El.kz интернет-жобасы Астананың 20 жылдығына орай, «Z қаласы» атты интернет-жобасын көпшілікке ұсынады. Әр бөлімде Астанаға бауыр басып, сіңісіп кеткен қарапайым адамдар, жергілікті тұрғындардың өмірдеректері баяндалады.
Астана армандар орындалатын, қысылған сәтте жаныңа рух, бойыңа қуат беретін қала. «Z қаласының» келесі кейіпкері «Astana ballet» театрына бір көргеннен ғашық болған Марал Алтынбекова. Кейіпкеріміз ашылғанына көп бола қоймаса да өзіндік стилі мен қағидасы қалыптасқан, заманауи талғамға сай жаңа мен көнені қағыстырмай, тоғыстыра білген «Astana ballet» театрының өнер ұжымында режиссердің көмекшісі болып қызмет атқарады. 1,5 сағаттық қойылымды сахналау үшін сахна сыртында қаншама театр қызметкерлері тер төгеді. Өнерді бағалап келген көрерменнің жүрегіне жеткізу үшін қаншама дайындық жұмыстары жүргізіледі. Шымылдықтың арғы бетінде жұмыс істейтін, алайда олар атқаратын қыруар еңбегі көріне бермейтін жандардың бірі – режиссердің көмекшісі Марал Алтынбекова. Керемет бекзат өнер иелерінің биікте жарқырауына үлес қосып жүрген кейіпкеріміз оларды Астана табыстырған балет театрына деген сүйіспеншілігі мен жұмысына деген махаббаты туралы айтып береді.