Жаңалықтар

Енисейден келген көш

Қазақ халқының шығу тегі
05.09.2014 11:08 4960

Қазақтың Енисей бойынан өрбіп шыққандығын көптеген аңыз, әпсаналар бұрыннан-ақ шертетін, тек аңысын аңдамай, тереңіне үңіле бермейтін ғадетімізбен байқастамайтындығымыз барлығын мойындағымыз келмейді. Бала кезімізде «Бұға Ана туралы аңыз» деген кітапшаны оқығаным барды. Онда Енесайдың бойындағы елді жау шауып, қолға түскен екі қырғыз баласын өлтірмекке алып шыққан кейуанадан бұғы келіп сұрап алып, арқасына мінгізіп таудан тау, тастан тас асып, қазіргі Ыстықкөл өңіріне аман-есен жеткізгені туралы баяндалатын. «Қырғыз-қазақ бір туған» деп келетін сөздің төркініне үңілсеңіз, ол да осыны аңғартады. Енисейдің бойында мекен қылған ағайынды екі елдің баласы емеспіз бе?! Енисей бойында қалып кеткен қырғыздар кешегі күнге дейін Енисей қырғыздары аталып келіп, орыс империясы қарауына өткен уақыттардан Хакас аталғанын тарихшылар жақсы біледі.  

Оны азсынсаңыз, Сафуан Шаймерденовтің бір естелігінде бұрынғы Якутия, қазіргі Саха елінен жазушылар делегациясы келеді. Содан таныстық соңы жақсы бір отырысқа айналады. Саха елінің бір жазушысы қызыңқырап қалып, «Ағайынды Саха мен қазақ ренжісіп қалып, Саха Енисейдің бойын жағалап ұзап кетеді де, қазақ Алтай асып Арқаға шығып кетіпті» деп бастаған әңгімесін, «Сендер бізді айдалаға, түркі әлемінен жыраққа шығарып жібердіңдер. Сендер бізбен ұрыспағанда осы далада бірге қоныстас отыратын едік» деп жылапты. Жазушылар одағының іші тым-тырыс болып қалады. Ыңғайсыздық жағдайы орнайды. Сонда марқасқа ағаларымыздың бірі орнынан тұрып: «Ағайын адамның арасында нелер болып, нелер кетпейді. Ағасы ұрысты деп інісі қашып көше берсе не болғаны?! Сендерге ұрыссақ адам болсын деп ұрыстық. Алысқа көрмеймін деп көшіп кеткен өздеріңнен көріңдер» деген екен. Сонда елдің бәрі жамырай күліп, әңгіме ауаны бейбіт тақырыпқа қайта ауысқан көрінеді. Осында да Енисей бойын жайлаған ел туралы айтылады. 

Ендігі бір әңгімеде, Американы жайлаған үндістер тілін зерттеушілердің айтысында, Аляска түбегі мен Баренц бұғазының арасы өз уағында біртұтас болып, қосылып жатқанға ұқсайды. Енисей бойынан тараған аталас бауырларымыз өсы бұғаз арқылы Арғы әлемге аяқ басады. Арғы жақтан азығын тауып, өз отанына қайта оралып жүреді. Осылай жылдар өтіп жатады. Әлде бір уақытта екі жағындағы екі мұхит (Солтүстік мұзды мұхит пен Тынық мұхит) суы тасып, орадағы жерді шайып, тұтас әлем екі құрлыққа бөлініп кетеді. Осылайшы үндістер атамекенінен қол үзіп қалады. Тілі мен дәстүрінде адам айтқысыз ұқсастықтар бар екендігін зерттеушілер тамсана айтады.

Нұрлан Рахымжанов 

Жетіқоңыр: Жиделі және Жайылма

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға