Жаңалықтар

Ең экстремалды мамандықтың қызығы мен қиындығы

Оқиға орнына барған сәтімізде ұзындығы 3,5 метрлік үлкен питон жыланын көріп, таңырқаған кезіміз әлі есімде
Ең экстремалды мамандықтың қызығы мен қиындығы
19.10.2022 11:57 2667

19 қазан – Құтқарушылар күні. 1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылды. Осы орайда, 19 қазан – Құтқарушылар күні болып бекітілді. Биыл атаулы күн 27 жыл қатарынан аталып өтілуде.

Құтқарушы мамандығының ең басты міндеті – халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, апаттық жағдайлардың алдын алып, адам өмірін сақтау. Осындай миссияны көптеген жылдар бойы атқарып келе жатқан білікті маман Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің Жедел құтқару жасағы басшысының орынбасары Рауан Дүйсенбековпен сұхбаттастық.

– 19 қазан – Құтқарушылар күні. Осы орайда, өзіңіздің қызметіңіз туралы айтып берсеңіз... Бұл салаға қалай келдіңіз? Еңбек тәжірибеңіз неден басталды?

– Құтқарушылар өте экстремалды түрде тау мен таста да, су мен әуеде де жұмыс істеп, құтқару операцияларын жүргізетін қызмет болса да, өз қалауыммен осы саланы таңдадым. Осы салада әскерді қоса есептегенде 20 жылдан бері қызмет етіп келемін.

Әскерден кейін 1995-97 жылдары Алматы облысындағы Қапшағай қаласындағы десанттық әскерде болдым. Сол кездері 10 рет тік ұшақтан және 2 рет самолеттен парашютпен секірген кездерім болды. Десанттық әскер шынығу, жаттығу жағынан өте мықты әскердің бір түрі. Әскерден кейін техник менеджер мамандығын тәмәмдап, 1999-2002 жылдары сол мамандық бойынша бір фирмада техник менеджер болып жұмыс істедім.

Дегенмен, 2002 жылы желтоқсан айында Оңтүстік Қазақстан облысының Жедел-құтқару жасағына құтқарушы мамандығына жұмысқа орналастым. Десанттық әскерде болғанымның пайдасы тиді ме, физикалық дайындығыма қарап жұмысқа бірден қабылдады. Құтқарушы мамандығы өте қауіпті де, қызықты сала. Осындай қызық пен қауіп қатердің ортасында жүрген мен қатардағы құтқарушыдан басшының орынбасары лауазымына дейін көтерілдім. 

– Қызметіңіздің қызығы мен қиындығы қандай?

– Жұмыс кезінде неше түрлі қиындықтар да, қызықтар да болып тұрады. Біз құтқарушы ретінде адам өмірін алғашқы орынға қоямыз. Жылдар бойғы қызметтік саламда адамдарды құтқару үшін қауіпті аң-құстарды да ұстаған сәттеріміз болды. Мысалы, 2006 жылы құтқарушыларға қауіпті жыланды көргендерін, адамдарға үлкен қауіп төнгенін айтып хабарласып көмек сұрады. Бастапқыда, кішкентай дала жыланы болар деп ойладық. Дегенмен, оқиға орнына барған сәтімізде ұзындығы 3,5 метрлік үлкен питон жыланын көріп, таңырқаған кезіміз әлі есімде. Қолымызға арнайы құралдырды ұстап, жыланды қолға түсіріп, адамдарды тыныштандырдық. Питон жылан сол кездегі Шымкент қаласының тұрғынының үйінде асырап отырға жыланы болып шықты. Жыланды иесіне қайтарып, адамдардың өмірін осылай да сақтап қалған кездер болды.

Бұл қызметімнің қызықтарының бірі болса, естен кетпес ауыр күндер де басымыздан талай өтті. Солардың бірі, елімізде қаралы күн ретінде есте қалған 2019 жылы 24 маусымда басталған – Арыстағы жарылыс.

Арыста снарядты арсенал жарылған кезде бір топты басқарып, жедел түрде оқиға орнына аттандық. Біз жеткенде қала тұрғындарымен бірге әскери қызметкерлер де қашып шықты. Сол уақытта келіп түскен бұйрық бойынша топтағы 6 құтқарушымен бірге қаладағы ең қауіпті орындарда және ауруханада қалып қойған қарттар мен балалар және мүгедектерді, жалпы саны 88 адамды құтқарып алып шыққан болатынбыз. Естен кетпес ауыр күндерде батырлық танытып, жедел құтқару жұмысын ұйымдастырығаным үшін арнайы марапаттар да берілді. Бұл кездегі марапат мен үшін әлі де ыстық.

Біздің қызметімізде төтенше оқиғалар өте көп болған, сондада соңы сәтті болып аяқталған бір естен кетпейтін оқиғаны айтып берейін. 2004-2005 жылдары қыс өте қатты суық болды. Бәйдібек ауданының таулы аймақтарында 2 метрден биік қар жауып, бұрынғы «Орловка» ауылында адамдар аудан орталығына шыға алмай, екі қабат әйел мен «соқыр ішегі жарылып кету» қаупі болған 15 жасар қыз баланы құтқару үшін жедел жолға шықтық. 1,5 сағатта жететін 45 км жолды 2 тәулік бойы жүріп жеттік.

Бізді ол ауылға жетеді деп ешкім ойламады. Қатты боран болып, жол мүлде көрінбей қалды. Біз Шаян ауылынан алып шыққан дәрігер мен мейірбикені операция істеу үшін міндетті түрде жеткізуіміз керек болатын. Жақындаған сайын жол қиындап, жанармай мен тамағымыз таусылған болатын. Тікұшақпен бізге жанармай және құрғақ тамақ алып келіп, жерге қона алмай, қалың қардан бізді таба алмай қайтып ұшып кетті. Біз Шыбықбелден өтіп тез арада ауылға  жету керек екенін түсіндік. Қыз баланың «Соқыр ішегі» жарылып, ауылдан шыққан 5-6 атты адамдармен дәрігер мен мейірбикені алып ауылға жеттік. Сол күні түнде хирург мектепте ота жасап, 15 жасар қыз баланы аман алып қалды.  Үшінші күні науқастар мен екіқабат әйелдерді аудан орталығына алып келдік. Сол кезде адам өмірін құтқаруға ат салысқаныма қатты қуандым.   

– Қандай марапаттарыңыз бен жетістіктеріңіз бар?

– 1,2, және 3 дәрежелі құтқарушы төс белгілерім бар. Төтенше жағдайларға 20 жыл толуына байланысты төс белгі алдым. Сонымен қатар, Еңбек қымбаттысы «Құтқару операцияларына белсенді қатысқаны үшін» төс белгісімен марапатталдым. Мен үшін әр марапат пен төс белгі қымбат. Себебі, әр марапаттың артында үлкен еңбек жатыр.

Төтенше жағдайлар департаменті құрамасында облыстық, регионалдық және республикалық жарыстарда стол теннисінен және шахматтан бірнеше рет 1-ші және 2-ші орын алғанмын.  Беларуссияда халықаралық қайта даярлау институтында курстан өту кезінде 2013 жылы стол теннисінен 2-ші орын алдым.

– Тәжірибелі маман ретінде осы салада жүрген жас құтқарушыларға қандай кеңес берер едіңіз?     

– Бұл салаға жастар көптеп келіп жатыр. Ең алдымен, жас мамандаға айтарым, дене шынықтыру және кәсіби дайындығын шыңдау керек. Бұл экстремалды жағдайда ұтымды нәтиже көрсету үшін маңызды. Екіншіден, осы мамандықты шын қалауыңмен таңдау немесе жұмысты тастау керек. Адам манадығын шың сүйсе, өзіне деген құрметі де артады. Үшіншіден, құтқару операцияларын жүргізу кезінде жеке өзіңнің және адамдардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлу керек. Көз жеткізілген тәуекелдерге бара білу де ерлік.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға