Жаңалықтар

Еліміздегі су тапшылығы қалай шешіледі?

Еліміздегі су тапшылығы қалай шешіледі?
Фото: © Pixabay.com 31.08.2023 13:20 2080

Соңғы жылдары Қазақстанда су тапшылығы үлкен мәселеге айналып тұр. Әсіресе, Астана мен Алматыдағы ауыз су мәселесі мен оңтүстік өңірледегі су шаруашылығының жағдайы көп мәселенің бетін ашып бергендей. Мәселен,  биыл Астана қаласындағы көпқабатты үйлерде күндіз су мардымсыз ақса, түнде мүлде тоқтап қалды. Тіпті, қала тұрғындары сенбі және жексенбі күндері сусыз отыруға мәжбүр болды. Бұл мәселе қала тұрғындарының наразылығын тудырды.

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек күзде №3 су сорғы-сүзгі станциясы ашылатынын және елордадағы су тапшылығы шешілетінін мәлімдеген болатын. Дегенмен елорда тұрғындарының саны күн санап артып жатқандықтан, мәселе бір ғана су сорғы-сүзгі станциясымен шешіледі дегенге сену қиын. El.kz  ақпарат агенттігінің тілшісі су саласының сарапшылары және эколог мамандармен бірге бұл мәселені жан-жақты сараптап көрді.

2013 жылы Астананы сумен жабдықтау жүйелерін дамытуды жоспарлау кезінде халық санының өсуін талдау бойынша елорда халқының саны тек 2025 жылға қарай 1,2 млн адамға жетеді деп болжанған. Осыған байланысты жобаларды іске асыру 3 кезеңге бөлінген: 1 кезең – 2015-2017 жылдар, 2 кезең – 2018-2020 жылдар, 3 кезең – 2021-2030 жылдар.

2022 жылдың ортасынан бастап бүгінге дейін елорданың орташа тәуліктік су тұтынуы 320 мың м3 болса, қазіргі қолданыстағы сорғы-сүзгі станциясының өнімділігі тәулігіне 305 мың м3 құрайды. Астана қаласының отын-энергетикалық кешені және коммуналдық кешені басқармасының мәліметінше,  бүгінгі таңда елорда аумағында пайдалануға беру жоспарланып отырған тұрғын үйлер мен азаматтық-өндірістік объектілерін ескергенде ауыз су тапшылығы тәулігіне 35 мың м3 құрайды.  Осыған қарап, соңғы бір жылдың өзінде су тапшылығы артқанын байқауға болады.

Жоспар бойынша биыл қазан айында өнімділігі тәулігіне 105 мың м3 болатын №3 сорғы-сүзгі станциясы іске қосылады. Қала әкімінің айтуынша, станция 2026 жылға дейін өндірістік қуаттардағы су тапшылығы мәселесін шешеді.

Қазіргі уақытта магистральдық және таратушы сумен жабдықтау желілеріндегі су қысымы қалпына келтірілді. Су беруді тоқтату авариялық жағдайларда, сондай-ақ сумен жабдықтау желілерінде жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде болады. Сондай-ақ, көп пәтерлі тұрғын үй кешендерінде судың болмауы көбінесе ішкі сумен жабдықтау жүйелерінің (бітелген сүзгілер, реттелмеген сорғы жабдықтары, жабық ысырмалар және т.б.) жұмысының бұзылуымен байланысты, - делінген Астана қаласының отын-энергетикалық кешені және коммуналдық кешені басқармасының EL.kz тілшісіне жолдаған жауабында.  

Су тапшылығы қалай шешіледі?

Осыдан 10 жыл бұрын Астана қаласын сумен қамтамасыз ету тұжырымын жасаған маман Ерлан Бадашев қазіргі таңда «Астана су қоймасында» су қоры жеткілікті екенін айтып отыр.

Қазіргі таңда қалада №3, 4 және 5 сорғы-сүзгі станцияларын жоспар бойынша салып жатыр. Бірақ олардың барлығы тек бір «Астана су қоймасынан» алынады. Бұл мәселені түбегейлі шешу үшін қауіпсіздік жағдайда норматив бойынша үлкен қалаларда, облыс орталықтарында бір біріне тәуелсіз су көзі болуын қамтамасыз ету керек, - деді маман.

Ерлан Бадашев осыдан бірнеше жылдар бұрын Ақмола облысының су қоймасын басқарған. Өңірдегі ахуалды жақсы білетін маман ретінде су тапшылығын шешудің жолы барын айтты.

Ақмола облысының су қоймасы Есіл өзенінің бойында орналасқан. Онда 370-380 млн текше метр су бар. Ол қазіргі таңда жеткілікті. Оның әр жағында Ертістен Қарағандыға созылған Сәтпаев каналы бар. Бертін келе №19 сорғы-сүзгі станциясын салып, суды Вячеслав су қоймасына жіберген болатын. Қазіргі таңда ол каналдың қуаттылығы 60 пайыз болып отыр, яғни жеткілікті. Бірақ, каналдың су көзі айналып келгенде «Астана су қоймасынан» өтеді, барлық станцияның көзі біреу. Егер суға артық зат түсіп кетсе, ол бүлінсе, онда бүкіл қала сусыз қалады. Сол себептен мамандар 10 жыл бұрын екінші балама көзін ашуды ұсынған болатын. Ертістің басында Белая су жолымен Шідерті су қоймасына канал тарту арқылы Софиийскіде Астана су қоймасынан 3-4 есе көлемі үлкен су қоймасын салатын орын бар. Сол арқылы Астананың төменгі жағы мен Есілге су жіберетін жоба ұсынған болатынбыз. Біріншіден, ол Астананың баламалы су көзі болады және кепілді түрде Астананы сумен қамтамасыз етеді, - дейді Ерлан Бадашев.  

Екіншіден, Мемлекет басшысы атап өткендей, Астананың аумағын азық-түлік белдеуіне айналдыру барысында жаңа су көзінің пайдасы мол болады. Астананың топырағы нәрлі, құнарлы болғандықтан барлық көкөністің түрлері өсе беретінін айтып отыр.

Маманның айтуынша, екінші жобаны іске асырмайынша қаладағы су тапшылығы шешімін таппайды.

Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрайымы Лаура Мәліковадан да қаладағы су тапшылығын шешу жолын сұрап көрдік.

Қазір елорда күннен күнге дамуда. Бірақ, қала бас жоспарға қайшы өсіп жатыр. Қаланың өзінің өсу шегі болу керек. Ауыл, аудан тұрғындарының барлығы бірдей қалаға көшіп келе берсе, ол да дұрыс емес. Жаңа қала болған соң, халықпен қатар, құрылыстың да қарқыны жоғары. Бір-біріне жапсарлас салынған бей-берекет құрылысты азайту қажет, жаңа қала болғандықтан дұрыс реттілік жасау маңызды. Бастапқыда білікті су мамандары дұрыс жоспарлау керек еді. Неге халықтың барлығы Астанаға көшуде? Себебі, қалада жағдай жасалған. Сондықтан еліміздегі барлық өңірлердің жағдайын бірдей жасауымыз керек. Қалаға жаппай көшуді тоқтату үшін ауыл-аудандардың деңгейін көтеру қажет, - дейді Лаура Мәлікова.

Жақында Астанадағы ауыз су тапшылығынан кейін әкімдік қаладағы құрылыс нысандарына бақылауды арттырды. 

«Астана – екінші Венеция»

Биыл Астана үшін ең өзекті тақырып – су. Елорда тұрғындары көктемде ауыз судан тапшылық көрсе, нөсер жауған кезінде қаланы бірнеше рет су алып кетті. Астананың нөсерлі кәріз жүйесінің дұрыс жұмыс істемей, салдарынан кейбір учаскелерді су басқаны үшін «Elorda eco system» директоры Тимур Шоданов қызметінен босатылған еді.

Экологтар әр жауын-шашын сайын қаланы су баса беруіне байланысты бірнеше себебін тарқатып айтты.

Бірінші себебі – Талдыкөлді көміп тастауы.

Астананы нөсер жауған сайын су басады. Оның бір себебі – Талдыкөлді көміп тастаудың салдары. Жер бетіндегі суды көміп тастаған кезде, ол жауын болғанда жердің басқа жерінен шығады. Талдыкөлде тіпті шығатын жер жоқ, клапанды жауып тастаған. Мінекей, содан қаланы су басып, Астана екінші Венеция болып отыр. Табиғатқа қол сұғу міндетті түрде кез келген зиянын келтіреді, - дейді эколог Ерлан Бадашев.

Оның айтуынша, жыл өткен сайын қаланы су басу деңгейі артуда. Бірден бір себеп табиғатқа келтірілген залалдан деп түсіндірді маман.

Эколог Лаура Мәлікова Экология министрлігі мен әкімшіліктің арасында дұрыс жүйе қалыптаспағандықтан елорда осындай мәселеге тап болғанын айтып отыр.

2016 жылы Су кодексінің негізінде Ауыл шаруашылығы министрлігі «Су қорғау аумағын белгілеу» туралы бұйрық қабылдады. Бұйрықта «су қорғау аймақтарын әкімшілік бекітеді» деп жазған. Демек, әкімшілік ол жерге үй салғысы келсе, суды көміп тастап үстіне үй сала береді. Бұл дегеніміз мүдделі қақтығыс. Дұрыс емес жағдай. Сондықтан жаңадан қабылданатын Су кодексіне су қорғау аумағын министрлік белгілеп, оған бассейін инспекцияларын бекітіп, ал іске асыру бойынша жұмыстарды әкімшілікке тапсыру керек. Ал бізде оны бекітетін де, іске асыратын да өкіл ретінде әкімшілікті сайлап қойған, - дейді эколог.

Лаура Мәлікова әкімшілікке бірнеше рет Талдыкөлдің айналасына үй салуға қарсылық танытқан. Себебі, Талдыкөлдің жанына салынған үйлердің құлау қаупі жоғары. Бетонды конструкция ылғалды жерде тұра алмайды, құлап қалуы мүмкін. Тіптен, болашақта ол үйлерден көгерген, сасық иістер шықпасына ешкім кепілдік бере алмайтынын айтып отыр.

Екінші себебі – жер асты конализацияның әлеуеті нашар.

Біздің елде ең алдымен экономика, кейін саясат деген бағыт болды. Сондықтан бірінші Астананың экономикасына байланысты құрылысқа көңіл бөлінді. Бірақ, құрылыстың өзі бастапқыда дұрыс жоспарланбаған. Жаңбыр жауса бітті, қаланың оң жағалауын да, сол жағалауын да бірдей су басып жатады. Көшелердегі, ғимараттардағы жаңбырлы конализацияның құзыреті оған жетпейді. Себебі, бастапқыда оны көп мөлшерде су қабылдай алатындай етіп жасамаған. Құрылысқа ғана көңіл бөле беріп, конализацияның жұмысына дұрыс бағалау жасамаған, - дейді сарапшы.

Қазақ-қырғыз шекарасындағы су мәселесі

Биыл Оңтүстік Қазақстан өңірінің ауыл шаруашылығы да су тапшылығынан зардап шекті.  22 тамыз күні Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы мининстрі Ербол Қарашөкеев «Қырғыз Республикасы жағынан судың аз келіп түсуіне байланысты Жамбыл облысы әкімдігінің ақпараты бойынша шамамен 7,8 мың гектар астық зардап шекті. Оның ішінде қант қызылшасы сияқты әлеуметтік маңызы бар дақылдың алаңы 1,2 мың гектарды құрағанын» мәлімдеді.

Еске сала кетсек, Жамбыл облысында шаруалар пайдаланатын судың 80 пайызы Қырғызстаннан келеді. Сонымен қатар, биыл Қырғызстаннан келетін судың мөлшері 10 есеге дейін азайған. Бүгінде Жамбыл облысының зардап шеккен шаруа қожалықтарына Ауыл шаруашылығы министрлігі барлық шығындардың орнын толтыруға жәрдем көрсететінін хабарлады.

Қазақстан Қырғызстанмен Жамбыл облысын сумен қамтамасыз ету жөнінде маусым айында келіссөз жүргізді.

Бастапқыда Қырғызстан Қазақстанға суды төмен қысыммен қазан айына дейін немесе жоғары қысыммен тамыз айына дейін беру жөнінде екі нұсқа ұсынған. Сол кезде Қырғызстанмен келіссөз жүргізуге барған біздің мамандар екінші нұсқаны таңдаған. Сәйкесінше, Қазақстан өзінің лимитін пайдаланып бітірді. Қазіргі таңда қырғыздардың өздері де шаруаларына суды аз мөлшерде беріп отыр. Бұл жерде келіссөз жүргізген біздің мамандардың мәселені сараптай алмағанында, дұрыс келіссөзге бармай, оңтайлы шешім қабылдай алмағанының зардабын көріп отырмыз. Осы тұста қырғыздардың да позициясын түсінуге болады. Себебі, бүгінде Талас алқабындағы су деңгейі төмендеп кеткен, - деді эколог Лаура Мәлікова.

Шілде айында Қазақстан тарапы Жамбыл облысындағы шаруаларды сумен қамтамасыз ету бойынша талас өзенінінің басссейіні туралы күрделі жағдайды Қырғыз тарапына баяндап, 18 шілде мен 31 шілде аралығында Киров су қоймасынан су жіберуді секундына 45,0 текше метрге дейін арттыруды сұраған. Ал екі ел арасындағы келісім бойынша Қазақстан тарапы секундына 40,0 текше метр су алуы керек болған.

Осы мәселеге байланысты қырғыз тарапы Шу және Талас облыстарындағы суаруға қатысты күрделі жағдай туындағанын Қазақстан тарапын да хабардар етіп, секундына 45,0 текше метрден су жіберілер болса, 1 тамызда Қазақстанның үлесі бар болғаны 3,54 млн текше метрді құрайтынын, ал секундына 10,0 текше метр жіберілген жағдайда 2023 жылдың 4 тамызында таусылатынын ескерткен көрінеді.

Негізі шаруашылықты сумен қамтамасыз ету келісімін ақпан-наурыз айларында бекіту керек. Ал Қазақстан тарапы бұл келісімді қырғыздармен маусым айында бір-ақ бекітті. Оның үстіне келісімді тамызға дейін жасаған. Егер ауыл шаруашылығының маманы келіссөз жүргізетін болса, астықтың барлығы бірдей тамызда піспейтінін білуші еді. Дақылдардың бірі тамызда піссе, енді бірі қазанда пісіп жатады. Оңтүстіктегі су тапшылығына қырғыздардың ешқандай кінәсі жоқ.Бұл жерде дұрыс келісімге келмеген қазақстандық тарап жауапты, - дейді халықаралық сарапшы Ерлан Бадашев.

Оның айтуынша,  Киров су қоймасында 25 млн текше метр су қалған. Оның «өлі» мезгілінің өзінде ең төмен түскені 9 млн текше метрдей су болады. Демек, олар қазірдің өзінде Қазақстан тарапына 20 млн текше метрдей су беру қауқары бар. Қазіргі таңда Жамбыл облысындағы шаруашылыққа қазан айына дейін әрі кетсе 7 млн-дай су керек.

Қазақстан аумағында 8 су байссейні бар. Олар: Арал-Сырдария, Балқаш-Алакөл, Ертіс, Есіл, Нұра-Сарысу, Тобыл-Торғай, Орал-Каспий және Шу-Талас.

Еліміздің ауыл шаруашылығы суды өте көп пайдаланады. Бүкіл Қазақстан бойынша жер беті суының жылдық қоры 100 текше км. Оның 23 текше км3 біз пайдаланып жатырмыз. Сол 23 км3-дің 16 км3-і ауыл шаруашылығына пайдаланылады. Бұл біз пайдаланатын судың 70 пайызын құрайды. Бүкіл әлемдік цифр осындай. Дегенмен судың ысырап болып жатқан жерлері де бар. Бірақ бұл басқа мәселе. Бұнымен де айналысу керек, - деді Бадашев.

Сарапшының айтуынша, еліміздің ауыл шаруашылығында су көзі дұрыс есепке алынбайды.

Бізде шаруашылыққа суды стандарт бойынша қалай бөледі? Мысалы, 1 гектар мақтаға норматив бойынша 7,5 мың текше метр су керек, бірақ нақты түрде 15 мың текше метр су кетеді. Ал күрішке норматив бойынша 15 мың текше км су керек, бірақ 25-30 мың текше су кетеді, яғни, екі есе көп су. Бір мың текше метр суға қанша мақта алуға болады? қанша күріш алуға болады? Осындай көзқараспен қарау керек, сонда ғана біз суды үнемдейміз, - дейді ол.

10 млн қазақстандық суармалы жерде тұрады

Ерлан Бадашев елімізде 19 млн халық болса, оның 10 млн халқы оңтүстікте тұратынын зерттеген. Оңтүстік Қазақстан негізінен суармалы жер.   

Кезінде Қазақстан бойынша 2,5 млн суармалы жер болған. Оның өзі бүкіл Қазақстанда егілетін егіннің 6-ақ пайызын қалаған. Бірақ өнімнің 30 пайызын берген суармалы жерлер де бар. Қазіргі таңда сол 2,5 млн-дай жерден 1 млн-дай ғана суармалы жер қалды. Ол қазіргі таңда  5-6 пайыз ғана өнімді береді. Сол себептен оңтүстіктегі халықтың суармалы жерден басқа тіршілігі жоқ. Малға да шөп керек, ол да суармалы жерден алынады. Сол суармалы жердің 80 пайызы оңтүстікте. Олардың барлығы Сырдарияға байланысты, - дейді маман.

Дамыған елдер шаруашылықта суды үнемдеу үшін тамшылатып суару нұсқасын қолданатынын атап өтті. Дегенмен біздің елде мұндай тәжірибе тиімсіз. Мысалы, Израильде тамшылатып суару әдісінде су топыраққа сіңіп, ылғалды сақтап тұратын болса, біздің оңтүстік өңірлердегі, Қызылордадағы топырақ сазды болғандықтан, ол жерді қатырып тастайды. Сондықтан біз үшін ең тиімді суару – ол дәстүрлі, яғни каналдар мен құбырлар арқылы суару екенін түсіндіріп өтті.

Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрлігі Су комитетітінің мәліметінше, 2029 жылға дейін қосымша су жинақтау үшін 8 жаңа су қоймасы салынады және жұмыс істеп тұрған 16 су қоймасы реконструкцияланады. Қазақстанда барлығы 342 су қоймасы бар. Оның ішіндегі 137 су қойманың тозығы жеткен, 7 су қоймасы авариялық күйде.

Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрайымы Лаура Мәлікова Қазақстанның оңтүстігінде ғана емес, жалпы Орталық Азиядағы қуаңшылық мәселесі климаттың өзгеруіне байланысты деп сараптама жасады.

Қазақстандағы Қазгидрометтің дерегі бойынша, қыс мезгіліндегі ауа температурасы 4 градусқа жылынып кеткен. Бұл дегеніміз таудың басындағы қар жиналып үлгермейді, өте тез еріп кетіп жатыр. Таудың сағасындағы өзендер де күннің ыстығынан кеуіп кеткен. Мысалы, Алматыдағы таудың басындағы қарды бұрыңғымен салыстыруға келмейді, 10 есе аз қар түседі. Сондықтан қазір Орталық Азияда су тапшылығы мәселесі асқынып жатыр, - дейді Мәлікова. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға