Жаңалықтар

Экс-кеңесші жолақыны Алматыда 425, Астанада 350 теңгеге көтеру туралы ұсыныстың себебін түсіндірді

Экс-кеңесші жолақыны Алматыда 425, Астанада 350 теңгеге көтеру туралы ұсыныстың себебін түсіндірді
Фото: facebook.com/Olzhas-Baidildinov 15.08.2023 14:02 2173

Жақында Алматыда қоғамдық көлікте жол жүру құны 20 теңгеге өсті. Бұл шаһарда автобус билеті 11 жылдан астам уақыт бойы өзгеріссіз болған екен. Алматыда осындай қымбатшылық болып жатса, бас қаламыз Астананың атқамінер шенеуніктері де қарап қалмасы анық. Қазір елордада билет бағасы 90 теңге. Тіпті, Астанада қоғамдық көлікте жүру құнын 350, Алматыда 425 теңгеге өсіру керек дейтін сарапшылар пайда болды, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл ұсыныстың авторы – «Қаңтар оқиғасы» қарсаңында «Газ қымбат болса қоғамдық көлікпен жүріңіздер» деген Энергетика министрлігінің экс кеңесшісі, мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов болатын. Біз өзімен тілдесіп, бұлай айтуының себебін сұрадық.

Астанада осы күні 1153 автобус бар екен. Олар күнделікті 600 мыңнан астам рет қатынайды. Марқұм Бердібек Сапарбаевтың ұлы Жансұлтан Сапарбаев басқаратын қалалық көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы жыл басында қалада 400-ге жуық автобус жетіспеушілігі туындағанын айтқан. Мәселені жыл соңына дейін шешеміз деп уәдені де беріп тастады. Алайда мәселе қоғамдық көліктердің санына ғана емес, сапасына да келіп тіреліп тұр. Олжас Байділдинов сапаны арттыру үшін жол жүру құнын арттыру қажет дейді. Жағдайдың реттеудің осыдан басқа жолын көріп тұрмағанға ұқсайды.

Қоғамдық көліктердің жолақысын көтеру керек. Себебі, жыл сайын бұл саладағы қызмет сапасының нашарлап жатқанын байқап отырмыз. Қазіргі таңда автобусқа ешкім отырғысы келмейді, әсіресе таңғы және кешкі қарбалас уақытында адам лық толы. Автобустардың көбісі қолайсыз және жаңа транспорттар жоқ. Бұрынғылары ескіріп қалған. Автобустардың іші жазда ыстық, ал қыста суық, негізінде керісінше болуы керек еді», - дейді Олжас Байділдинов.

Оның айтуынша, транспорт саласына мемлекеттен бөлінген субсидия тиімсіз. Ашығын айтқанда, бұл саладан жемқорлар көбірек пайда көріп отыр деп санайды. Өзінің мысалын да келтірді.

Биыл Алматы қаласының әкімдігі автобустардың тасымалына 86 миллиард теңге қаржы жұмсаған. Бірақ жұмсалған қаржы өзін өзі ақтамай отыр. Бұл өте үлкен көлемдегі қомақты қаражат. Бұл қаржыға қалаға жаңа 20 мектеп салуға болатын еді. Ал бізде осындай көлемдегі қаражатты жыл сайын тек транспорт саласына салып отырады. Дегенмен одан қаладағы қоғамдық көліктердің сапасы жақсармады, - дейді сарапшы.

Жыл сайын қоғамдық транспорт саласы мемлекет бюджетінен субсидияланып отырады. Астана қаласының әкімдігінің хабарлауынша, соңғы 5 жылда қоғамдық көлік саласына 85,5 миллион теңге қаражат  бөлінген.  Нақтырақ айтқанда, 2019 жылы 6,9 миллион теңге, 2020 жылы 16,4 миллион теңге, 2021 жылы 17,8 миллион теңге, 2022 жылы 21,4 миллион теңге және биылғы жылға 23 миллион теңге қаржы бөлінген. 

Жақында Алматыда қоғамдық көліктің шығынсыз тарифі жарияланды. Ол – 425 теңгені құрады. Биылғы өсім тағы да тасымалдаушылардың шығынын жоймайды. Астанада шығынсыз тариф (бұрын мәслихат сессиясында жарияланған) – 350 теңгеден жоғары. Сондықтан Алматыда автобустағы бір жолақы құны 425 теңге болса, ал Астанада баға сәл төменірек 350 теңге құрау керек, - дейді Олжас Байділдинов.

Экономист Қайырбек Арыстанбек соңғы жылдары елімізде Үкімет пен Ұлттық банктың экономикалық саясатының салдарынан баға қатты көтеріліп кеткеніне тоқталды. Сөзінше, инфляцияны көтеру бұл тек қана азық-түлік бағасының өсуі, тауарлардың қымбаттауы ғана емес, көптеген қызмет көрсету салаларындағы да бағалар көтеріледі. Соның ішінде жанар-май, транспорт саласына қажетті жабдықтардың да сәйкесінше құны қымбаттап жатыр.

Жолақының деңгейі халықтың табыс деңгейіне сай белгіленуі керек. Одан келіп түскен қаржыға автопарктердегі автобустарды жөңдеу, жаңарту керек. Қоғамдық көлік те қажет. Алматы мен Астана дотациялық өңірлер қатарына жатпайды. Екеуі  республикалық бюджеттің доноры саналады. Сондықтан, бағаның өсуі қала тұрғындарының қалтасына қатты соққы береді деп айта алмаймын, - дейді Қайырбек Арыстанбек.

Осы тұста, Астана қаласы көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы қаладағы жолақының бағасын өсіру күн тәртібінде тұрамағанын мәлімдеді.

Экспресс автобустар қайда кетті?

Елордада қала ішінде және қала сыртына қатынайтын экспресс автобустар жүрді. Олардың қарапайым автобустардан айырмашылығы белгілі бір аялдамаларда ғана тоқтады және жылдам жеткізу саласын қамтыды. Соған сәйкес құны да жоғары 180 теңге болды.

Бір байқағанымыз 2020 жылы пандемиядан кейін қаладағы экспресс автобустар қатары азайды, кейін тіптен тоқтап қалды.

Пандемия кезінде сол кездегі шектеулерге байланысты экспресс-автобустардың қозғалысы тоқтатылды. Алайда экспресс маршруттарға бөлінген автобустар бос тұрмайды, олар қаланың қолданыстағы бағыттары бойынша жүреді, - деді Астана қаласы көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы.

Осыдан бірнеше ай бұрын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев 4 пайыздық жеңілдетілген автонесие бағдарламасы тоқтатылып, бағдарламаға бөлінген қаражат алдағы уақытта елімізге жаңа автобустарды сатып алуға жұмсалатынын мәлімдеген болатын.

Экономист Расул Рысмамбетов бұл шешім өте дұрыс жолға қойылған бастама екенін түсіндіріп өтті.

Жеңілдетілген автонесие бағдарламасы автомобиль өндірісінің қызметін арттыру мақсатында пайда болған жоба болатын. Дегенмен менің ойымша, машина саласындағы қазақстандық компоненттердің саны өте аз және автоөндіріс саласы бізде шығып үлгермей жатыр. Сондықтан бұл тұрғыда Үкімет жолаушыларды тасымалдайтын транспорт саласына ден қойды деп ойлаймын. Себебі, қоғамдық көлік әрқашан керек. Автонесиемен берілген жеке меншікті көлікке қарағанда халықты жаңа қоғамдық көлікпен қамту әлдеқайда тиімді болады, - дейді экономист.

 

Жүргізушілердің жалақысы екі есеге өсті

2017 жылдан бастап елордада қоғамдық көліктің жолақысы электронды төлем жүйесіне көшті. Автобустардағы кондукторлардың жұмысы тоқтатылды. Сөйтіп, транспорт инспекторы қызметкерлері пайда болды. Соңғы 5 жылда автобус жүргізушілерінің жалақысы екі есеге дейін өсті. 2018 жылы автобус жүргізушілерінің орташа жалақысы 250 мың теңгені құраса, бүгінде орташа жалақы 400 мың теңгеге жеткен. Бірақ соған қарамастан автобус жүргізушілері жетіспейді.

 

Бәсекелестік жоқ...

Сарапшының айтуынша, бұл салада ашық және таза бәсеке жоқ.  Ол автобус парктері тек мемлекет тарапынан қарастырылған субсидиямен қамтылып отыр және ол жемқорлық алаңына айналып отыр деп санайды.

 Салада жыл сайын жемқорлық деректері анықталып отырады. Сондықтан бұл жерде тек бір ғана шешім бар. Мұнда еркін нарықтық бәсекелестік болуы керек, яғни кез келген автобус паркі, кез келген кәсіпкер келіп өзінің жобасы мен бағытын ұсынуына мүмкіндік жасау. Кейін оны қала басшылығы бекітіп, нарыққа сай бағаны белгілеу, - дейді Расул Рысмамбетов. 

Ол энергетика министрлігі елімізде барлық энергетикалық ресурстарда тапшылық туындап жатқанын ашық және ресми түрде мәлімдеуі керектігін айтып отыр. 

Дизельдік отын, сұйытылған және табиғи газ, электр энергиясы, жылу энергиясы, авиациялық отын және битум бойынша барлық аудандарда тапшылық бар және бұл ресурстар елімізде жетіспейді. Сондықтан біз бұл ресурстарды сырттан импорттаймыз немесе тапшылықтың салдарынан аялдамада автобус күтіп отырған жолаушылар сияқты отыра береміз, - дейді экономист.  

Ірі қалаларда автобус пен отын тапшылығы барын айттық. Соңғы бірнеше жылда такси сервисін пайдаланушылар қатары артқан. Дегенмен таксидің сапасы мен құнына да шағымданып жатқандар аз емес. Мысалы, ауа райының қолайсыздығына байланысты олардың қызмет құны да күрт шарықтап кететіні жасырын емес.

Таксидің бағасымен күресу үшін біз Яндекс қосымшасына немесе операторлардың жұмысына талдау жүргізіп, шектеу қоя алмаймыз. Бұл дұрыс емес. Таксидің бағасымен күресу қоғамдық көліктегі қызмет көрсету сапасын арттыру арқылы жүргізілуі керек, ал бағаны өсірусіз мұны істеу мүмкін емес, - дейді ол.

Экономист Расул Рысмамбетов транспорт саласында нарықтық тұрақты баға болуы керек дейді. Дегенмен Алматы мен Астана және басқа қалалардағы бағаның біркелкі болмауы ол өңірдегі ахуалғада байланысты екенін айтып отыр.

Қаладағы қоғамдық көліктегі жолақының бағасына келетін болсақ, әр өңірде әр түрлі болуының зардаптары бар. Өйткені бұл жағдай қаладағы кептеліске, жолаушылардың санына, сондай-ақ транспортқа жұмсалатын шығын мен қажетті құрал-жабдықтарға да байланысты белгіленеді. Қазір қайда барсаң да барлық жерде бағаның өсуін көруге болады. Бұл жерде басқа ештеңе істей алмайсың. Нарықтағы баға біркелкіленген кезде жолаушыларды тасымалдау қызметінде өзара бәсекелестік артады деп ойлаймыз. Транспорт саласындағы қызмет көрсетушілер арасында әркім өз тұтынушылары үшін жоғары қызмет түрін ұсынуға талпына түседі, - дейді сарапшы.

Ал Олжас Байділдинов әлемде дамыған елдер қоғамдық көліктің сервисін арттырып жатқанын айтып отыр. Сөзінше, бұл жағдай мұнай өнімдерінің нарығына бірқатар ықпалын тигізеді. Сондықтан ресурстардың тапшылығына ұшырап отырған Қазақстан осы жағдайдың алдын алу керек деп санайды.

Баға жоғары болсын, төмен болсын адам таксиге, қоғамдық көлікке және өзінің меншікті көлігіне шығын шығарады. Бізде ешкім мінбейтін автобустарға көбірек ақша жұмсайды, тіпті оларға бөлінген қаражаттан да көп ақша кетеді. Қазіргі таңда бүкіл әлем қоғамдық көліктермен жүруге көшіп жатыр. Әсіресе, бұл қатарда Еуропа елдері және басқа да дамыған елдер бар. Өйткені, бұл – үнемді, автобустар көбейіп, оны пайдаланатындар көп болса, соғұрлым жолда көлік азайады. Кептеліс болмаса, мұнай өнімдерінің нарықтағы қымбат бағадағы импортқа тәуелділігі азаяды. Себебі, Қазақстанда қазіргі таңда мұнай тапшылығы туындауда, - дейді Байділдинов.

Сарапшының сөзінше, алдағы уақытта елімізде мұнай өнімдерінің бағасы қымбаттайды. Бұл тікелей транспорт саласына өз әсерін тигізеді деп отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға