Жаңалықтар

Ерлігімен елге танылған спортшы қыздар

Ерлігімен елге танылған спортшы қыздар
Фото: жеке мұрағат 07.03.2023 09:00 3195

Әйел – адамзаттың анасы, шаңырақтың шамшырағы іспеттес. "Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін" әйелдер қай саланы болсын дөңгелетіп әкетері анық. Нәзік жандылардың қатарында тағдырдың сынағына мойымай, спорт саласына үлес қосып жүргендері жетерлік. Бүгін біз сол батыл да қайсар спортшы әйелдер туралы сөз ететін боламыз. 

Ең үздік жүзуші

Зульфия Ғабидуллина – жүзуден Қазақстан Республикасының Халықаралық деңгейдегі спорт шебері. Әлемдік, халықаралық деңгейдегі ең үздік 8 жүзушінің қатарынан табылады. Ол 1965 жылы Тараз қаласында дүние есігін ашқан.

1971 жылы жол апатынан едәуір жапа шегіп, омыртқасын зақымдап алған. Алайда бұл берілген сынаққа төтеп беріп, қаншама жаттығумен айналысқанның арқасында 1990 жылы спорт саласына келеді. Сөйтіп, араға бір жыл салып, мүгедектерге арналған қол арба жарысынан Бірінші президенттік жарысында 4 рет бірінші орынды жеңіп алады. Ал 1994 жылы жеңіл атлетика, жүзу спортынан 2 түріне қатысып, одан 8 рет бірінші орынды иеленді. Жүзу спортымен кәсіби түрде 2007 жылдан айналысуды бастады. Зульфия Раухатқызын мүмкіндіктері шектеулі азаматтарға арналған спорт клубының директоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Саттар Бейсембаев жаттықтырушысы болған. Спортшының бүгінде 156 медалі, 200-ден астам мадақтама мен дипломы бар.

Пауэрлифтинг шебері

Тұрсынай Қабыл – Паралимпиадалық пауэрлифтингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ол 2000 жылы Қостанай облысында дүниеге келген. Отбасы да спортқа өте жақын. Тұрсынай Қабылдың бойы – 120 сантиметр. Бойының қысқалығына қарамастан ауыр-ауыр зілтемірді көтеріп, бүгінде көптеген жарыста Қазақстанның намысын қорғап жүр.  2016 жылы Тұрсынай Қабыл ауыр жарақат алып, екі операция жасату қажет болды. Дәрігерлер оған пауэрлифтингті жалғастыра берсе, қосымша операция істету керек болатынын ескерткен. Бірақ ол денсаулығына қауіп төнгеніне қарамастан, жаттығуды қайта бастауға бел буған. Спортшы Жапонияда 2018 жылы өткен Азия-Мұхит аймағы чемпионатында екі «алтынды» еншіледі.

Халықаралық спорт шебері

Раушан Қойшыбаева – 1966 жылы Қызылорда қаласында туған. Жасы 23-те болғанда аяқ астынан теміржол апатына ұшырап, жүре алмай қалады. Дегенмен ол басына түскен қиындыққа мойымай, өзіне деген сенімін жоғалтпайды. Осылайша ол қажырлы еңбегінің арқасында аяғына тұрып кете алды. Алғаш рет 2011 жылдың сәуір айында Алматы облыстық турниріне қатысып, бірінші орынды иеленді. Ал 2012 жылы парапауэрлифтинг спортшысы Қазақстан чемпионатында Қазақстанның спорт шебері атағын иемденеді. Содан бір жыл өткеннен кейін Халықаралық спорт шебері атағын алады. Токиода өткен 2020 жылғы Паралимпиадада Раушан Зауытбайқызы 112 кг салмағы бар зілтемірді көтеріп, 67 кг-ға дейінгі санаттағы төртінші орынды иеленеді. Кейіпкердің жеткен жетістіктері кімді болса да таңғалдырып, өмірге деген құштарлықты оятып, күш-жігер сыйлайды.

Зілтемірші қыз

Гүлім Құрманбаева – 1988 жылы Ақтөбе облысында туған зілтемірші. 35 жасар Гүлім мүмкіндігінің шектеулі болғанына қарамастан, талай белестерді бағындырып үлгерген. Оның бойы 127 сантиметр. Кішкентай кезінде сандықтан құлап, зақым алғандықтан, жазатайым оқиғаның зардабын шеккен. Дегенмен оның өмірге деген құлшынысын арттыруға себеп болған – спорт. Спортшы 2015 жылы бірінші рет жеңіл атлетикадан паралимпиадаға қатысқан. Жаттықтырушысы Қандыағаш қаласының тұрғыны Сергей Ведюшкин болды. Үздіксіз тер төкенінің арқасында Қазақстанның 7 дүркін чемпионы атанды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға