Жаңалықтар

Фотообъектив құпиясы

Фотожурналист Досжан Балабекұлымен сұқбат.
Фотообъектив құпиясы
Фото: Досжан Балабекұлы 10.06.2022 16:04 3722

Досжан Балабекұлы фотообъективінен шыққан дүниелер көптің көзін қуантып, талай адамға шабыт сыйлап жүргені рас. Бұл сұхбатта фотография өнерінің бірқатар жұмбағына үңілуге тырыстық... 

Фотообъектив құпиясы

– Досжан, фотоөнерге құмарлық қайдан басталды? Жалпы фото түсіруді үйренгісі келген адам ең алдымен не істеуі керек?

– Ауылда, мектепте оқып жүрген-ақ фотоөнерге қызығатынмын. Марқұм нағашы ағамның «Зенит» маркалы фотоаппараты болатын. Мықты техника дейтін. Бірақ, ешқандай сурет түсіріп, шығарып, көру мүмкін болмады. Істен шығып қалған кезі екен. Жәй ғана қолға ұстап, сығалап қарап, ауыл көшесінде қолға ұстап жүрудің өзі қызық болатын. Кейін анам Fujifilm, Kodak пленкалары салынатын фотоаппарат сатып алып берді. Қуанышымда шек болмады. Бар болғаны 36 кадр ғана түсіре аласың. Ол заман басқа еді. Түсірген суреттеріңді тек қалаға барып, шығарғанда ғана көресің. Мектепте өтетін біраз шараларды түсіретінмін. Алғашқы нанымды осыдан таптым ба деп ойлаймын. Фотоға түсіру мен үшін жұмыс емес, қызығушылық болса да, осы кәсіп белгілі дәрежеде ақша әкеле бастады. Кейін цифрлық фотоаппарат пайда болды. Ол фотографияның тағы бір кезеңіне айналды. Ондай техниканы да анам сатып алып берді. Енді барлығын экраннан көруге, өшіруге, үлкейтіп қарауға, бейнені жақындатуға болады, видео да түсіре аласың. Тек кәсіби фотоаппарат болып саналмайтын. Бірақ сол кездің өзінде Canon мен Nikon-ның мықты техникалары шығып жатқан уақыты. Ондай фотоаппаратты армандаудың өзіне жүрексінетінбіз.

Фотообъектив құпиясы

Оқушы кезімнен журналистикаға қатты қызықтым. Анам осы мамандыққа баулыды. Аудандық, облыстық, республикалық мерзімді басылымдарға мақалалар жазып, жазу машығын қалыптастыруымды қадағалап отыратын. Бұл үлкен тәжірибе мектебі еді. Өзім қатарлы, өзім секілді армандайтын, мақсат қоятын достар таптым. Олармен жарыса жазып, газет-журналдан түспеуге тырысатынбыз. Мақалаларым көбірек жарияланып тұрды. Қазір олай жазбайтын шығармын. Үйде сол жылдардағы газеттердің қалың үйінділері үй кітапханасының бір бөлігін алып тұр. Сарғайып, архивтердегі материалдардай көрінеді. Не дегенмен, бұл балалық арманның құлшынысы, бастамасы еді. Десек те, арасында фотоэтюдтер түсіруді де қолға алып жүрдім. Бірақ басылымдарда мақалаң жарияланғанымен, суреттеріңнің басылуы өте қиын болатын. Тек Жамбыл облыстық «Ақ жол» газеті ең алғаш болып бірнеше суреттерді жариялады. Марқұм журналист Лесбек Сайлаубековтің «Хаттар, хаттар» айдарының ішіне осылай еніп кеттік. Жақсы кісі еді, «фотоаппаратты да, қаламды да тастама» дейтін. Кейінірек Жамбыл облыстық «Алтын шырақ» балалар журналында тағы бірнеше фотосурет топтамам жарық көрді. Басылымда басшылықта болған журналист-жазушы, драматург Елен Әлімжан ағамызға әлі күнге ризамын. Журналдың мұқабасына, кейде соңғы беттеріне суреттерімді жариялап отырды. Республикалық «Ұлан» газетінде Есей Жеңісұлы бір мақаламды өзім түсірген суретіммен қоса жарқыратып шығарып берді. Бұл  қуанышымды сөзбен жеткізе алмаймын.

Фотообъектив құпиясы

Шабытты кейде фотографиядан, енді кейде қаламнан іздеймін. Екеуін бөліп-жарып қарай алмаймын. Екеуі де мен үшін егіз ұғым, егіз сала іспетті.

Осы салада ары қарай жетіле түсуіме қазақ фотоөнерінде елеулі қолтаңбасы бар, «Фотоөнер» ҚБ төрағасы Асылхан Әбдірайымұлы ағамыздың еңбегін ерекше айтқым келеді. Асылхан аға бізге фотографияның кәсіби шеберлігімен шынықтырған майталман ұстаз. Тәжірибені де, теориясын да  қатар білетін маманнан дәріс алудың өзі бақыт. Алғаш кәсіби фотоаппаратпен жұмыс істеуді осы ағамыз арқылы үйрендік.

Фотообъектив құпиясы

Фотография жеке бір ғылым. Оның өзіне тән заңдылықтары, ережелері, қағидалары бар. Соны меңгеру керек. Адамда табиғи талант болғанмен, оны шыңдау үшін, мықты ұстазы, үйретушісі немесе үлгі алатын тұлғалары болғаны жөн. Фотографияны үйренгісі келетін адам, ең бірінші дүниеге фотографияның көзқарасымен қаруы керек. Адамда сәл ғана ұшқын болса, онда оны меңгеріп алу, ешқандай қиындық тудырмайды. Бұл тек фотографияға ғана қаратып айтылмаған ой.

– Көп саяхаттайсың. Әсіресе қала мен даланың көз тартарлықтай пейзажын көп суретке түсіресің. Құпия болмаса тау мен тас, қала мен дала аралауға қанша уақытың кетеді?

         – Фотоөнер саласында ең ұнайтын жанр – пейзаж түсіру. Әр жанрдың өзіне тән қиындықтары мен ләззаты бар. Табиғатты суретке түсірудің жөні бір бөлек. Жанға жақын жанр. Қазақстанның бірнеше аймағында түсірілімдерде болдым. Әрине, Алматы облысын көп шарладым. «Жер жәннаты» деп бекер айтылмаған өлке ғой. Бір облыстың ішінде өзен-тоғай, орман, шөл, дала, тау, жазық, сор, сортаң және шатқалдар бар. Алуан ландшафтты кездестіресің. Әрқайсысы жеке-жеке тақырып, бір-бір альбом боларлық дүние. Бірақ, оның бәріне барып үлгермейсің. Жұмыстан бастап, әр түрлі факторлар әсер етеді. Бастысы, қол босап, ыңғайы келген сәтте, бір Алматының өзінен қаншама әдемі сәттерді түсіріп алуға болады.

Алматы мен үшін үнемі таңқаларлық көріністерге ие, сұлу, әсем қала. Өйткені, оның басты ерекшелігі асқар Алатауында. Қала табиғатпен бірге үйлесіп кеткен. Қала тақырыбындағы әңгіме өте ауқымды болып кететіндіктен, осы жерден тоқататуға тура келіп тұр.

Фотообъектив құпиясы

Осындай ғажайып мекендерге саяхаттап, суреттер түсіріп жүргеніме шамамен 10 жылға жуық уақыт болды. Кейбір көріністер, жылдап қайталанбайтын сәттер болады. Жақсы кадр алу үшін әдемі ракурстарды, жер бедерлерін, күннің түсу жарығын, бұлттардың жылжуын күтіп жатасың. Таулы жерлерде бұлт өте жылдам қозғалады. Кейде ауыр қара бұлттар бүкіл көңіл-күйді басып алады. Төңіректі толық жауып тастайды. Ал сен ол жерге санаулы күнге ғана келіп тұрсың. Амалсыз тағы бір қайта айналып келуге тура келетін сәттер болады. Табиғат үнемі күттіре алатынымен де қызық. Кейде сапардан өзің жоспарламаған суреттерді де түсіріп аласың.

Табиғатты түсіретін фотоөнер адамы, ең бірінші, ерте тұрып, кеш жатуы керек. Өйткені ең әдемі сәттер таң атқанда, күн батып, ымырт жапқанда, түнде жұлдызды аспаның сұлулығын көрсеткенде туады. Бұл фотографияның алтын уақыты. Сондықтан, ұйқыны ұмытуға тура келеді. Көктем басталғанда уақыт өте тапшы болуы мүмкін. Өйткені, жер-жерде тіршілік оянып, әр жердің өзіндік климатына орай флорасы мен фаунасын түсіру керек болады. Бір жерде жауқазындар, екінші жерде итқызғалдақтар гүлдеп жатады. Барлығы бір уақытта, әр түрлі кеңістіктегі сұлулық. Оған ауа райының жағдайын қосыңыз. Соның бәрін ескеру керек. Өзің ауа райын бақылап, жергілікті жердің табиғатын түсініп отыруың қажет. Мұның бәрі ескерілген жағдайда, жақсы сапар, жақсы түсірілімдерге қол жеткізесің. Соған сай жолдорбаңда табиғаттың кез келген жағдайына дайын болатын құрал-жабдықтарың да қоса болғаны жөн. Өйткені айдалада, тұмса табиғат аясында ешкімнен көмек сұрау да мүмкін емес. Табиғат түсірілімдері сонысымен де қызық, сонысымен де ауыр.

– Дала гүлдерінің, өсімдіктердің атын атап, түсін түстеп, суретке тартып, әлеуметтік желілерге салып отырасың. Бұл білімді қайдан игердің?

– Мектепте жоғары сыныпқа көшкенде, анам биология пәнінен сабақ берді. Біздің отбасында барлығы биологтар. Әжем де, марқұм атам да биолог. Сондықтан, арасында менің де тұмса табиғатқа қызығып, жаратылыс сырларына үңіліп кететінім бар. Өсімдіктер әлемі қызықтыратын. Анамнан ақыл-кеңес сұрап, «Жас биолог» үйірмесінің негізінде «жергілікті жердің өсімдіктері» атты ғылыми жобамды қорғадым. Ауыл маңында өсетін өсімдіктерді зерттеуге тырыстым. Қателеспесм, 60-қа жуық өсімдікті анықтап, зерделеп, оны топтастырып, шағын журнал етіп шығардым. Гүлдердің атауы, ерекшеліктері, пайдалы қасиеттерін тізбеледік. Кейінірек, университетке оқуға түсіп, журналистикаға жол түскен де осы қызығушылықты тастаған емеспін. Өйткені, табиғат аясына түсірілімдерге шыққанда алуан түрлі өсімдікті көресің. Олардың атауы қандай, не өсімдік деген сұрақтар туындап отыратын. Ал оны әлеуметтік желіге сурет ретінде бөлісейің десең, атауын да жаза отыруың керек қой. Сондықтан, анамнан сұрап, кейде өзім жинаған ботаникалық кітаптарды, фотоальбомдарды ақтарып отырып, олардың атауларын ғана емес, жалпы ерекшеліктерін біліп, өсімдіктерді тануға және танытуға ұмтыламын. Өздеріңіз білесіздер, әлеуметтік желіде танымдық дүниелерді, танымдық суреттерді көп бөлісе бермейді. Ал мен желіде де пайдалы ақпаратты бөліскім келеді.

Фотообъектив құпиясы

– Фотограф болғысы келетін жастар қандай білімді игеруі керек?

– Фотоөнеріне кез-келген салада жүріп, қосылуға болады. Бастысы қызығу. Мәселен, менің мамандығым баспа ісі, журналистика және философия. Үш түрлі мамандықта оқыдым. Үшеуінде де қызмет істеуге тырысамын. Қазіргі уақытта әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, философия кафедрасында семинар жүргіземін. Әрине, фотография бұл салалардың біреуімен ұштасады, біреуімен байланыспайды. Бірақ, адамға білім артық етпейді, үнемі дамытып отырған жөн. Мүмкіндік болса, постдоктрантураны да оқып, тағы бір мамандықты көрсем деймін.

Білімді қазір интернеттің көмегімен де меңгеруге болады. Дайын, ашық платформалар өте көп. Онлайн курстар да баршылық. Іздегенге мүмкіндік өте көп.

Тағы бір айта кетерлігі – фотограф деген бір бөлек, фотожурналист, фоторепортёр, фотопублицист, фотосуретші мамандары да жеке дара. Біздегі жалпы халықтық тар түсінікте фотограф деген бір ғана маман бар. Шындығында бәрі фотограф емес, бәрі фотожурналист емес. Әр адамның жұмысына, қызығушылығы мен мақсат-бағдарына қарай кәсіби шеберлік әр қызметте фотогарфиялық жұмыстарын көрсетеді.  Бастысы жастар, осының қай саласында қызмет еткісі келеді, оны өзі таңдап, сол саладағы мықты ұстаздардан, я интернеттен білім игере алады. Табиғат тақырыбы бойынша ізденгісі келіп жүргендер болса National Geographic журналы фотосуретшілерінің жұмыстарына қарауға болады. Қазір дрон-фотографиясы да қосылды. Ол да қызғылықты сала.

– Болашақта жеке фотостудия ашу, альбом шығару жоспары бар ма? Ол үшін не істеу керек?

– Әзірге фотостудия ашу жоспарымда жоқ. Бірақ, фотоальбом шығаруды қолға алғанмын. Дайын тұр деуге болады. Демеуші табылмады, іздеу үстіндемін. Өйткені, фотоальбом толық түрлі түсті және қалың қағазда шығарылатындықтан, оған көп қаражат жұмсалады. Әзірге Алматы және Жетісу облыстарының табиғатын қамитиын туынды дайын. Қолдап, шығаруға демеушілік танытатын жандар болса, ұсыныстар күтемін. Бастысы еңбек керек. Үнемі ізденіс қажет.

Фотообъектив құпиясы

– Жеке өзіңе портреттік суреттер түсірген ұнай ма, пейзаж ұнай ма? Неге?

– «Порттерттік суреттер неге түсірмейсіз?», – деп сұрақ қоятындар бар. Иә, адам табиғат түсіріп, келбетін, бейнесін аша білу үлкен өнер. Оған сай іздену тағы бір бөлек дүние. Пейзаж жанрын жақсы көремін. Пейзаж түсіріп жүріп, басқа жанрды араластырып, қатар алып жүре алмайсың. Оған себеп – уақыт тапшы. Таудың тұманнан ашылғаның, көлдің бетіне жарық түскенің, найзағайдың жарқылын күтіп жүргенде, портрет түсіретін уақытты қайдан табамын? Екеуі екі бөлек әлем. Портреттік суреттерге кейінірек араласып қалармын.

– Әңгімеңе рақмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға