Елімізде 22 градус жылы болады: қазанның соңғы күндеріне арналған ауа райы болжамы

Елімізде 22 градус жылы болады: қазанның соңғы күндеріне арналған ауа райы болжамы
Фото: El.kz

Қазан айының соңғы күндері Қазақстанның басым бөлігінде күн жылынады. Кей өңірлерде ауа температурасы 22 градусқа дейін көтерілгенімен, солтүстік пен шығыста қар жаууы мүмкін. «Қазгидромет» синоптиктері 29-31 қазанға арналған ауа райы болжамын жариялады.

Синоптиктер мәліметінше, еліміздің батыс бөлігінде ауа райына ауқымды антициклон әсер етеді. Соның нәтижесінде жауын-шашын азайып, күн жылы болады. Ал солтүстік, шығыс өңірлерде және оңтүстіктің таулы аймақтарында атмосфералық фронттардың ықпалынан жауын-шашын, негізінен қар күтіледі.

Түнде республиканың басым бөлігінде ауа температурасы нөлден төмен түседі. Ал күндіз солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде ауа температурасы 0-5 градустан 5-10 градусқа дейін көтеріледі. Батыс пен оңтүстікте күн әлдеқайда жылы болып, термометр бағаны 17-22 градусты көрсетеді.

Астанада қар аралас жаңбыр жауады

Елордада алдағы үш күнде күн құбылмалы бұлтты болады.

29 қазанда күннің екінші жартысында аздаған жаңбыр жауады. Түнде 2-4 градус аяз болса, күндіз ауа температурасы 9-11 градусқа дейін көтеріледі. Солтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы күндіз секундына 9-14 метрге жетеді.

30 қазанда түнде қар, күндіз аздаған жаңбыр күтіледі. Ауа температурасы түнде 1-3 градус аяз, күндіз 5-7 градус жылы болады.

31 қазанда жауын-шашын болмайды. Түнде 2-4 градус аяз болып, күндіз 7-9 градусқа дейін жылынады.

Алматыда күн 14 градусқа дейін жылынады

Алматыда қазанның соңғы күндері салыстырмалы түрде жылы ауа райы сақталады.

29 қазанда жауын-шашынсыз, көшпелі бұлтты болады. Түнде ауа температурасы 1-3 градус, күндіз 11-13 градус жылы болады.

30 қазанда күндіз жаңбыр жаууы мүмкін. Түнде температура 1-3 градус аязға дейін төмендегенімен, күндіз 12-14 градусқа дейін көтеріледі.

31 қазанда жауын-шашын күтілмейді. Түнде 1-3 градус, күндіз 12-14 градус жылы болады. Үш күн бойы солтүстік-шығыстан секундына 3-8 метр жылдамдықпен жел соғады.

Шымкентте 21 градусқа дейін жылы болады

Үш мегаполистің ішінде ең жылы ауа райы Шымкентте күтіледі.

29 қазанда таңертең және күндіз жаңбыр жауады. Ауа температурасы түнде 4-6 градус, күндіз 16-18 градус жылы болады.

30 қазанда жауын-шашын тоқтап, күндіз ауа температурасы 17-19 градусқа дейін көтеріледі. Түнде 3-5 градус жылы болады.

31 қазанда да күн ашық болып, жауын-шашын болмайды. Күндіз ауа температурасы 19-21 градусқа дейін жетіп, түнде 3-5 градус шамасында сақталады. Желдің жылдамдығы секундына 8-13 метр болады.

Оқи отырыңыз