Жаңалықтар

Елордада пара дзюдодан әлем чемпионатының жұлдегерлерін әуежайдан қарсы алды

Әлем чемпионаты Бакуде 8-11 қараша аралығында өтті
Елордада пара дзюдодан әлем чемпионатының жұлдегерлерін әуежайдан қарсы алды
Фото: Астана қаласының әкімдігі 13.11.2022 17:10 1029

Баку қаласында көру қабілеті төмен спортшылар арасында пара дзюдодан Әлем чемпионы атанған Ерғали Шамей мен тәуелсіз Қазақстан тарихындағы дзюдо спортынан әйелдер арасындағы әлем чемпионатының алғашқы алтын медальді сыйлаған Ақмарал Науатбекті, әлем чемпионатының қола жүлдегерлері Даяна Федосованы, Жанбота Аманжолды, Олжас Оразалыұлын жанкүйерлері мен ата-анасы әуежайдан үлкен қошеметпен күтіп алды, деп хабарлады El.kz  елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Бакуде өткен пара дзюдодан әлем чемпионатында спортшыларымыз 2 алтын және 3 қола медаль иеленді. Ел намысын ұлттық құраманың 18 мүшесі қорғады. Соның бірі – елордалық Ақмарал Науатбек. Бұрымды спортшы пара дзюдодан әлем чемпионатында топ жарып, ел бойынша әйелдер арасында алғаш болып алтынға қол жеткізді.

«Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. 41 елден спортшылар келді. Алдағы уақытта Азия чемпионаты бар және де одан кейін Азия ойындары сосын әлемдік ойындары бар. Сол 3 жарыста мені көре аласыздар. Анамның Бакуге – әлем чемпионатына мені қолдау үшін келгені маған зор күш-қайрат сыйлады. Баршаңызға алғыс айтамын», - деді пара дзюдодан әлем чемпионы Ақмарал Науатбек.

Сонымен қатар, ел мерейін асқақтатқан спортшыларды қарсы алуға қала әкімінің орынбасары Есет Байкен, Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев және спорт саласының өкілдері де зор қуанышпен, құшақ-құшақ гүл шоқтарымен салтанатты түрде күтіп алды.

Ерлер арасында 73 келіде сынға түскен тағы бір елордалық Ерғали Шамей де ел қоржынына алтын салды.

«Елге келгенде осындай құрмет көрсетіп, бізді күтіп алып жатқан жерлестеріме дән ризамын. Маған үміт артып, жарысқа дайындаған бапкерлеріме, ата-анама, жанкүйер болған қазақ еліне алғыс айтамын. Ел намысын абыроймен қорғап, Қазақ елінің атын әлемдік додада танытқаным үшін өте қуаныштымын. Ендігі мақсат – Олимпиада шыңын бағындыру. Алдағы жарыстарда алтыннан алқа тағып, елімнің көк байрағын әлі талай желбіретіп, әнұранымызды өзге мемлекеттерде шырқатамын деп сенемін. Мен бағындыратын белестер әлі алда», - деді әлем чемпионы Ерғали Шамей.

Сонымен қатар, Қазақстан спортшылары командалық жекпе-жекте қола медальді еншіледі. 

«Бұл жетістік - ерен еңбектің және еліміздегі спортты қолдауының нәтижесі», - деді құрама бас бапкері Жандос Қиянов.

Айта кетейік, пара дзюдодан әлем чемпионаты Бакуде 8-11 қараша аралығында өтті. Жарысқа 41 мемлекеттен 300-ден астам спортшы сынға түскен. Байрақты бәсекеде Қазақстан ұлттық құрамасынан 18 спортшы ел намысын қорғады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға