Ең төменгі жалақы қанша болады: вице-министр жауабы

 Фото: Орталық коммуникациялар қызметі
Фото: Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Ең төменгі жалақы 150 мың теңгеге көтеріле ме? Бұл сұрақ соңғы күндері қоғамда қызу талқыланып жатыр. Осыған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев нақты түсініктеме берді.

Оның айтуынша, Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Азамат Әмрин айтқан 150 мың теңге – әзірге нақты бекітілген шешім емес, тек талқыланып жатқан ұсыныстардың бірі ғана.

Қазіргі 85 мың теңгеден ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп қаралып жатыр. Бұл бағытта нақты жоспар бар, оның өз мерзімі белгіленген. Қазір барлық ұсыныстар талқылау кезеңінде, – деді вице-министр.

Асқарбек Ертаевтың сөзінше, ведомство өз есептерін дайындап қойған. Алайда түпкілікті шешім әлі қабылданбаған. Сондықтан нақты қандай сома бекітілетінін айтуға ерте.

Қанша мөлшерге дейін өсетіні әзірге белгісіз. Барлығы жан-жақты пысықталып, ортақ келісімге келгеннен кейін ғана жарияланады, – деп нақтылады ол.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Азамат Әмрин Үкіметтің алдында ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін жеткізу міндеті тұрғанын мәлімдеген еді.

Оқи отырыңыз