Филиппиннен келген халықаралық бақылаушы Замора Ма. Вина Талеон №128 сайлау учаскесіндегі дауыс беру барысына оң бағасын берді.
Ол сайлау үдерісінің ретімен ұйымдастырылғанын және барлық азаматқа қажетті жағдай жасалғанын атап өтті.
Бүгін ауа райы құбылып тұр. Соған қарамастан, теміржол вокзалындағы сайлау учаскесінде дауыс беру тыныш әрі қалыпты өтіп жатыр. Біздің байқауымызша, мұнда барлығы ретімен ұйымдастырылған, жүйе жақсы жолға қойылған, – деді халықаралық бақылаушы.
Оның айтуынша, сайлау учаскесінде мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруіне ерекше көңіл бөлінген.
Ең бастысы – дауыс беру барлық сайлаушыға, оның ішінде мүгедектігі бар азаматтарға да қолжетімді. Олар үшін жасалған жағдай бізді таңғалдырды. Мәселен, көру қабілеті бұзылған азаматтарға арналған Брайль қарпіндегі материалдар және саяси партиялардың бағдарламаларын тыңдауға мүмкіндік беретін арнайы құрылғылар бар, – деді Замора Ма. Вина Талеон.
Бақылаушы таңертеңнен бастап сайлау учаскесіне келушілердің белсенділігі байқалғанын да жеткізді.
Таңертеңнен дауыс беруге келген сайлаушыларды, оның ішінде теміржол қызметкерлерін де көрдік. Олар осы тарихи сәттің бір бөлігі болу үшін ерте келіп, өз таңдауын жасап жатыр. Менің ойымша, бұл – Қазақстан үшін аса маңызды әрі тарихи оқиға. Өйткені елде Құрылтай деп аталатын бір палаталы Парламент құрылып жатыр. Қазақстанды осы айтулы оқиғамен құттықтаймын! – деді филиппиндік бақылаушы.