Жаңалықтар

Елена Рыбакина Индиан-Уэллс мастерс турнирінің чемпионы атанды

Елена Рыбакина Индиан-Уэллс мастерс турнирінің чемпионы атанды
Фото: ktf.kz 20.03.2023 09:04 835

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Индиан-Уэллс WTA 1000 турнирінің чемпионы атанды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Қазақстан теннис федерациясына сілтеме жасап.

Қазақстандық теннисші финалда әлемнің 2-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенкомен кездесті.

Бір сағат 20 минутқа созылып, тартысты өрбіген бірінші партияда Рыбакина тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 7:6 (13:11). Ол екінші сетте де есесін жібермеді – 6:4.

Екі сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында Елена 7 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. 

Осылайша, алғаш рет WTA 1000 жарысының жеңімпазы атанған Е.Рыбакина А.Соболенкодан Аустралия ашық чемпионатының финалында кеткен есені қайтарды.

Жалпы бұл Елена Рыбакинаның карьерасындағы 12-финал болды. Отандасымыз соның төртіншісінде басым түсті. Калифорния корттарындағы жеңісі үшін ол 1000 ұпаймен бірге 1 миллион, 262,220 мың АҚШ долларына ие болды. Осылайша, Рыбакина бүгін жаңаратын WTA рейтингінде 10-орыннан 7-сатыға көтеріледі. Бұл қазақ теннисі тарихындағы ең үздік көрсеткіш.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға