Жаңалықтар

Елдос Сарқұлов: «Өз жерімде жеңіске жетуім керек»

Кәсіпқой бокс
19.05.2016 05:05 2671

Бұған дейін кәсіпқой бокста үш жекпе-жек өткізген, әлеуеті зор жерлесіміз Елдос Сарқұлов ертең өзінің кезекті айқасын өзбек мықтысы Шерзодбек Мамаджоновпен өткізеді. Өзінің дайындығы жайлы және қарсыласының қарымдылығы туралы Елдос бізге берген сұхбатында былай дейді. 

Елдос Сарқұлов: «Өз жерімде жеңіске жетуім керек»

- Қазір Астанада әріптесім Айдар Шәрібаев екеуміз жаттығып жүрміз. Жаттықтырушымыз Дәурен Жолдасов бізге бар білгенін үйретуде. Қай раундта қалай жұдырықтасу қажеттігіміз туралы, қандай тактика қолдануымыз керектігі жөнінде кеңестер беріп жатыр. Мұның барлығы ертең шаршы алаңға шыққанда үлкен көмек болады.

- Қарсыласың Өзбекстан боксшысы Шерзодбек Мамаджонов болатындығы белгілі болды. Оның артық-кемшіліктерін зерттей алдың ба?

- Өзбек боксшыларына тән бір мінез бар. Олар қарқынды келеді. Оның үстіне, Мамаджоновтың кәсіпқой бокстағы тәжірибесі көп. Еншісінде 13 жеңіс бар, оның тоғызын нокаутпен аяқтаған. Оң қолымен жақсы жұмыс істейді. Дегенмен, әр боксшының өз кемшіліктері болады ғой. Қарсыласымның әлсіз тұсын табуға тырысамын.

- Спарринг-серіктес ретінде боксшыларды Өзбекстаннан шақыртқан екенсіздер. Бұл дайындығыңызға қаншалықты көмектесіп жатыр?

- Әлбетте, өзбек боксшысына қарсы жұдырықтасатын болғандықтан спарринг-серіктесің де сол елден болғаны маңызды. Қанша дегенмен, бокс мектебі бір ғой. Сондықтан, бұл жайт дайындығыма үлкен көмек болып жатыр. Орайы келіп тұрғанда жаттығуымызға зор көңіл бөліп, спарринг-серіктестерді де тап басып тауып берген «Diamond Ring» промоутерлік компаниясына зор алғыс білдіргім келеді.

- Қарсыласыңыздың қарымды екенін ескерсек жекпе-жекті толық өткізуге тура келуі мүмкін. Алты раундтық айқасқа дайынсыз ба?

- Бұған дейін де 2014 жылдың желтоқсанында 6 раундтық жекпе-жек жұдырықтасқанмын. Украина астанасы Киевте өткен жекпе-жекте сол елдің боксшысы Михайло Андриецпен айқасып, төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жеткенмін. Сондықтан, 6 раундтық айқаста тәжірибем бар. Физикам да жетеді деп ойлаймын. Ең бастысы, күшіңді әр раундқа өлшеп шығуың қажет.

- Жарақатыңызға байланысты бокстан бір жылға қол үзіп қалған едіңіз. Бүгінде бабыңызға келіп үлгердіңіз бе?

- Басында жаттығулар кішкене ауырлау болды. Бірақ қазір үйреніп қалдым. Бапкерім Дәурен Жолдасовтың жаттықтыруларының арқасында күн өткен сайын күш жинап келе жатқанымды сезіп жүрмін. Оның үстіне, шаршы алаңға шықпағаныма бір жылдан асқанымен бокстан қол үзген емеспін. Өз бетімше жаттығу жасап жүрдім. Жекпе-жекке дейін әлі бір аптадан астам уақыт бар ғой. Оған дейін толық бабыма келемін деп ойлаймын. Қайткен күнде де өз жерімде, өз жанкүйерлерімнің алдында жеңіске жетуім керек.

- Сұхбатыңызға рахмет! 


Алмас САУДАНБАЙ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға