ФИФА президенттігіне үміткер: Франция футбол федерациясының басшысы сайлауға түспек

ФИФА президенттігіне үміткер: Франция футбол федерациясының басшысы сайлауға түспек
Фото: THX

Еуропалық футбол қауымдастықтарының одағы (УЕФА) 2027 жылы ФИФА президенттігіне өтетін сайлауға үміткерін анықтады.

Еуропалық ұйым Франция футбол федерациясының (FFF) президенті Филипп Диаллоның кандидатурасын ұсынды.

УЕФА бұған қатысты арнайы мәлімдеме жасап, Диаллоның ФИФА басшысы қызметіне үміткер болатынын жариялады. 16 қарашада УЕФА президенті Александер Чефериннің төрағалығымен өткен жиында ұлттық футбол қауымдастықтары француз маманына бірауыздан қолдау білдірген.

16 қарашада УЕФА президенті Александер Чефериннің төрағалығымен өткен жиында ұлттық қауымдастықтар Филипп Диаллоға 2027 жылғы наурызда өтетін ФИФА президентінің сайлауына өз кандидатурасын ұсынуды өтініп, оған жан-жақты қолдау көрсетуге уәде берді. Оның футбол құрылымының барлық деңгейінде мол тәжірибесі бар. Францияның кәсіби футбол клубтарының мүддесін қорғайтын ұйымды басқарған, кәсіби лиганың басшылығында болған және ФИФА-ның дауларды шешумен айналысатын құрылымдарында жұмыс істеген, – делінген УЕФА мәлімдемесінде.

Филипп Диалло үш жыл бұрын Франция футбол федерациясының президенті болып сайланып, УЕФА Атқарушы комитетінің мүшесі атанған.

УЕФА әлемдік футболдағы бірлік пен сенімді қалпына келтіруге шақырды

Еуропалық футбол қауымдастықтары ФИФА-ның даму бағытына қатысты алаңдаушылық білдіріп, әлемдік футбол қоғамдастығында бірлік пен сенімді қайта нығайту қажеттігін атап өтті.

ФИФА-ның даму бағытына қатысты елеулі алаңдаушылық аясында ұлттық қауымдастықтар әлемдік футбол қоғамдастығындағы бірлік пен сенімді қалпына келтіруге шақырды. Сондай-ақ олар ФИФА футболды әлемнің барлық аймағында дамытуды басты мақсат етуі, басқару ісінде ең жоғары стандарттарды ұстануы және өзіне мүше қауымдастықтармен, конфедерациялармен әрі футбол саласындағы басқа да мүдделі тараптармен тығыз әріптестік орнатуы қажет екенін мәлімдеді, – делінген ұйымның ресми хабарламасында.

УЕФА мүшелері Филипп Диаллоға толық сенім білдіріп, оның осы мақсаттарды жүзеге асыруға қажетті көшбасшылық қасиеттері бар деп есептейді.

63 жастағы Франция футбол федерациясының басшысы еуропалық ұйымның ұсынысын қабылдаған. Енді оның кандидатурасы FFF отырысында ресми түрде бекітілуі тиіс.

Оқи отырыңыз