Жаңалықтар

Елордада жылына 300 мың тонна қоқыс сұрыпталады

Елордада жылына 300 мың тонна қоқыс сұрыпталады
Фото: Марат Амиров 01.01.2023 17:30 1880

Күнделікті қоқысты арнайы дүңгіршектерге тастаймыз. Бірақ қоқысты тастағанда да сұрыптап тастау керектігін естен шығармаған дұрыс. Қазіргі таңда қалалық жерлерде пластик, бөтелке, картон және нан қалдықтарын тастауға арналған арнайы контейнерлер бар. Дегенмен, «тұрғындар оған қоқысты сұрыптап тастайды ма?» деген сұрақ туындайды. 

Қоқысты дұрыс сұрыптау үшін қоқыс жәшіктерін түрлі түске бояп, арнайы жазулар мен таңбалар белгіленген. Қоқыс сұрыптау жәшіктері сыртта ғана емес, ғимараттардың ішінде де орналасқан. Еуропа елдері мен АҚШ-та қалдықтарды бөлек жинау көп жылдар бойғы тәжірибесінде бар. 

1,5 миллион тұрғыны бар елордадан күніне 700-800 тоннаға жуық қоқыс шығады. Бұл қоқыс қала сыртындағы зауытқа жөнелтіліп сұрыпталады, өңделеді. Ал жарамсыз қалдықтар эко полигонға көміледі. 

Елордада жылына 300 мың тонна қоқыс сұрыпталады

Қоқысты қалай сұрыптаған жөн?

Қазақстанда қоқысты сұрыптау 2012 жылдан бері қолға алынған. Ол үшін арнайы контейнерлер мен қоқыс қалдықтарын өңдейтін кәсіпорындар ашылды. Бұл халық арасында күнделікті қоқысты сұрыптау мәдениетін қалыптастыруға өзіндік үлесін қосты.  

Астанада еліміздегі ең ірі қоқыс зауыттарының бірі орналасқан. Қаладан жылына 300 мың тонна қоқыс шығаратын зауыт метал түрлерін, полиэтилен, картон және алюминді банка мен басқа да қоқыстың түрін сұрыптайды. Сұрыптауға келмейтін қоқыс қалдығын арнайы техниканың көмегімен сығып, көлемін 6 есеге дейін кішірейтеді. Кейін оны полигонға апарып көмеді. Нәтижесінде полигондағы қоқыстың орнын 6 есе үнемдейді. Күніне келген 1000 тонна қоқыстың шамамен 10 %-ы сұрыптауға келмейтіндіктен полигонға жөнелтіледі.

Елордада жылына 300 мың тонна қоқыс сұрыпталады

Соңғы 10 жыл шамасында полигонға 4 млн тонна қоқыс қалдығы көмілген. Полигонға сұрыптауға келмейтін қоқыс қалдығы көмілетінін айттық. Бірақ ол қандай қалдық? Әдетте, қайта өңдеуге, сұрыптауға және іске жаратуға келмейтін заттар түрі жатады.  

Қоқысты бірнеше рет қайта өңдейді. Әсіресе, қағазды 4-5 мәрте өңдеуге болады. Содан кейін жарамсыз болып қалады. Осы тұста қағаз бен чектің айтарлықтай айырмашылығы бар, екі түрлі санаттағы қағаз түрі екенін ескеру керек. Қағаз, газет-журнал, картон және жарамсыз дәптер қалдық болып саналады. Чек қағаз түріне жатқанымен оны бөлек сұрыптаған дұрыс және көп жағдайда оны қайта өңдей бермейді. Себебі, оның құрамында «бисфенол-А» секілді бірқатар қауіпті химиялық заттар бар. Сонымен қатар, ол жеке құжаттарда да кездесіп жатады. Сондықтан, мейлінше құжатты әмиянда сақтамаған жөн.  

Шыныны да қалағанынша шексіз өңдеуге болатын шикізат түрі қатарына жатады. Тіпті, шикізаттан бірнеше өнім түрін жасауға мүмкіндік бар және сапасы да жоғалмайды.  

Қоқыстың түрлері көп жиналып қалмас үшін уақытылы қоқыс қалдықтарын үйден шығарып отырған дұрыс. Әсіресе, жаз мезгілінде үйден шығатын қоқыстың саны екі есе артады. Жазда елорданың өзінен 1200 тоннадай қоқыс шығады екен.  

Жаз мезгілінде алаңқайлардан, қала сыртындағы демалыс орындарынан өрт жағдайларын жиі байқаймыз. Оның себебі, табиғат аясындағы демалыс кезінде адамдар қоқыс тастап, тазалық пен қауіпсіздікті сақтамауының салдарынан өрт туындап жатады. Осылайша, белігілі себептермен қоршаған ортаға залал келеді.

Елордада жылына 300 мың тонна қоқыс сұрыпталады

Қазіргі таңда  әлемнің көптеген елдері пилоэтиленді пакетті қолданудан бас тартып жатыр. Оның орнына эко шоперлер мен картонды пакеттерді қолданады. Қазақстанда әзірге полиэтиленді пакеттен бас тартпады. Дегенмен сауда орталықтарында тек картонды пакетті қолданатынын байқауға болады.  

Биылдан бастап елорда көшелерінде ескі және кимейтін киімдерін өткізуге болатын арнайы дүңгіршектер орнатылды. Оған киімді өткізу тегін. Сонымен қатар, мешіттерде де арнайы киім қалдыратын сөрелер бар.    

Қосымша ақпарат

Бір күн қоқыс жиналып тұрып қалса, одан су шығатыны белгілі. Ал, полигонда миллиондаған қоқыстың шіріген қалдықтарынан шыққан суды арнайы сүзгінің көмегімен тазартып, ағаш, гүлдерді суару үшін пайдалануға болатынын дәлелдеген. Оның құрамы арнайы зертханаларда тексеріліп, өсімдікке және топыраққа ешқандай зияны жоқ екені анықталған. Тиісінше, сүзгіден өткізілген судың түсі сарғыш болғанымен ешқандай иісі жоқ.

Елордада жылына 300 мың тонна қоқыс сұрыпталады

Сонымен қатар, бұл суды өрт қауіпсіздігі үшін қолданады және жаз мезгіліндегі тас жолдағы шаңды басу үшін де пайдаланады. 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға