Жаңалықтар

«El.kz» интернет жобасына Астана қаласы әкімінің орынбасарының алғыс хаты табысталды

«El.kz» интернет жобасына Астана қаласы әкімінің орынбасарының алғыс хаты табысталды
09.12.2015 04:54 4921

Елордадағы «Тілеп-Қобыз Сарайы» концерт залында Тәуелсіздік күніне орай Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Азаттық туы желбіреп...» деген тақырыпта әдеби-сазды кеш өтті.

«El.kz» интернет жобасына Астана қаласы әкімінің орынбасарының алғыс хаты табысталды

Тілдерді дамыту басқармасы ұлттық сананы күшейтіп, тарихи танымды тереңдетіп, ұлттық рухты асқақтатуда аянбай еңбек етіп жүрген азаматтардың басын қосты. Ғибраты мол кеш барысында 24 жыл бойы осы бағытта атқарылған жұмыстарға шолу жасалып, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге үлес қосып, насихаттап жүрген ұжымдар мен азаматтарды марапаттады.

- Тілеуғали Қышқашбаев, Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы:

- Бүгінгі кешімізге тәуелсіздік жолында еңбек жасап жүрген азаматтар мен азаматшалар, тарихтың жанашыры, тіл жанышырлары жиналып отыр. Арамызда жыл бойы қазақ тілін, оның қолдану аясын БАҚ арқылы, театр және өнер, мәдениет және білім, музей арқылы насихаттаған түрлі сала ұжымдары мен басшылары отыр. Бізбен бірлесе жұмыс істеп, ортақ іске қосқан үлестері үшін алғыс айту мақсатында бас қосып отырмыз. 

Тағылымды кеш барысында ұйымдастырушылар ұлттық құндылықтарымыздың мекені болып табылатын – Ұлттық музей директоры Дархан Қамзабекұлын, білімді жастар тәрбиелеп, өнер мен ғылымды ұштастыруға аянбай үлес қосып келе жатқан оқу орындарының бірі – С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті ұжымын, Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының директоры Болат Ұзақовты, «Нұр Отан» партиясы Төрағасы Бірінші орынбасарының кеңесшісі Берік Уәлиді арнайы алғыс хатпен марапаттады.

«Қазконтент» АҚ «El.kz» интернет жобасына рухани қазыналарымызды насихаттап, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге және қазақ жастарының бірігуіне ұйытқы болған еңбегі мен баянды жұмысы үшін Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаевтың арнайы алғыс хаты табысталды. «El.kz» интернет порталы тілді дамыту мақсатында этнографиялық тақырыптар мен сөздіктер, елтану бойынша этнонимдік атаулар, тұлғалар туралы тарихи-танымдық мақалалар жазады. Сайтта жарияланған мақалалар санының тоқсан пайызы мемлекеттік тілде екенін айта кеткен жөн.

«El.kz» интернет жобасына Астана қаласы әкімінің орынбасарының алғыс хаты табысталды

«El.kz» интернет жобасына Астана қаласы әкімінің орынбасарының алғыс хаты табысталды

Әдеби-сазды кеште «Ақ жауын» ансамльі әсерлі композиция тарту етсе, Секен Тұрысбек күмбірлеген күйімен жұректі тербеді. Әнші Досымжан Таңатаров, Медет Салықов, Клара Төленбаева, Ибраһим Ескендір, Елена Абдыхалықова сынды өнер дүлдүлдері әннен шашу шашса, ақын Қалқаман Сарин «Дала» атты өлеңін оқып, жиналған халықтың рухын көтерді.

Сондай-ақ кеш барысында Светлана Жақияқызы, Сұлтан Оразалин, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл, Рабиға Аманжолова секілді аға-апаларымыз елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру, елорда атауының өзгеруі, шаһар көшелеріне қазақша атау беру, бас қаладағы қазақ мектептерінің қанат жаюы секілді тақырыптарда әңгіме өрбітіп, естеліктерімен бөлісті.

Ойы мен мақсаты, арманы мен ұстанымы бір арнаға тоғысқан ұлт жанышырлары әдеби кеш барысында сөздерін жастарға қарата сөйлеп, тәу етер жалғыз киеміз, қастерлі тәуелсіздігімізді бағалауға шақырды. 


Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға