Жаңалықтар

Елорданың болашағы қандай?

Астананың алдағы жоспары
Елорданың болашағы қандай?
11.09.2018 17:20 8291

Астана – еліміздегі саяси оқиғалардың орталығы мен мәдениеттің ошағына айналып отыр. 20 жылдың ішінде көз ілеспес жылдамдықпен дамып, Қазақстанның еңселі Елордасына айналды. Қауіпсіздікті дұрыс жолға қойып, тұрақты дамып келе жатқан қаланың болашағы қандай? Алға қандай мақсаттар қойып отыр? Астананың 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасында қандай бағыттар басты назарда болады?

Астананы газбен қамту

Тәуелсіздік алғалы Елордаға газ жеткізу үшін жасалған үш жобаның барлығы да сәтсіздікке ұшырған еді. Тек 2017 жылы «Сарыарқа» жобасы мақұлданып, Астананы жақын жылдары толық газбен қамту қолға алынды. Ол еліміздің газ импортына тәуелділігінен толық арылтады деп болжанып отыр. Сонымен, елордамыз 2021 жылы толық табиғи газға көшпек. Қаладағы барлық қоғамдық көліктерге газ орнату мәселесі де  қолға алынатын болады. 2017 жылдың аяғына қарай, Астананы газбен қамтамасыз ететін екінші Тельман станциясын жобалау басталған болатын. Станция қаланың оң жағалауынан Н.Назарбаев әуежайына дейін жалғаспақ. Оны пайдалануға беру осы жылдың соңына жоспарланған. 2017 жылы Тұранды газбен қайта жабдықтау кешені алғашқы газ құбырын Назарбаев университетіне жіберді. Әзірге осы оқу орны елордадағы жалғыз газбен қамтылған нысан болып отыр. Сарапшылардың айтуынша, Тұран және Тельман кешендері толық аяқталғанда, бюджет ақшасы шамамен бес миллиардқа дейін үнделмек.  

Энергия тиімділігіне көшу

«Қазақстан – 2050» стратегиясы мен Қазақстан Республикасының жасыл экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдамада энергияның тиімділігін арттырып, балама энергетиканы дамыту бойынша нақты міндеттер айтылған. Оған сәйкес, 2020 жылы жасыл экономика жобаларын жүзеге асыру арқылы елімізде жаңартылған энергия түрлерінің үлестік көрсеткіші электр энергиясын жалпы өндіруден 3%-ға, 2030 жылға қарай қосымша 7%-ға артуы тиіс. Осыған орай, Астана қаласында кезең-кезеңмен мектеп, балабақша мен ауруханалар энергия тиімділігіне көшіп жатыр. 2020 жылға дейінгі энергияны сақтау бойынша кешендік жоспар дайындалуда. Ол жоспар бойынша Астана қаласындағы көшелерді ақылды жарықтандыруға көшіру қолға алынады. Ол мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы іске аспақ. Әзірге Астанадағы 25 мыңға жуық ескі шамдарды энергия үнемдейтін шамдар алмастырылады.

Астананың жасыл белдеуі

Экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету оңай шаруа емес. Сол себепті, мемлекеттік бюджеттен Астананың жасыл белдеуіне 2 миллиард қаржы бөлінеді. Қазір Астанада жалпыға ортақ он саябақ, төрт желекжол мен тоқсан шағын бақ бар. Осыған қосымша жақын уақыттары 20-ға жуық шағын бақ пен желекжолдар салыну жоспарда бар. Жалпы, Астананың айналасындағы жасыл белдеудің жалпы ауданы 14,8 гектарға жетіп отыр. Қазіргі уақытта онда 11,5 миллион ағаш өседі. Сонымен қатар, жыл сайын «Астананың жасыл белдеу» акциясы өткізіліп, бірнеше жүздеген түп ағаштар отырғызылып келеді.

«Астананың айналасында нағыз «жасыл белдеу» орнады. Оның жазық даладағы нағыз орманға айналғаны маңызды. Бірақ бәрі бұл жер жарамсыз болғандықтан, ағаш өспейді деп санаған еді. Алайда біздің орманшылар мен ғалымдардың бұл мәселеге біліктілікпен қарағаны, қажетті көшеттерді іріктеп алуы ғажап нәрсе жасауға мүмкіндік берді. Қаланың айналасында 60 мың гектар, қала ішінде тағы 20 мың гектар аумаққа ағаш егілді. Егілген орманның жалпы ауданы 2020 жылға дейін 100 мың гектарға жетеді» – деген еді, Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев.

Астана – туризм орталығы

2020 жылға дейін Елордада 3 негізгі туристік бағытты дамыту қолға алынады: MICE  туризмі (іскерлік туризм), қалалық рекреациялық туризм, медициналық туризм. Бұл бағыттарды дамыта отырып, Астананың әлем алдындағы имиджін қалыптастырып, халықарылқ туристік картаға Еллорда есімін енгізу жоспарда бар. 2020 жылға қарай Астанаға сырт мемлекеттерден жылына бір миллионға жуық турист келуі мүмкін. Ал Қазақстанның басқа қалаларынан екі миллионнан аса адам елордамызға саяхат жасайды деп болжануда.

Сол сияқты, 2023 жылға дейінгі туристік саланы дамытудың бекітілген Тұжырымдасына сәйкес елімізде 6 мәдени-туристік кластерлер құрылды. Соның бірі – «Астана – Еуразия жүрегі» . Бұл кластердің ішінде конгрестік-іскерлік, оқиғалы және этинкалық туризм (спорттық шаралар, ғылыми конференция, саяси форумдар және т.б.) сияқты өзекті бағыттар бар.

Толық циклді цифрландыру

«Біз тәуелсіздік жылдары ішінде әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына қосылдық. Қазір озық дамыған 30 елдің қатарына ену міндеті тұр. Ол Қазақстаннан жаңа инновациялық дамуды және жедел технологиялық жаңғыруды талап етеді. Сондықтан Қазақстан халқына арнаған жолдауымда Үшінші жаңғыру жөнінде айтқан болатынмын. Оның негізі – цифрландыру», – дейді Қазақстан Президенті.

Өткен жылы қабылданған «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының бірнеше бағыттары бойынша жұмыс атқарылып келеді. Оның ішінде экономикалық салаларға көлік және логистикаға, білім беру мен денсаулық саласына, электрондық саудаға цифрлық технологиялар енгізіліп жатыр. Және олардың саны жыл өткен сайын артып келеді. Цифрлы стратегия – табысты дамудың негізгі көздерінің бірі. Елбасымыз айтып кеткендей, цифрландыруды кеңінен қолданысқа енгізу жаңғырудың басты бағыты болмақ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға