Жаңалықтар

Ғазиза Құдайбергенқызы: Кітапханаға келушілер саны 40 пайызға өсті

Ғазиза Құдайбергенқызы: Кітапханаға келушілер саны 40 пайызға өсті
Фото: facebook.com 24.10.2024 14:22 377

Кітапханаға әр адам әр түрлі себеппен барады. Бірі өзін іздейді, бірі қоғамды танығысы келеді. Бірі мәдениетпен үндестікте болу үшін барады. Не десек те бұл ғажап руханият үйінің тұтас адамзаттың өркениетті қоғамға қадам басуындағы рөлі орасан. Әйгілі қаламгер Борхестің: «Әркім жұмақты әртүрлі елестетеді, маған ол әу бастан кітапхана бейнесінде елестейді», дегені де осындай ойдан туындаса керек.Осы орайда кітапхана қызметкерлерінің де еселі еңбегін айта кеткен жөн.

Кітапханашы бүгінде тек оқырманға кітап беріп қана отыратын мамандық емес. Оқырманды кітапқа ынталандыру мақсатында көптеген маңызды жұмыстарды атқарады. Ол - кітапхананың бай қорын сақтаушы, насихаттаушы. Бүгін 24 қазанда еліміз  "Кітапханашылар күні" кәсіби мерекесін атап өтіп жатыр. Осы ретте атаулы мереке қарсаңында күні кеше ғана Президентіміздің жарлығымен "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағымен марапатталған Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Ғазиза Құдайбергенованы  әңгімеге тартып, кітапхана әлемі, оқырман жайлы, кітапханашылар жағдайы төңірегінде білмек болдық.

El.kz: Ғазиза ханым, кешегі марапатыңызбен құттықтай отырып  алғашқы сұрағымызды өзіңіз басқарып отырған Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының жұмысынан бастасақ. Қандай тың жобалар қолға алынды? Осы жылы қандай шаралар ұйымдастырылды?  

 Ғазиза Құдайбергенқызы: Көп рақмет. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы – 2004 жылдың 23 сәуіріндегі ҚР Үкіметінің № 461 Қаулысымен құрылды. Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы еліміздегі кітапхана әлемінде жоғары білікті қызметкерлері және халықаралық атағы бар, қорды дәріптеуді зерттеу, толықтыру және сақтауды жүзеге асыратын ірі ақпараттық-анықтамалық, ғылыми-өлкетанулық, мәдени-ағартушылық орталықтардың бірі. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық академиялық кітапхана оқырмандарының саны тұрақты және виртуалды оқырмандарды қосқанда 43 пайызға артты. 

Оқырман санының артуының бір себебі - кітапхана қорын цифрландыру бағытындағы белсенді жұмыс. Ұлттық академиялық кітапхананың KazNEB ақпараттық порталына әлемнің 110 елінен 800 000-ға жуық қолданушы пайдаланады.

2022 жылдан бері  Үкімет «Кітапханашылар күні» жаңа кәсіби мерекесін бекітті. Кітапханашылар күні  мерекесіне орай республикалық «ЖАС КІТАПХАНАШЫлар лабораториясы тұрақты өтіп келеді. Мақсаты осы мамандықтың мәртебесін көтеріп, жас кітапханашыларға қолдау жасау.  . 

«KitapTime» республикалық кітап фестивалі биыл дәстүрлі үшінші рет ұйымдастырылды.  Кітап оқуды кеңінен насихаттайды, интеллектуалды жастарды ынталандырып, мәдени құндылықтарымызды халыққа жеткізуді мақсат етеді.

24 қазан- Кітапханашылар күніне орай  13 қыркүйек күні Музыкалық жас көрермен театры тұңғыш  рет «Кітапханашы күнделігі» атты моно-қойылым сахналады.. Туынды менің күнделігімнің желісімен жазылды. Мұнда  ақыл-ойдың тамыршысы - кітапқа деген құрметті арттыруды  мақсат еттік. Жазбамды сахнаға дайындаған  Музыкалық жас көрермен театрының директоры, қоюшы-режиссер –Асхат Маемиров болды.

Қойылым аясында  «Кітапханашының күнделігі» атты кітабым да оқырманға ұсынылды.

El.kz: Ауыл кітапханаларының жай-күйі қалай? Жаңа кітаптармен толығуы, ауыл кітапханашыларының жағдайы көңіліңізден шыға ма?  

Ғазиза Құдайбергенқызы: Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева шалғайдағы ауыл кітапханаларына соңғы шыққан жаңа кітаптарды жеткізіп, өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Ауыл кітапханаларына 100 кітап» атты акция бастаған еді.

Акция мақсаты - шалғайдағы ауыл кітапханаларына соңғы шыққан жаңа туындыларды жеткізіп, өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру.  Осы акцияны қолдауда біздің кітапхана да белсенділік танытуда.

El.kz: Ұлттық академиялық кітапханадағы айрықша құнды кітаптар мен қолжазбалар қатары молаю үстінде ме? Қандай мысалдар келтірер едіңіз?  

Ғазиза Құдайбергенқызы: Ұлттық академиялық кітапхана тек жаңа сандық форматпен жабдықталған кітапхана емес, сондай-ақ, аталған мекеме сирек кітаптар қорымен де мақтана алады. Себебі, мұнда әлем бойынша ең озық ондыққа кіретін кітап музейі бар.

Өткен ғасырлардан сыр шертетін кітап мұражайынан жазба әдебиетіміздің, мәдениетіміздің, сонымен қатар,  Ислам өркениеті және XIX-XX ғасырда жарық көрген кітаптарды кездестіре аласыз. Сирек қор – біздің байлығымыз. Жұрттың Азия кітапханаларына қызығатын себебі неде? Өйткені оларда өте сирек кездесетін жауһарлар бар. Сон­дай баға жетпес құндылық бізде де бар. Онда біздің өткен тарихымыз жатыр. Мысалы, сирек кітаптар қорының жетекшісі Д.Дәуренбекова 4 мыңға жуық кітап пен құжаттан тұратын «1929-1940-жылдары жарық көрген латын қарпіндегі мерзімді қазақ басылымдары» безендірілген ретроспективті библиографиялық көрсеткішті әзірлеп ұсынды. QR арқылы оқи бересіз.  Жүз жыл бұрын жарық көрген балалар әдебиеті сақтаулы тұр. Осы аптаның басында Алматы қаласында Ұлттық академиялық кітапхана, «Ғылым ордасы», Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты, Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің Еуразия ғылымизерттеу институты арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Осы меморандум аясында жоғарыда атал­ған мекемелерде сақталған сирек кітаптар Ұлтттық академиялық кітапханасының http://kazneb.kz/ порталына енгізілетін болады. Мысалы «Ғылым ордасында» 100 мыңға жуық сирек қор бар.

El.kz: Кітапханашы кәсібінің оң имиджін орнықтыру үшін не істеу қажет жеп ойлайсыз?  

Ғазиза Құдайбергенқызы: Кітапханашы жұмыс барысында адамдармен коммуникация құрғаннан кейін психолог рөлін қоса атқарады. Кітапханаға әртүрлі деңгейдегі оқырман келетінін ескерсек, кітапханашы баламен бала, данамен дана болып сөйлеседі. Сондықтан осынау құрметті мамандық иелерінің орасан еңбегі өз деңгейіне лайық бағалануы қажет. Кітапханашының абыройы барлық мамандықпен қатар тұрғаны жөн. Онымен қоса, кітапханашыға төленетін айлық жалақы көлемі де еңбегіне сай белгіленуге тиіс. Мен бұл мәселені әрқашан көтеремін, осы күнге дейін де айтып келгенмін және айта беремін. Ал неліктен кітапханашылар назардан тыс қалып жатады деп сұрасаңыз, бұл қоғамға қояр сауал шығар...

El.kz: Кітапхана тақырыбында шет елдерде өтетін конгрестер мен форумдарға жиі баратын боларсыз?  Онда қандай мәселелер көтеріледі? Жалпы өзге елдердің кітапханаларымен салыстырып көрдіңіз бе? Жетістігіміз бен кемшілігіміз қандай екен?

Ғазиза Құдайбергенқызы: ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы халықаралық аренада жылдан жылға өз мәртебесі мен беделін биіктете түсуде және Еуразия кітапханалар ассоциациясы (БАЕ), IFLA Кітапханалық ассоциациялар мен мекемелердің халықаралық федерациясы, Түркітілдес мемлекеттері және туыстық қауымдастықтар Ұлттық кітапханалары одағының (TURKUBIR) мүшесі. 

2023 жылдан бастап қазіргі заманғы шетелдік жазушылар мен ақындарды кітапханаға олардың шығармашылығымен танысу үшін шақыру бойынша елшіліктермен бірлескен жоба белсенді іске асырылуда. Соңғы  жылдары кітапхана қызметкерлері халықаралық деңгейде шетелдерде өтетін курстарға қатысып,  тәжірибе жинақтауда. 

Соңғы он жылда оқырман кітапханаға оралды. Кітап оқу трендке айналды. Әлем бойынша кітапханалар өз функцияларына өзгеріс енгізді. Ғимараттың өзін модернизациядан өткізді. Оқырманның талапталғамы ескерілді. Біреуге классикалық үлгідегі, ал екінші біреуге америкалық open space түріндегі ашық алаңдар ұнайды. Коворкингті ұнататындар бар. Демек, бәрінің де көңілінен шығу керек. Сан қуалағанды жақтырмаймын, бірақ біздің кітапханаға келушілер саны былтырғыға қарағанда 40 пайызға өсті. Күніне жоқ дегенде 20-25 жаңа оқырман тіркеледі. Аптасына 100-125 оқырманның тіркелуі – өте жақсы көрсеткіш. Біздің кітапханамыз әу баста электронды кітапхана болып ашылған. Яғни, басында кітап жинайтын сөрелер қарастырылмаған. Кейін дәстүрлі түрде кітап жиналып, қазір екі бағытты да ұстап отырмыз. Жабылған кітапханалардан әкелінген, жеке авторлар ұсынған, кейінгі жылдарда мемлекеттік тапсырыспен шық­қан кітаптар есебінен қазір 1,5 миллионға жуық қорымыз бар.

El.kz: Тамаша! Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін алғыс білдіреміз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға