Жаңалықтар

ЭКСПО-2017 қарағандылық кәсіпорындарға жаңа мүмкіндіктер ұсынуда

Бүгін «Астана ЭКСПО-2017» ҰК басшылығы және бас мердігерлердің Қазақстан аймақтарындағы кәсіпорындармен кезекті кездесуі өтті.
29.07.2015 10:00 3298

Бүгін «Астана ЭКСПО-2017» ҰК басшылығы және бас мердігерлердің Қазақстан аймақтарындағы кәсіпорындармен кезекті кездесуі өтті. 24 шілде күні Қарағанды облысындағы отандық бизнес өкілдері Астанаға келіп, ары қарай ынтымақтастық жүргізудің мәселелерін талқылады, деп хабарлайды «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.

ЭКСПО-2017 қарағандылық кәсіпорындарға жаңа мүмкіндіктер ұсынуда

 «Көрмеге қатысушы елдерден 4,5 мыңнан аса адам келеді. Сондықтан бізге құрылыс кезеңдерінен бастап қонақтарды қабылдауға дейінгі бүкіл мәселелерді ойластырып алу қажет. Құрылыс саласын ғана емес, сондай-ақ, қызмет көретудің қасық, шанышқы, сүлгі, жиһазға дейінгі бүкіл саласын отандық тауарлармен қамтамасыз ету қажет. Көрме аяқталғаннан кейін бұл кешеннің қызметі тоқтап қалмайтынын ескертеміз. Мұнда Қаржы орталығы орналасатын болады. Көрмеден кейінгі кезеңде сіздер ұсынайын деп отырған бүкіл өнімге деген сұраныс жоғары болмақ. Әрине, тиісті бағасы, сапасы мен жеткізілім мерзімі қамтамасыз етілген жағдайда», - деді «Астана ЭКСПО-2017» ҰК басқарма төрағасының орынбасары Алмаз Жаманбеков.

ЭКСПО-2017 нысандар құрылысына арналған жұмыстар мен қызметтердің қажетті көлемімен, құрылыс материалдарын жеткізудің ары қарайғы шарттарымен танысу мақсатында мәжіліс жұмысына аймақта құрылыс индустриясымен, жеңіл өнеркәсіппен айналысатын және тағы да басқа салаларда өз қызметін жүргізіп жатқан барлығы 40-тан аса кәсіпорынның басшылары қатысты.

Қазіргі таңда Қарағанды облысындағы металл бұйымдары, металл құрылмалары, тоқыма, болат төсемдер, қабырғалық қалқалар, бағаналар мен темірбетонды бұйымдар өндірісімен айналысатын 13 компания Қазақстандағы ең ірі құрылыс нысанына өз өнімдерін жеткізу туралы меморанумдарға қол қойып қойған. Жасалған келісім-шарттардың жалпы сомасы 6 млрд. теңгені құрап отыр. «Астана ЭКСПО-2017» ҰК бас мердігерлерімен келісім-шарттарға отырған жеткізуші кәсіпорындар қатарында «АрселорМиталлСтил» ЖШС, «Имсталькон» ЖШС, «Металл Профиль зауыты» ЖШС, «PowerBeton» ЖШС, «Промгарант» ЖШС, «СпецМашХолдинг» ЖШС секілді осы аймақта өз қызметін жүргізіп жатқан компаниялар бар.

«Біздің өндірісіміздің, Қарағанды лак және бояу жасау зауытының негізі 2003 жылы қаланды. Кәсіпорын модульдық технология бойынша жұмыс жасайтын толығымен автоматтандырылған өндіріс болып табылады. Біз үшін бұл кездесу аса пайдалы болды, өйткені мұнда іскерлік байланыстарды орнатып, ЭКСПО-2017 жобасы үшін сатып алулармен айналысатын жауапты тұлғалармен танысуға мүмкіндік бар. Қазір біздің тауарларымыз қолданылуы мүмкін әрлеу жұмыстарын бастауға әлі ерте, алайда мен келешекте жасалатын мәмілелердің шарттарын талқылау үшін осында келдім», -  деді Қарағанды лак және бояу жасау зауытының өкілі Виталий Цецорин.

Мұндай ынтымақтастық ең ірі ұлттық жобаны жүзеге асыруға отандық бизнесті барынша кеңінен тартып, көрме кешені нысандарын салу кезінде қазақстандық мазмұнның үлесін ұлғайтуға мүмкіндік беріп, Қарағанды облысының дамуына септігін тигізбек.

2014 жылдың 7 қарашасында «Астана ЭСКПО-2017» ҰК» АҚ және Қарағанды облысының әкімдігі көрме нысандарының құрылысына отандық тауар өндірушілерді тарту туралы меморандумға қол қойғанын еске саламыз.


Дария Жұмалиева

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға