Жаңалықтар

Есірткісіз өмір – жарқын болашақ кепілі

Есірткіге тәуелді адамдардың жасы 18-35 жас аралығын құрайды.
Есірткісіз өмір – жарқын болашақ кепілі
30.06.2022 11:08 5989

Қазақстанда 18 мыңнан аса адам нашақорлық бойынша тіркеуде тұр. 1 маусымнан бастап елімізде «Қарасора – 2022» операциясы жүргізіліп жатыр, – деп хабарлайды El.kz.

Жыл басынан бері есірткіні сату және қолдану бойынша 1300 Қазақстан азаматы мен 67 шетелдік ұсталған. 150 әйел адам мен 22 кәмелетке жасына толмаған жеткіншек қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Осылайша, 10 жылда есірткіге тәуелді адамдардың саны 22 пайызға артқан.

– Осы жылдың 5 айында 1 мыңнан астам есірткі қылмысы анықталды, оның ішінде аса ірі көлемде есірткі сатудың 692 фактісі және есірткі сақтаудың 215 фактісі тіркелді. Нұр-Сұлтан қаласы мен Атырау облысының аумағында есірткі заттарын жеткізу және сатумен айналысқан екі ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді. 2 тоннадан астам түрлі есірткі, оның ішінде 1,2 тонна марихуана, 350 келі гашиш және 70 келі синтетикалық есірткі тәркіленді, – деді Қазақстан Республикасы ІІМ басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов.

Наркология және психотерапия орталығының тәжірибелі наркологы Тоқтар Қойшыбековтің айтуынша, нашақорлыққа тәуелді адамдар жасарып барады. Олардың жасы – 18-35 аралығында. Көбі жұмыссыз, отбасын құрмаған, орташа білімі бар азаматтар. Түрлі күйзеліске түсіп, кейін нашақорлыққа бет бұрғандардар жиі кездеседі екен екен.

– Есірткіге тәуелділіктің бастапқы кезінде тез арада ем алса, аурудан айығуға мүмкіндік бар. Нашақорлықтың екінші, үшінші сатысында емделу қиын. Тіпті өлімге әкелетін жайттар да кездеседі. Қазір синтетикалық есірткілерді қолданатындар көбейді. Адамдарды ақыл-есінен адастырып, ағзаға түрлі ауру туғызады. Себебі, есірткі сананы улап, психологиялық күйзеліске ұшыратады. Біз нашақорлықты емдесек те, адамда бейімділік қалады. Бірақ, емдеу курсы да ауруға сәйкес созылмалы түрде болады, – деді нарколог дәрігер Тоқтар Қойшыбеков.

«Есірткісіз болашақ» корпоративтік қорының атқарушы директоры Жандос Ақтаевтың айтуынша, әлеуметтік зерттеу негізінде әрбір бесінші жас есірткі қолданып көрген. Қордаланған мәселені шешу үшін, ел бойынша алдын алу жұмыстары тұрақты жүріп жатыр.

– Өкінішке қарай, есірткі сату маркетингі дамып жатыр. Бұл күрделі мәселе. Оны сату және сатып алу онлайн дүкен, сайт арқылы жүзеге асады. Осылайша есірткі сататындар тұтынушылар базасын ұлғайтуға тырысады. Мамандар олардың жолын кесу үшін, арнайы мониторинг жүргізеді. Біздің әр өңірдегі штаб қызметкерлері есірткі жарнамалайтын граффитилерді жою шарасын қолға алған. Жуырда «Esirtkisiz FEST» атты фестиваль өткіздік. Басты мақсат – жастардың зиянды әрекеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырамыз, – деді Жандос Ақтаев.

Айта кетейік, жыл басынан бері Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Қарағанды облыстарында 16 есірткі зертханасы жойылған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға