Жаңалықтар

Елімізде жаңа көліктер саны артып келеді

Елімізде жаңа көліктер саны артып келеді
Фото: ©El.kz/Нүркен АЛИШЕВ 14.07.2023 15:30 952

Елімізде автокөлік саны бір жыл ішінде 8,4 пайызға көбейіп, биыл сәуірдің соңында 4,1 млн-ға жетті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ranking.kz порталының мәліметінше, өсім барлық жыл санаттары бойынша байқалады. Дегенмен, шыққанына 3 жыл болмаған көліктердің елеулі өсімі тіркеліп отыр. Олардың саны бірден 31,1 пайызға артқан. Сонымен қатар әне-міне ескі көліктер санатына кірейін деп тұрған 10-20 жылдық көліктер саны да 13,5 пайызға көбейген.

Елімізде ескі көліктер әлі көп. Шығарылғанына 20 жылдан асқан автокөліктердің саны бір жылда 4 пайызға артып, 2 млн-ға жуықтады, алайда олардың үлесі 50,3 пайыздан 48,3 пайызға дейін төмендеді.

Оқи отырыңыз:

20 жылдан асқан ескі автокөліктердің ең көп саны Алматы облысында тіркелген: 317,7 мың, одан кейін Алматы қаласы (180,9 мың) және Қарағанды облысы (157,6 мың) тұр.

Бұл ретте, пайыздық үлес бойынша ескі көліктер ең көп өңірлер - Жамбыл (69,6%), Алматы (64,9%) және Оңтүстік Қазақстан (66,6%) облыстары. Бұрынғы Оңтүстік Қазақстанда тіркелген көліктер саны 148,7 мың болса, оның 99,1 мыңы - ескі.

Ескі көліктердің бағасы бесінші ай қатарынан төмендеп келеді. Нәтижесінде, 2023 жылдың маусымында жүрілген жеңіл автокөліктер былтырғы сәйкес мерзімімен салыстырғанда бір айда 1,3 және бір жылда 5,2 пайызға арзандады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға