Финляндия бойдақ шетелдіктерге тегін саяхат ұсынды: қатысу үшін не істеу керек?

Финляндия бойдақ шетелдіктерге тегін саяхат ұсынды: қатысу үшін не істеу керек?
Фото: tutu.ru

Шетел азаматтары Финляндияға төрт күндік тегін саяхатқа жолдама ұтып алып, елдің мәдениетімен танысып, ұлттық тағамдарынан дәм тата алады.

Сондай-ақ жергілікті тұрғындармен бірге ерекше форматтағы кешкі асқа қатысу мүмкіндігі бар. Бүгін біз бұл бағдарламаға кімдер қатыса алатынын және өтінімді қалай жіберу керектігіне сарап жасап көрдік.

Саяхат туралы не белгілі?

Finnish Dinner Date бағдарламасын Финляндияның туризмін ілгерілетумен айналысатын Visit Finland агенттігі іске қосты. Ұйымдастырушылар 2027 жылғы ақпанда әлемнің әр елінен 16 бойдақ адамды Финляндияға шақыруды жоспарлап отыр.

Саяхат 9-19 ақпан аралығында өтеді. Қатысушылар екі топқа бөлінеді: бір тобы Хельсинкиге, екіншісі Финляндияның көлдер өлкесінде орналасқан Тампере қаласына барады. Қатысушының қай қалаға баратыны бағдарламаға қабылданғаны расталғаннан кейін белгілі болады.

Бағдарлама аясында шетелдіктер фин мәдениетімен танысып, ұлттық тағамдарынан дәм татады. Сондай-ақ жергілікті тұрғындармен бірге кешкі ас ұйымдастырылады. Бір дастарқан басына сегіз шетелдік саяхатшы мен басы бос екі фин азаматы жиналады.

Хельсинкидегі кешкі ас мәзірін Savoy кафесінің аспазы Адель Киннунен әзірлейді. Ал Тампереде тағам дайындауға Bocuse d'Or халықаралық аспаздық байқауында Финляндия атынан өнер көрсеткен Генри Тикканен жауапты болады.

Ұйымдастырушылар қатысушылардың негізгі шығындарын өз мойнына алады. Олардың қатарында әуе билеттері, тұратын орын, тамақтану және бағдарламада жоспарланған іс-шараларға қатысу ақысы бар.

Бағдарламаға кімдер қатыса алады?

Өтінімді Финляндиядан тыс жерде тұратын, жасы 18-ден асқан және қазіргі уақытта жұбы жоқ адамдар бере алады.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от VisitFinland (@ourfinland)

Ол үшін ағылшын тілінде видео түсіріп, «Кешкі кездесуге қандай тағам әзірлер едіңіз және не себепті?» деген сұраққа жауап беру қажет.

Дайын видеоны Instagram, TikTok немесе YouTube желісіне #FinnishDinnerDate хештегімен жариялап, Visit Finland-ның ресми аккаунтын белгілеу керек. Одан кейін FinnishDinnerDate.com сайтындағы өтінім формасын толтырып, видеоның сілтемесін тіркеу қажет.

Instagram және TikTok аккаунттары ашық болуы тиіс. Егер қатысушы видеосын көпшілікке жариялағысы келмесе, оны YouTube желісіне сілтеме арқылы ғана көруге болатындай етіп жүктей алады. Содан кейін сол сілтемені ұйымдастырушыларға жіберуі қажет.

Байқау нәтижесі қашан жарияланады?

Өтінім қабылдау 2026 жылғы 10 қарашада Финляндия уақытымен сағат 11:59-да (Астана уақытымен 14:59-да) аяқталады.

Іріктеуден өткен 16 қатысушының есімі 1 желтоқсанда Visit Finland-ның Instagram және TikTok желілеріндегі ресми парақшаларында жарияланады.

Айта кетейік, цифрлық көшпенділерге де осындай мүмкіндік ұсынатын бастама бар. Arctic Digital Nomads бағдарламасы қашықтан жұмыс істейтін адамдарға Норвегия, Исландия және Фарер аралдарындағы шағын елді мекендерде бір айдан үш айға дейін тұруға мүмкіндік береді. Қатысушылар солтүстік табиғатын тамашалап қана қоймай, баспана ақысын төлемей тұра алады.

Сонымен қатар Оңтүстік Корея да туристерге ерекше мүмкіндік ұсынатыны туралы жазғанбыз. 

Оқи отырыңыз