Жаңалықтар

Елімізде «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі құрылды

Бұл туралы «Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметі мәлім етті
Елімізде «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі құрылды
Фото: gov.kz 28.10.2022 20:51 1118

28 қазанда Халықаралық анимация күні атап өтіледі. Сондай-ақ, биыл қазақстандық анимацияға 55 жыл толып отыр. Осыған орай, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінің ресми ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды El.kz 

Салтанатты шараға қазақ киносының аңызы Асанәлі Әшімов, отандық анимация ардагерлері Тамара Мұқанова, Эрнст Бийсеитов, Гүлмира Садықова, Галина Дусенко, Абай Тоқшабаев, басқа да мәдениет қайраткерлері қатысты.

«Бірінші кезекте, баршаңызды қазақ анимациясының 55 жылдығымен шын жүректен құттықтағым келеді. Бұл мерейтойда ортақ ісімізге үлес қосқан қазақ анимациясының ардагерлері мен ізбасарларына шексіз алғысымызды білдіргіміз келеді. Олар ондаған жылдар бойы тынымсыз еңбек етіп, тәуелсіз Қазақстанда анимациялық саланың қайта жандануын армандады», - деді «Қазақанимация» ШБ басшысы Жәнібек Оразалы құттықтау сөзінде.

«Қазақфильм» киностудиясының мәліметінше, 55 жыл ішінде екі жүзге жуық мультфильм түсіріліп, отыздан аса анимациялық студиялар өмірге келді.

«2018 жылы анимациялық киностудиялар қауымдастығы құрылып, өз кезегінде бұл қауымдастық рухани-мәдени маңызы бар көптеген іс шаралар атқаруда. Соның ішінде жыл сайын ұйымдастырылатын Халықаралық Amen animation film festival айрықша атап өтуге болады. Алдағы жылы Қазақ анимациялық кино өнерінің атасы Әмен Қайдардың туғанына бір ғасыр яғни 100 жыл толмақ. Соның айғағындай осынау ғасырлық мерейтой қарсаңында «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінде Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының тапсырысымен «Әмен ағаның бәйтерегі» атты қысқаметражды мультфильм түсірілу үстінде»,- деп хабарлады киностудияда.

Сондай-ақ «Қазақанимация» бірлестігінің жұмысы басталғалы үш ай ішінде анимация саласындағы әлемнің жетекші мамандарымен шеберлік сыныптары өткен.

«Бүгінгі таңда «Қазақанимация» конкурстық негізде республиканың ірі қалаларынан мәлімделген 167 сценарий ішінен үздік 20 сценарий таңдап алды. 5 минуттық анимациялық картиналардан тұратын 20 пилоттық жобаны желтоқсан айының соңына дейін аяқтау жоспарда тұр. Осы бастамалар арқасында анимация саласындағы жас таланттарды жұмыспен қамтамасыз ету мүмкіндігі пайда болды. Қараша айында отандық анимация саласындағы мамандар біліктілігін арттыру үшін Түркия, Франция, Польша және Испанияның белді шетелдік студияларына барады», - делінген баспасөз хабарламада.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға