Жаңалықтар

EXPO-2017: ТОП-20 павильон

Сіз көруге тиіс үздік павильондар
EXPO-2017: ТОП-20 павильон
Фото: Нұрбек Әлманбетов 04.07.2017 17:41 11015

El.kz редакциясы EXPO-2017 көрмесіндегі үздік 20 павильонды назарларыңызға ұсынады. Көш бастаған үздіктер тізімін қала қонақтары мен ЭКПО еріктілері ерекше атаған, сондай-ақ, келушілер жағынан алдыңғы орындарда тұрған павильондарды топтастырдық.

«Нұр Әлем»

Қазақстан павильонына келушілер көрсеткіші бәрінен жоғары тұр.

Тематикалық І павильон

«Болашақ энергиясы» төрт тақырыпқа бөлінеді. Олардың арасында «Энергия әлемі» мен «Өмірге қажетті энергия» тақырыптық бөлімдері  осы І павильонда орналасқан.

Тематикалық ІІ павильон

«Барлығына арналған энергия» және «Менің болашақ энергиям» атты тақырыптарға бөлінген павильонға келушілер саны жетерлік.

Оңтүстік Корея

Халықаралық көрме кезінде Оңтүстік Корея 250-ге жуық шара өткізбек. Сондай-ақ, аталған елдің көрмесі келушілер жағынан үздіктер қатарында.

АҚШ

АҚШ экспозициясы үш бөліктен тұрады: «Энергия кеңістігі», «Өмір энергиясы» және пост-шоу аймағы. Павильонның басты ерекшелігі – қонақтарды қазақ немесе орыс тілдерін меңгерген қырық америкалық студенттің қарсы алуы.

Австрия

Павильонның ерекшелігі – энергияны судан, жерден, күннен іздемей, адамның өзінен алуы. 

Германия

EXPO 2017 көрмесіндегі Германия павильоны болашақ қалаға көз тастауға мүмкіндік туғызады. Энергияны көбірек шығаратын «ақылды үйлер» секілді замануи энергия тұтынудың жолдарын көрсетеді.

Франция

Жасыл жобалар жетістігін осы павильоннан табасыз.

Монако

Павильон қонақтарды теңіз толқыны секілді қозғалатын интерактивті қабырғасымен, виртуалды шынайылық көзілдірігімен, 3D-картографиямен, сондай-ақ теңіз иісін сезіндіретін хош иіспен таң қалдырады.

Ұлыбритания

«Біз – Энергиямыз» деп аталатын павильонда қазақтың киіз үйінің сәулетімен жасалған шыны құрылым бар. Британдықтардың көрмесінен соңғы технологиялық және инновациялық жаңалықтармен таныса аласыз

Жапония

Замануи, әрі үздік технологиялармен жабдықталған Жапония көрмесінде уақытыңызды қызықты өткізеріңіз анық.

Тайланд

Павильоннан Таиланд патшалығының ерекшеліктері, маңызды орындары және тағы басқа аспектілерінің кішірейтілген нұсқасын көре аласыз. Сондай-ақ, мұнда тамаша мәдени іс-шаралар мен ойын-сауықтар жиі ұйымдастырылып тұрады.

Катар

Қонақтар аталған елдің павильонының сыртында суретке түсу үшін кезекке тұрады. Ал көрме Катардың мәдениетімен, тарихымен, қазіргі даму үрдісімен ақпараттандырады.

Қытай

ЭКСПО көрмесіндегі келушілер саны жағынан Қытай павильоны алдыңғы орындарға жайғасқан. Павильон дәстүрлі энергия ресурстарын өзгертумен, экологиялық ортаны жақсартумен байланысты жаңа идеялармен және жетістіктермен таныстырады.

Африка плазасы

Келушілердің қатары көп болғандықтан павильон үздік ондықта. Африка елінің мәдениеті, өнері, жарқын экспонаттары қонақтарды өзіне тартады.

Түркия

Павильонның ішіне кірсеңіз, теңіз үстімен жүргендей әсер аласыз. Мұнда су диірмені, жылу камералары секілді сізді қызықтыратын технологиялар бар.

Үндістан

«Жасыл» энергия, энергетикалық қауіпсіздікті жоғарылату және тағы басқа экспозициялар Үндістан павильонына бас сұғуға шақырады.

Өзбекстан

Сан түрлі өрнекпен көмкерілген кілемдер, дәмді тәттілерден құралған павильонға келетін қонақтар саны жетерлік. Сондай-ақ, павильонның басты ерекшелігі – күн сәулесі және электр қуатымен жүретін көліктер. 

Малайзия

Тірі табиғатты арқау еткен Малайзия павильонынан нағыз экзотикалық ормандарды көре аласыз.

«Шелл» павильоны

«Шелл» энергетикалық зертханасына келушілердің басым көпшілігі – балалар. Себебі, адамдар көптеп тамашалайтын нысандардың алдыңғы қатарында  «Шеллдегі» балалар зертханасы тұр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға