Жаңалықтар

Ежелгі қазақтар ауа райы мен табиғат апатын қалай болжаған?

Ежелгі қазақтар ауа райы мен табиғат апатын қалай болжаған?
Фото: жеке мұрағат 27.05.2024 16:00 1483

2024 ауа райы жөнінен ерекше жыл ретінде есте қалайын деп тұр. Қыс қатты болды. Енді бірер күнде жаз да келеді деп отырғанда, тіпті мына мамырдың аяғы қыс мезгіліндей суып кетті. Солтүстікті былай қойғанда, оңтүстігіміздің өзінде қар жауып, таң-тамаша күйде отырмыз. Ал көктем шыға қызыл су қаптап, елдің есін алғаны көз алдымызда. Бұл бізде ғана емес, жат жұртта да болып жатыр. Тасқынмен әлі де алысып жатқан өңірлер бар.

Мұндай кезде байырғы ата-бабаларымыз қандай амал жасады? Олар ауа райын, табиғат апатын болжап біле алды ма? El.kz осы секілді сұрақтар төңірегінде белгілі этнограф, фольклоршы Болат Бопайұлымен сұхбат құрды.      

El.kz: Бір сөзіңізде «Қазақ – астролог халық» депсіз. Бұны неге сүйеніп айттыңыз?

Болат Бопайұлы: Қазақ халқы ескі ғасырларда ұлан-асыр ұлы даланы мекен етті. Онда мал, егін, құс, балық шарауашылығымен шұғылданып, көшпелі өмір өткізді. Сол замандарда қазақта қыстау, жайлау, көктеу, төлдеу, отар деген сынды көп қоныс -жұрттары болды. Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі тәбиғат, жаратылыс дүниесіндегі ауа райымен, жердегі мал жайылымдарымен тікелей қатысты болды. Ол замандарда ауа райын бүгінгідей зерттеп, алдын ала ұқтырып отыратын электронды заманауи апараттық құралдар болмады. Сондықтан халық арасында арнайы аспан жұлдыздарының орын алмасуына қарап, ай қабағы мен күн дидарының құбылуына бағып әр күнгі, әр аптадағы, әр айдағы, әр жылдағы ауа райының өзгерісін бақылап, қай уақытта жауын-шашын болады, қай кезде қалың қапсағай қар жауып, боран соғып, қатты күн суытып, сақылдаған сары аяз келетінін біліп, оны малшы қауымға күн ілгері мәлімдеп, болатын алапаттардан сақтануға шақырып отырды. Сол білімнің негізінде малшылар қауымы алдында жайылып жүрген қазынасы болған малын апатқа ұшыратып алмай, байлықтарын балқытып, көңілдерін шалқытып ұстай білді.

Қазақтың ұлан-асыр ұлы даласында өскен кез келген қазақ астролог деп айта аламыз. Олар ұшқан құсқа, атқан таңға, батқан күнге, аққан суға, ауған бұлтқа, жымыңдаған жұлдылға, қорадағы малға, жердегі жыбырлаған жәндікке, өскен шөпке, ұлыған итке, шақырған қоразға, жел бағытына .т.б. Толып жатқан белгі бейнеге қарап ауа райын, су тасқынын, өрт апатын, қуаңшылық апатын, зілзала боларын қанық және анық біліп отырған. Мұндай төл тәжірибелер күнделікті отбасында, ошақ қасында, дастанда ұрпақтарына күнде-күнде айтылып отырғандықтан қазақтың құйма құлақ жас балалары оны қалт жібермей қағып алып, ақыл қалтасына салып алып, өзінің төл біліміне айналдырып алған. Менің кез келген қазақ астролог деп айтқаным содан болар.

El.kz: Демек, мал баққан, жер емген ата-бабаларымыздың көктен, яғни аспаннан да алары болған тәрізді...

Болат Бопайұлы: Мен «Қазақ астрономиясы» деген үлкен кітап жазғам. Бұл сұраққа сол кітаптан толық жауап табылады. Десе де бір үзік сыр айта кетейін.

Көк асты, жер бетінде өмір сүрген халықтың аспан жұлдыздарын тануы – тіптен таңғаларлық жайт. Жеті қарақшы, темірқазық, таңшолпан, кіші шолпан, болпан, қызыл жұлдыз, сары жұлдыз, таразы, сүмбіле, есекқырған, тана жұлдыз, босағалық, сартан, зауза, жәди және тағы басқа жұлдыздардың бәрін қазақ халқының көбі, тіпті бәрі біледі. Міне, осы жұлдыздардың атын ғана емес, олардың тәулік бойы және маусымдық орын алмасуы мен аспан қазанының қай мезгілде қай бағытынан көрінетін орын алмасу қозғалысын да жақсы меңгерген. Соған бағып шаруашылығын бейімдеп, көтеуге қай уақытта көшу, қыстауға қай уақытта қону, малды қай уақытта қырқу, қошқар - текеден қай уақытта күйек алу сынды толып жатқан тұрмыс-тіршілікке байланысты іс-шараларды сол аспан жұлдыздарының қызметіне қарап, бәрі-бәрін орнымен, жөн-жосығымен, тәртібімен атқарып отырған. Бұл қазақ халқының дана дала білімдері, төл тәжірибелері деуге болады.

El.kz: Ежелгі қазақтар жер сілкінісі, су тасқыны сияқты табиғат апаттарын нақты қалай болжаған?   

Болат Бопайұлы: Қазақ халқы зілзала, топан су, қызыл су, тасқын су, өрт, қара құйынды боран, қалың қар, қуаңшылық сынды тілсіз жаулардың боларын бұрын болжап, ілгері біліп отырған.

Оған мысал көп. Оларды айтар болсақ, осындай апат болардан жарты жыл бұрын даланы мекен еткен бейуаз қоңыр аңдар қарақұйрық, бөкен, елік, құландар жер аударып басқа жаққа ауып кетеді. Төрт түлік малдың мінезі бұзылып, қыршаңқы болып жайылмай сілейіп тұрып алады. Түнде төбесі жабық қораға кірмей қашады. Ит көкке қарап ұлып тынымтаппай арлы-берлі жүгіреді. Мысық үйдің ішіндегі сырмақты тырмалап түтіп тастайды. Үйден безіп, сыртқа қарай қашады. Тынымсыз мияулап, қарадай мазасы кетеді. Тауық, қаз-үйректер қаңқылдап, ұясына қонақтамай қояды. Жер астын мекен ететін жәндіктер жер бетіне шығып жорта бастайды. Жыландар жер ауып көшеді. Құстар ұйысып ұшып, көктен көп саңғырықтар тастап белгі береді. Ауа райы кенет өзгеріп, күн не ысып, не суып, аяқ астынан жаңбыр не қар жауып, ұйытқи боран соғып, жер қызып, су не өрт апаттары, не тау көшкіні сияқты құбылыстар байқалады. Міне, осындай өзгеріс байқалғаннан бастап бір алапаттың боларын болжаған қазақ жұрт жаңалап, қара қостарын қауіпсіз жерлерге көшіріп тіге бастайды. Жалпы, хайуанаттардың бойына берілген сезгіштік қабілет қазіргі замандағы электронды бақылау құралдарынан әлденеше мың есе артық. Олар тірі организммен тікелей қабылдайды.

El.kz: Мұндай болжағыштық құмалақ ашу мен түс жоруда қолданылған ба?

Болат Бопайұлы: Қазақ халқы – түс жорудың да маманы. Түсті Алладан келген аян, анығын Алла біледі деп сенеді. Түсті көрушіден емес. Түс мәтінін жорушыдан деп ұйғарады. Ал құмалақшы, жауырыншылардың жөні болек, жолы бөлек. Ол – басқа тақырып.

El.kz: Биыл қыс қатты болды. Енді мамырдың аяғында қар жауып, күн суытып жатыр. Байырғы көзқараспен қарағанда мұндай күндерге не деп баға беруге болады?

Болат Бопайұлы: Өткен 2023 қоян жылы қыс қатты суық, қар қалың, қыс аязды өтті. 2024 жылы наурыздың 22 жұлдызы ұлу жылы кірді.  Өткен қоян жылының күз маусымы екі келіп, қарашаға дейін күн жылымық өтті. Сол кездегі телетілшілерге берген бір жауапта айтқан едім. Күз ұзаққа созылса, келер көктеп мамыр аяғына дейін салқын өтеді деп.

Мамырдың 19 - 27 дейін «Зауза» деген амал кіріп тұр. Осы күннің сууы содан. «Құралайдың салқыны» мамырдың соңынан маусымның 9-ына дейін болады. Ол кезде киіктер төлдеп, кие кезіне енеді. Киіктер кие кезіне енгенде де осындай салқындар болады. Киік аулауға тыйым салады. Оны атуды «Киіктің киесі ұрады» деп жаман ырымға санайды.

El.kz: Ал астрология тұрғысынан қарағанда мұндай табиғат құбылысына қандай әсерлер бар?

Болат Бопайұлы: Ұлу жылы ұлы жыл деп қарайды, жақсылыққа балайды, тоқшылыққа санайды. Ұлу – дымқыл жерде, көбінде су аймақта өзен , көл, теңізді жерде тіршілік ететін жәндік. Қазақ ұғымында ұлу жылы жаз жаңбырлы, күн салқын, шыбынсыз жайлы жаз болады, егін бітік өсіп, өнім көп алынады, шөп ұзарып өсіп, мал жайылымы шұрайлы болады, қыста қар қалың жауып, аязды күндер өтеді деп жорамал жасалған.

Жалпы алғанда қазақ халқы көрген түсін де,  бастаған ісін де, кірген жылын да жақсылыққа жорып, бейбіт уақыт тілеп отырады.

El.kz: Биыл елімізде ерекше су тасқыны жүріп өтті. Батыс өңірлер халқының әлі де сумен алысып жатқанын естіп отырмыз. Бағзы замандарда мұндай қауіп-қатерден қалай қорғанған екенбіз?

Болат Бопайұлы: Қазақ өзі қоныстанған құт мекенін  шығыс, батыс, оңтүстік, солтүстік деп  төртке бөліп, оны төрт маусым ауысуындағы ауа райы өзгерісіне де бөліп қарастырған. Таулы жер, жазық жер, ойпаң жер, дөңді жер деп жер бедеріне де зер салған. Соған байланысты қауіпті жер, қауіпсіз жер деген сынды жердің де киелі тұстарын таңдап қоныс тепкен. XV ғасырдағы Асан қайғының да жерұйықты таңдауы соған керемет мысал болады.

Қай өңірлерге қар қалың, жаңбыр көп жауады, қай өңірлерге қар жұқа, жаңбыр аз жауады? Қай өңірлерде өзен тасқыны көп жүреді? Табиғат апаттары неден болады? Осы сияқты жайттарды алдын ала болжап, халықтың тасқын су апатына ұшырамауы үшін ел бастаған ел ағалары, ел ішіндегі есепші мамандармен ақылдаса отырып қауіпсіз құтты қоныстарға үй тігіп, қоныс салып, мал мен бастың амандығын бірінші орынға қойған.

«Жар басына үй салма, жар құласа, үй кетер. Суағарға үй салма, су тасыса, күй кетер» деп ондай қауіпті жерлерге үй салмаған. Жұрт шығармаған.

«Сулы жер – нулы жер» деп шұрайлы қоныстардың да ең қауіпсіз жерлерін таңдап қонған.

Осы жолы еліміздің батысындағы су басып қалған ауылдардың көбі сондай тасқын жүретін ойпаңдау жерлер болса керек. «Апат айтып келмейді, қайтып келеді» деген дана сөз бар. Болашақта ата-баба тәжірибесіне сүйене отырып, қауіпсіз қоныстарды таңдау керек деп ойлаймын.

Батыс жақта қыс ұзақ, қар қалың, күн салқын, жаңбыр көп болатынын ескеру бәрінен маңызды. Онда да маңыздысы – халықтың бас амандығы. Қазақстанда жер жетеді. Ең таңдаулы әрі қауіпсіз қоныстарды таңдап құрылыс салған жөн. «Үйі бардың күйі бар, үйі жоқтың қандай күйі бар» демеуші ме еді?

Батыстағы халықтың баспанасынан айырылып қалуы оңай емес. Десе де үкімет көмек көрсетіп, ел болып жұмылып апат салдарын жоюмен айналысып жатыр. Ескі кетпей, жаңа келмейді. Қыс артында көктем бар. Орнында бар оңалыр деп сенеміз.

Ал ұлу жылғы көктем ұзаққа созылып, жаңа өзіңіз айтқандай, мамырдың соңына дейін салқын, тіпті суық болып өтті. Маусымның ортасынан ауған соң күн ысып, мамыражай жаз келеді. Анығын Алла біледі. Ел аман, жұрт тыныш, бейбіт заман болсын деп тілейміз.

El.kz: Жыл мезгілдеріне, табиғат құбылыстарына, айтып келмейтін апаттан қорғануға байланысты қазақтың қандай ырымдары, рәсімдері, дәстүрлері бар? Мысалы, өткен айда судың бетін қайтару үшін Жайықтың жағасында отырып, ұршықты теріс иірген әжейді көрдік...

Болат Бопайұлы: Ұлу жылы дүниеге келген адам ұлу жылы ұлу өлтірмейді. Басымдағы бағым қайтады деп ырым етеді. Мүшел жасқа толғанда ұлу бейнесінен жасалған алқа тағып жүреді. Сонда ғұмыр жасым ұзақ, денсаулығым жақсы болады деп ырым етеді.

Егер бұл жылы қатты құрғақшылық болса, ала жаздай жауын-шашын мөлшері аз не түк тамбай қойса, онда ауылдағы есепші не молда-қожалар бір бұлақтың басына барып, дүйім елді жиып, сиырдан бұқа, түйеден бура, жылқыдан айғыр, қойдан қошқар, ешкіден теке сынды малдың бірін құрбан етіп шалып, «Тасаттық беру» сынды ғұрпы бар.

Сондай-ақ қазақта басына күн туғанда , сол қиындықтан тез құтылу үшін жасайтын әр түрлі ырымдар болған. Әсіресе, осындай су тасқыны болып, ел мен жерді топан су басып, үй, мал-мүлкі зиянға ұшырап қатты қиындық көргенде, сондай апаттардың бетін қайтару үшін бағзы замандағы ата-бабалармыз бен ақ кимешекті аналарымыз тасып келе жатқан судың алдына отыра қалып, ұршығын теріс иірсе, су иірімі кері қайтады. Су алдына ақ тамызып, лаулаған от алып шықса, су басқа арнаға бұрыла ағады деп ырым жасаған...

Ал батыстағы апаның істеп отырғанына сол көнеден қалған ырымның қайталануы деп қараған жөн. Әрі айтсақ су тасқыны келіп елдің үрейін алған соң, кішкентай балалар қатты қорқып, өмірден суынып кетпеу үшін сондай ұршықты кері иіріп, балаларды алдаусыратқаны ғой. Оны көрген балалар апамыз суды қайтарып, бізді құтқарып жатыр деп жүректеріне сенім кіріп, үрейден құтылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға