Жаңалықтар

Еліміздегі жарнамалар мемлекеттік тілде жазылуы міндетті

Еліміздегі жарнамалар мемлекеттік тілде жазылуы міндетті
Фото: strategy2050.kz 09.03.2023 16:24 1479

Бұл туралы Астана қаласы Коммуникациялар Қызметінің баспасөз орталығындағы брифингте Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

«Елорданың ономастикасы еліміздегі ең ілгері және белсенді ономастикалық жұмыстарды көрсетіп жатқан өңірлердің бірі. Жалпы қаламызда 1127 көше мен даңғылға ат берілген. Оның жартысынан көбісі 1997 жылдан бері берілген есімдер. 92-93% тарихи тұлғаларымыз бен жер су аттарының құрметіне берілген. Елорданы республика бойынша ең көшбасшы өңірлердің бірі деуге болады. Сонымен қатар былтыр жалпы саны 41 құрамдас бөлікке ат берілді», дейді Сәкен Есіркеп.

 Басқарма басшысының айтуынша бірнеше білім беру мекемелеріне атау берілген.  Сонымен қатар Сәкен Есіркеп көрнекі ақпаратқа қатысты мәселені атап өтті.

 «Негізінен жарнамаға қатысты Сәулет қала құрылысы мен Жер қатынастары басқармасы айналысады. Дегенімен біз жарнамадағы сауатты жазуға байланысты белсенді жұмыс жасаймыз. Бірқатар мекемелердің басын құрап, арнайы жоспар кесте жасап, сол жоспарға сәйкес түсіндіру жұмыстарымен айналысамыз. 2021 жылғы  29 желтоқсанда президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Көрнекі ақпаратқа қатысты заңнамалық актілерге бірқатар өзгерістер енгізу жөніндегі» заңға қол қойған болатын. Осы заңның аясында бірқатар өзгерістер орын алды. Бұрын жарнама мемлекеттік тілде және орыс тілінде жазылуы міндетті болған болса, бұдан былай мемлекеттік тілде жазылуы міндетті. Орыс немесе өзге де тілдерде жазылуы қажеттілікке қарай деген талаптар енгізілген болатын. Бұл мәселе бірқатар көрнекі ақпаратқа, жарнамаға және ас мәзіріне  қатысты орын алды» деді ол.

Сонымен қатар Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы елордамыздағы 4 аудан бойынша 68 көшеге рейдтер ұйымдастырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіпті. 

Оның ішінде Сарыарқа ауданы бойынша – 18, Алматы ауданы – 17, Байқоңыр ауданы – 17 көшеге және Есіл ауданы бойынша – 16 көшеге аралап түсіндіру жұмыстары жүргізіліпті. Нәтижесінде 700-ден астам қате жарнамағы түзету енгізілген.

Жалпы жыл соңына дейін 2000-ға жуық заңсыз жарнаманы қалпына келтіру жұмыстарын жүргізілген.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға