосын сәйкестік. Актриса сол кезде «Sheker. Последний шанс» фильмінің әлеуметтік желіге арналған жарнамалық видеоларын түсірген. Роликтердің бірінде жеті санына қатысты сөздерді атау керек болған.

Әріптестерім «жеті шелпек», «жеті қазына» деп жатты. Ал мен алдымен «Жеті қарақшы», содан кейін «Жеті ата» дедім. Екі жылдан кейін дәл осындай атаулары бар фильмдерге түсіп жүрмін. Бұл – нағыз мистика!, – дейді ол.

Актриса сол кезде аттас фильмдерге түсетіні туралы ештеңе білмегенін айтады. «Жеті қарақшы» атауы оған жеңгесі гитарада ойнауды үйреткен ән арқылы таныс болған. Кейін осы атаулар оның шығармашылық жолында қатар кездескен.

Сурет: Instagram/bir.zhapyraq
Сурет: Instagram/bir.zhapyraq

Шұғыла Ешен рөл таңдауда да интуицияға сенетінін айтады. Кейде кастингтен кейін белгілі бір кейіпкерді өзі сомдайтынын сезетін көрінеді. Ал кейде жобаға қатысуы күтпеген жағдайларға байланысты шешіледі.

Басты арманы – антагонист рөлін сомдау

Актриса болашақта бір-біріне ұқсамайтын кейіпкерлерді сомдап, актерлік мүмкіндіктерін кеңейткісі келеді. Ол тарихи және әскери фильмдерге түсуге қызығатынын, сондай-ақ кейіпкер үшін сырт келбетін түбегейлі өзгертуге дайын екенін жеткізді.

Тарихи жобаларда, әскери фильмдерде өзімді сынап көргім келеді. Әсіресе, мінезі күрделі кейіпкерлер қызықтырады. Антагонист рөлін сомдағым келеді. Бұл рөлді ойнауға қатты қызығамын, – дейді Шұғыла Ешен.

Актриса кейіпкердің мінезін ашуға көмектессе, шашын тақырлап алуға да қарсы емес екенін айтқан. Оның пікірінше, актерлік мамандық әртүрлі образдарға еніп, жаңа қырынан көрінуді талап етеді.

Шұғыла Ешен қазақстандық режиссерлермен жұмыс істеуді жалғастырғысы келеді. Ол Айтөре Жолдаскалимен, Дархан Төлегеновпен қайта жұмыс істеуге ниетті екенін, сондай-ақ Айдын Сахаман мен Асхат Кучинчирековтің фильмдеріне түскісі келетінін жеткізген. Ал ерекше армандарының бірі – режиссер Әділхан Ержановтың киносына қатысу.

Мен Әділхан Ержановтың фильмінде ойнауды армандаймын. Бір күні бұл тілегім орындалатынына сенемін, – дейді актриса.

Кино кейіпкері мен шынайы өмірдің арасы

Шұғыла Ешен актерлік жұмыс пен жеке өмірінің арасындағы шекара туралы да пікір білдірген. Оның айтуынша, өмірде ол көпшілікпен физикалық жақындықты ұната бермейтін, жеке кеңістігін сақтауға тырысатын интроверт адам. Алайда түсірілім алаңында кәсіби міндетін бірінші орынға қояды.

Фото: "Ғашықпын саған" фильмінен кадр
Фото: "Ғашықпын саған" фильмінен кадр

Кадрдағы өмір бір бөлек, шынайы өмір бір бөлек. Өмірде мен адамдармен арада белгілі бір қашықтық болғанын қалаймын. Бірақ жұмыс туралы сөз болғанда, оған кәсіби тұрғыдан қарауға тырысамын, – дейді актриса.

Ол «Ғашықпын саған» фильміндегі зорлық көрінісін түсіру оңай болмағанын айтты. Мұндай эпизодтар актерден физикалық қана емес, эмоциялық күшті де талап етеді. Алайда түсірілім тобының қолдауы мен әріптестерінің түсіністігі жұмысты жеңілдеткен.

Актриса рөлдегі сезімдерді өміріне көшірмейтінін, керісінше, жеке тәжірибесінен кейіпкерді сомдауға қажет тұстарды пайдалана алатынын атап өтті.

Тағы бір арманы – солтүстік шұғыласын көру

Актрисаның қызығушылығы кино өнерімен шектелмейді. Ол бала кезінен ғарыш пен астрономияға әуес болғанын, егер актриса болмаса, спортшы немесе астроном болуы мүмкін екенін айтады. Волейболды әлі де ойнайды, ал боксқа қызығушылығы бар.

Шұғыла Ешеннің тағы бір үлкен арманы – солтүстік шұғыласын өз көзімен көру. Оның айтуынша, бұл табиғи құбылыс телефоны мен компьютеріндегі суреттерде жиі кездеседі.

Бала кезімнен солтүстік шұғыласын көргім келеді. Оның суреті телефонымда да, компьютерімде де тұр. «Шұғыла» есімімнің солтүстік шұғыласы деген мағына беретінін өскенде білдім, – дейді ол.

Актриса бұл арманының жақын уақытта орындалатынын сезетінін де жасырмайды. Дегенмен әзірге оның мақсаты баспана мен көлік алу.

Оқи отырыңыз