Жаңалықтар

Елордада «Ел жүрегі – Елорда» шығармалар байқауының үздіктері марапатталды

Елордада «Ел жүрегі – Елорда» шығармалар байқауының үздіктері марапатталды
Фото: Астана әкімдігінің ресми сайты 19.10.2023 21:43 979

Астанада бір айға созылған мектеп оқушылары арасындағы «Ел жүрегі – Елорда» шығармалар байқауы өз мәресіне жетті. Бұл туралы қалалық әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Шығармашылық байқау «Елорда Ақпарат» медиасеріктестігінің «Мектеп және Медиасауаттылық» жобасы аясында өтті. Мектеп қабырғасындағы 7-11 сынып оқушылары арасында өткен қалалық байқау алдағы Республика күні ұлық мерекесі мен Астананың 25 жылдық мерейтойына орай Астана қаласы Ішкі саясат басқармасы және қалалық Білім басқармасымен бірлесе жүзеге асты.

Сахна төріне Бас жүлдегер марапатын табыстауға шақырылған Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов аталған байқаудың мазмұнына тоқтала келе, ертеңгі жас ұрпақты патриоттық тәрбиеге негіздеуде осындай жобалардың орны ерекше екеніне тоқталды.

Бүгінгі іс-шараның маңызы өте зор. Бір кезде менің де кішкентай армандарым болған. Адам бала кездегі армандарын арқау етіп, тынбай еткен еңбек пен таудай талаптың арқасында жетістіктерге жетуге болады. Бүгінгі байқауға қатысып, бақ сынаған барлық оқушылардың болашақта арман мақсаттарына жетуіне тілектеспін! Жеңген оқушыларға жеңіс құтты болсын дей келе, жүлдегер қатарына ілінбей қалған үміткерлерге жасымаңыздар, келесі жолы міндетті түрде жеңесіздер дегім келеді, - деді Нұрдәулет Иманәліұлы.

Жалпы, жазуға жаны құштар балалардың еңбектерін бағалау мақсатында өткізілген қалалық байқауға бас-аяғы 230-ға жуық шығарма түсті. Бұл туралы байқаудың мақсаты туралы жан-жақты баяндаған «Елорда Ақпарат» медиасеріктестігінің директоры Олжас Сыдықбек айтып өтті.

Осыдан бір ай бұрын біздер «Мектеп және Медиасауаттылық» тақырыбында айлық өткізген болатынбыз. Осы жоба аясында елордадағы мектептерде бірнеше кездесулер өткіздік. Жобаның мақсаты – жас ұрпақты ақпараттық сауаттылықтан хабардар ету болды. Аталған бастаманың аясында бүгін марапаттау рәсімі өтіп жатқан оқушылар арасында «Ел жүрегі – Елорда» шығармалар байқауын жариялаған болатынбыз. Байқаудың мақсаты – мектеп жасындағы талантты балаларды тану, көрсету болды, - деді Олжас Сыдықбек.

Сонымен ұйымдастыру алқасы бекіткен қазылар шешімімен төмендегі 10 оқушының шығармалары жүлдегерлер қатарынан көрінді:

Ынталандыру жүлдесіне лайық деп С.Сейфуллин атындағы №80 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Ақерке Казимова мен Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясының 6-сынып оқушысы Дінмұхаммед Айтжан, Қаныш Сәтпаев атындағы Binom school мектебінің 6-сынып оқушысы Мақсат Қуаныш танылды. Жүлде иегерлеріне заманауи құлаққап табыс етілді.

Байқау шартына сәйкес, үшінші орынға төмендегі үш автордың шығармасы таңдалып алынды.

Жұмабек Тәшенев атындағы №10 мектеп-гимназияның 8-сынып оқушысы Аружан Жандосова, №30 мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушысы Хусейнмухаммедали Чалышкан, Ә.Бөкейханов атындағы BINOM мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Айкерім Ерлан. Шығармалары жеңіс тұғырынан көрінген бұл оқушыларға Смарт-қол сағаты берілді.

Екінші орынға Қаныш Сәтбаев атындағы Binom School мектебінің 7-сынып оқушысы Кәусар Жазыбай мен Ақшан Әл-Машани атындағы №92 мектеп-лицейінің 7-сынып оқушысы Жігер Берікқалиевтің еңбектері лайық болды. Жеңімпаздарға ұялы смартфон телефондары табысталды.

Сонымен қатар, бірінші орынға М.Мақатаев атындағы №74 мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушысы Әмина Уәлиханның шығармасы лайық деп танылды. Оған планшет табысталды.

Республика күні мерекесі қарсаңында, Астана қаласының 25 жылдық мерейтойына орай алғаш рет өткізіліп отырған «Ел жүрегі – Елорда» шығармалар байқауының Бас жүлдесі, Бурабайдағы «Балдәурен» демалыс лагеріне жолдама Қаныш Сәтбаев атындағы Binom School мектебінің 8-сынып оқушысы Кәусар Шалқарға табысталды.

Айта кетейік, жас ұрпақтың бойындағы шығармашылық қабілетін ашып, бағыт-бағдар беруді мақсат тұтқан айтулы жобаға, белгілі меценат, кәсіпкер Исламбек Салжанов басқаратын Altyn Qyran Foundation қоғамдық қоры бас демеушілік етті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға