Жаңалықтар

Ерте жүктіліктің ертеңі күмәнді

Еліміздегі ең жас ана 6-сыныпты аяқтаған
Ерте жүктіліктің ертеңі күмәнді
06.08.2019 10:06 24701

Жақында «Павлодар полициясы 13 жасар қыздың жүктілігін зерттеуге кірісті» деген ақпарат барлық отандық баспасөздерде жарияланған еді. Онда анасы медициналық тексеруден кейін бірінші мүшелге енді толған қызының аяғы ауыр екенін біліп, полицияға хабар береді. Істің мән-жайы әлі анықталып жатыр.

Бұл секілді ақпараттар апталап шықпаса да, жиі-жиі баспасөз бетінде жарияланып отырады. Жалпы, еліміздегі ең жас ана 6-сыныпты аяқтап отыр.  Ал кәмелетке толмағандардың аборт жасатуы бойынша Қазақстан үздік ондықтан бір-ақ шыққан.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (www.who.int) мәліметінше, табыс деңгейі төмен елдерде жыл сайын 15-19 жас аралығындағы 16 миллион, 15 жасқа дейінгі бір миллион қыз ана атанады екен. Әлемде 15-19 жас аралығындағы қыздардың өліміне себепші екінші фактор – аяғы ауыр кездегі асқыну мен туу болып отыр. Жыл сайын 15-19 жас аралығындағы үш миллион қыз абортқа жүгінеді. Сонымен қатар, жасөспірім-аналардың сәбилері жиі шетінеп кетеді.

Ал еліміздегі көрсеткіш қандай?

Өткен жылы ресми 6000 мектеп қабырғасында оқитын қыздардың жүкті болу оқиғасы тіркелсе, соның 3500-і жасанды түсікке жүгінген. Мұның сыртында «ұятты» алғашқы орынға қойып, елден жасырып қалуға ұмтылатындары қаншама. Ал осы жылдың басынан бері 346 қыз аборт жасатса, оның 10-ы әлі 14 жасқа жетпеген. Бұл ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мамыр айында берген көрсеткіші.

14 жасқа дейін түсік жасатқан қыздардың үшеуі Қарағанды облысында, екеуі Ақтөбе облысында, қалғандары Жамбыл, Қостанай, Павлодар, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласында тұрады. Ал 15-18 жас аралығында абортқа жүгінген жасөспірімдердің 56 оқиғасы Түркістан облысына тиесілі екен. Алматы мен Қарағанды облысында тиісінше 33 оқиғадан тіркеліпті.

Жыныстық тәрбиенің жоқтығы

Венера Телжан, клиникалық психолог-сексолог:

– Ерте жүктілік – кәмелет жасқа толмаған қыз баланың жүкті болуы. Ол адамның психологиясына, физиологиясына кері әсерін тигізетіндіктен, алдын алу шараларын барынша қолға алып, дұрыс ақпараттандыру жұмыстарын қарқынды жүргізу керек деп есептеймін. Оған алып келетін алғашқы себеп – отбасыда қыз балаға жыныстық тәрбиенің дұрыс берілмеуі. Қазақ отбасыларында көбінесе жыныстық қатынас пен жыныстық тәрбиенің ара-жігін дұрыс айыра білмейді. Ата-аналарға осы турасында айта бастасаң, сөзіңді толық тыңдауға құлық танытпайды. Бұл – дұрыс емес. Ешқашан жыныстық тәрбиені жыныстық қатынаспен шатастырауға болмайды. Клиникалық сексологияда үш жастан бастап, жыныстық тәрбие беру керектігі айтылады. Яғни, рөлдік позиция бойынша бала үш жасында-ақ қай жынысқа жататанын білген жөн.

Қыз баласы етеккір келген кезінде анасымен гармониялық қарым-қатынаста болмаса, әртүрлі жағдайларға тап болуы мүмкін. Оның ең ауыры жүктілікке дейін жетіп жатады. Ғаламтордан көрген, оқыған түрлі видеолар мен ақпараттар қыздың жыныстық қатынасқа деген қызығушылығын оятатыны анық. Жүктілікке әкелетін себеп көп болғандықтан, оның әрқайсысын индивидуалды түрде қарастырғанымыз жөн. Етеккір келгеннен бастап, қыздардың бала көтеруге физиологиялық мүмкіндігі жетенінін айту шарт. Десе де, оның психологиялық тұрғыдан ондай тақырыптарға дайындығына көзімізді жеткізуіміз керек. Қыз баланың психикасына кері әсер етпейтіндей, дұрыс құлақтандырудың маңызы жоғары.

Психолог бесіктен белі шықпай бала көтеретіндердің оқиғалары жеке талдауды қажет екенін айтады. Әрине, кез келген ата-ана өз қызының қылығы «түзде» болса да, дұрыс тәрбиенің арқасында теріс істердің жолын кесе алады. Кері жағдайда кей ата-ана қыздарының жүктілігін жасанды жолмен тоқтатудан тайынбайды.

«Өмірім күрт өзгерді»

Оңтүстік өңірінің тумасы Е.есімді азаматша басынан өткен оқиғасын былай баяндап берді:

 Қазір балам бір жастан асты. Өзімнің сүйген жігітіммен көңіл қосқам. Етеккірім тоқтап, әртүрлі иістерге лоқси бастағанда, ғаламторға көз жүгіртіп шықтым. Жігітме дәріханадан тест алдырып, тексеріп көргенде, аяғымның ауыр екенін білдім. Бұл оқиғадан соң, сүйіктім ат тонын ала қашып, тіпті байланысқа шығуды қойды. Түсік барлық мәселеге нүкте қоятын жалғыз шешім болып көрінгені рас. Өз еркіммен ауруханаға баруға қорқып, өз ойыммен алысып жүргенде біршама уақыт өтіп кеткен еді. Анам түсік жасатуға кеш болғанда барып білді. Мені әкесіз өсіріп, тәрбиелеп келе жатқандықтан,жаны қатты қиналғанын білемін. Сондай күйіне қарамай, баланы сақтап қалу керек деп шешті. 16 жасыма бір жеті қалғанда өмірге шекесі торсықтай ұл әкелдім. Жігітімді полиция қамауға алды. Оған қандай жаза қолданғанынан хабарым жоқ. Балалы болған соң, жер ауыстыруға тура келді. Себебі, ауылымда мен жайлы өсек белең алып, көшеге шыға алмайтындай жағдайға жеттім. Тай құлындай тебісіп өскен достарым да теріс айналды. Былайша айтқанда, дүние төңкерілгендей күйге түстім. Анам да қиналды, оның үстіне жұрттардың саусағын шошайтып көрсететіндерінен әбден шаршаса керек, 4-5 айдан кейін көрші облысқа қоныс аудардық. Мұндай мектепке қабылдануым да кәдімгідей дау тудырды. Келер оқу жылында 11-сыныпқа барамын.

Жас ана мектепті бітірген соң, жоғары оқу орнына түсетініне сенбейді. Себебі, онсызда орта оқитын оның, балалы болған соң үлгерімі тіпті нашарлап кеткен.

Арманым дәрігер болу еді. Әкем ауыр дерттен көз жұмғанда, өзіме «қалайда медициналық жоғары білім аламын» деп уәде берген едім – деді.

Арада орын алған үзілістен соң:

Жоспарсыз жүктілік өмірімді күрт өзгертті! Депрессияға түсіп, қатты күйзелген күндерім болды. Тек ұлым үшін есімді жинап, еңсемді көтердім.

Заңның айтары бар

Кәмелет жасқа толмаған жеткіншекті сексуалды қарым-қатынасқа тарту, зорлық-зомбылық көрсету заңды түре қылмыстық жазаға тартылады

«ҚР Қылмыстық кодексінің 122-бабына сәйкес, он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау бойынша:

1. Көpiнеy oн aлты жacқa тoлмaғaн aдaммен жыныcтық қaтынac, еpкек пен еpкектiң жыныcтық қaтынacын, әйел мен әйелдiң жыныcтық қaтынacын немеcе cекcyaлдық cипaттaғы өзге де әpекеттеp жacay – беc жылғa дейiнгi меpзiмге бac бocтaндығын шектеyге не coл меpзiмге бac бocтaндығынaн aйыpyғa жaзaлaнaды.

2. Oн aлты жacқa тoлмaғaн aдaмғa қaтыcты aтa-aнacы, өгей әкеci, өгей шешеci, педaгoг не oны тәpбиелеy жөнiндегi мiндеттеp Қaзaқcтaн Pеcпyбликacының зaңымен жүктелген өзге aдaм жacaғaн дәл coл ic-әpекеттеp –белгiлi бip лayaзымдapды aтқapy немеcе белгiлi бip қызметпен aйнaлыcy құқығынaн өмip бoйынa aйыpa oтыpып, жетi жылдaн oн жылғa дейiнгi меpзiмге бac бocтaндығынaн aйыpyғa жaзaлaнaды.

3. Ocы бaптың бipiншi немеcе екiншi бөлiктеpiнде көзделген, бipнеше pет жacaлғaн ic-әpекеттеp – белгiлi бip лayaзымдapды aтқapy немеcе белгiлi бip қызметпен aйнaлыcy құқығынaн өмip бoйынa aйыpa oтыpып, oн жылдaн oн беc жылғa дейiнгi меpзiмге бac бocтaндығынaн aйыpyғa жaзaлaнaды.

Бұдан былай осы санаттағы қылмыстарды жасағандарға қатысты шартты түрде соттау, шартты түрде түрме мерзімінен бұрын босату шаралары қолданылмайды. ҚР ҚК-нің 67 бабына сәйкес тараптар татуласса да қылмыстық істер қысқартылмайды. Ал зорлық зомбылық көрсету ҚР Қылмыстық кодексінің 120 бабының 3-1 бөлігіне сәйкес, 12 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айыруға жазаланады» дейді заңгер, қорғаушы Әлімжан Жұбатқанов.

Сондай-ақ, заңгердің айтуынша некеге тұру осындай жағдайларға тап болған қыздар үшін  16 жастан бастап заңды деп есептеледі.  

Сен қолдаусыз емессің!

Қазір республикамыздың барлық өңірлерінде жастар денсаулық орталықтары жұмыс істейді. «Шапағат», «Дос», «Нұр-Әлем», «Арасан», «Жалын» секілді атау алған орталықтар жасөсіпірімдер мен жеткіншектердің денсаулыққа қатысты мәселелеріне жауап табуға дайын. Сол сияқты 2013 жылы қазақстандық кәсіпкерлердің бастамасымен «Ана үйі» қоғамдық қоры құрылған болатын. Жобаның мақсаты – жас аналардың жаңа туған сәбилерінен бас тартуға жол бермеу болып табылады. Бүгінде «Ана үйі» – Қазақстанның 17 қаласында 23 дағдарыс орталықтары жұмыс атқарып келеді.

«6 жылғы жұмысы барысында 4 мыңнан астам балалы әйелдерге көмек көрсетілді. «Ана үйі» дағдарыс орталықтары құрылғанан бері 86 кәмелет жасқа толмаған аналарға көмек көрсетілді. Олардың  алтауы  кәзіргі таңда біздің орталықта тұрып жатыр. Кәмелет жасқа толмаған аналар біздің үйлерде кәмелет жасқа толғанша паналауға мүмкіндігі бар», – дейді «Ана үйі» жоба басшысы Сәния Аренова.

Көмекке зәру кез келген ана осы орталықта уақытша тұруына мүмкіндігі бар.

Ерте жастағы жүктіліктің зияны көп

Кәмелет жасқа жетпеген қыздардың жүктілігі тек денсаулығына зиянын тигізіп қоймай, психологиялық түрлі дерттерге шалдықтырады дейді мамандар.

«Ерте жүктілік қыздардың психологиясына кері әсер етеді. Мен өз тәжірибемде 18 жасқа толмаған қыздардың аяғының ауырлауы олардың болашақ өміріне оң әсер еткенін көрген емеспін. Тіпті, 20-21 жастағы кей бойжеткендеріміз ана атануға дайын болмай отыр. Өздерінің балалығымен қоштаса алмай, ендігі ересек өмірге үйренісе алмай бей-жай күйде жүреді. Ерте жастағы жүктілік депрессия, неврастения, созылмалы шизофрения және ашық түрлі шизофренияға шалдықтырып жатады», – дейді психолог Венера Телжан.

Ал гинеколог Райхан Алиева:

 Медициналық жолмен жүктілікті тоқтатудың психологиялық, физиологилық зияны жетіп артылады. Аборт жасату күшті инфекциялық асқынуға, жатыр мойынының асқынуына, бедеулікке, етеккір циклының бұзылуына, күрделі гормональды бұзылуға алып келеді. Оны тіпті ең білікті маман жасағанның өзінде, ең ауыр жағдайда жатыр қабырғасының бүтіндігі бұзылып, тесілуі ықтимал, – дейді.

Өткен жылдың қараша айында ҚР Денсаулық сақтау вице-министр Ләззат Ақтаева 16 жастан бастап, жасөспірімдерге ата-ананың рұқсатынсыз аборт жасатуға заңмен рұқсат ету мәселесін көтерген еді. Оның айтуынша, осы арқылы олардың ерте жүктілік кезінде тиісті медициналық көмек алуға мүмкіндігі ашылады. Бірақ, вице-министрдің ұсынысы көптеген психологтар мен медицина мамандарының қолдауын таппаған еді.

Қалай десек те, ерте жүктілік ел алдында тұрған басты мәселелердің бірі.

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға