Жаңалықтар

Экономиканы дамытудың ең тиімді тетігі – демократия

Экономиканы дамытудың ең тиімді тетігі – демократия
16.02.2023 12:00 2203

2025 жылға дейінгі дамудың ұлттық жоспары, Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі қабылданды. Қаңтар оқиғасынан кейін елімізде қоғамның сан саласы жаңа бағытта дами бастады. Оның ішінде экономика саласы да бар. Мемлекет басшысы жаңа экономикалық саясатқа көшетінімізді айтты.  Жаңа экономикалық саясат ол қандай саясат? Не өзгерісссіз қалды? Не жаңарды?

«Біздің экономикалық саясатымыздың базалық мақсаты – өзгеріс­сіз қалады, азаматтарымыздың сапалы әрі инклюзивті тұрмысы қамта­масыз етілуі керек», деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осылайша жаңа экономикалық саясаттың өзегі – бәріне бірдей мүмкіндік жасау екенін ел Президенті мәлімдеді.

Президент тапсырмасына сәйкес, Жаңа экономикалық саясаттың негізгі бағыты – жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, сонымен бірге мемлекеттің экономи­каға араласуын азайту, бәсе­келік ортаны қалыптастыру, ұлттық табысты әділетті бөлу.

Экономист Сапарбай Жұбаевтың айтуынша, жаңа экономикалық тұжырымдаманың негізгі бағыты – монополиядан шығару.

«Екінші республика», «Жаңа Қазақстан» дейміз. Осы екінші әкімшілік келген кезде монополиядан шығару мәселесін айтты. Осыған қатысты президентіміз өзінің пікірін білдірді. Осы мәселелерді бейбіт жолмен қарастыра бастаған кезде «Қаңтар оқиғасы» басталды. Бұл «Қаңтар оқиғасы» біздің екінші әкімшіліктің, президенттің саясатының одан әрі жандануына түрткі болды. Себебі «Қаңтар оқиғасынан» кейін көп келеңсіз нәрселердің беті ашылды. 162 адам 50% Қазақстанның байлығына иелік ететінін біз білуші едік, ресми түрде айтылмаушы еді. Мұны «Қаңтар оқиғасынан» кейін Президенттің өзі айтты. Біздегі квази мемлекеттік ұйымдар басшылары, министрлер бір-бірімен жең ұшында жалғасып жатты. Бұл экономика саласындағы монополия түсінігін туындатады. Осы себептен де қазір барлығын өзгертіп, жаңартып, жаңа Үкімет, Парламент, Конституциялық сот құрып жатырмыз. Жаңа Үкіметті жасақтадық, Сенат депутаттары жаңарды, енді Мәжіліс сайлауын өткізіп, толық жаңартып алсақ, жаңа әкімшіліктің жаңа экономикалық саясат қалыптастыруға мүмкіндігі болады деп ойлаймын. Көпшілік экономикалық саясатты Экономика министрлігі, Ұлттық банк немесе Қаржы министрлігі қалыптастырады деп ойлайды. Бірақ бұл олай емес. Экономика – өте күрделі ұғым. Экономиканың бір тұжырымдамасы – саясат. Экономика дамуының ең тиімді тетігі – демократия. Елде демократия болса, экономика еркін ағымда дамиды», – дейді экономист Сапарбай Жұбаев.

Экономист жаңа экономикалық саясат жүзеге аса бастағанда халық ұлттық табысқа ортақтасып, игілігін көретінін айтты. Бұл IPO арқылы жүзеге асады.

«Негізгі өзгеріс – монополиялық-олигархиялық экономикадан баз кешіп, өркениетті мемлекеттердегідей халықтың қатысуын көбейтуге өтіп жатырмыз. Оның ең басты көрінісі – квазимемлекеттік кәсіпорындардың жекешелендірілуі. Мәселен 2011 жылы «Қазтрансойл» компаниясының IPO бағдарламасына халық қатысты. Сол кезде монополистерді шектеу мақсатында осындай бағдарлама қолға алынды. Бұл жеңілдетілген бағамен акциядан үлес сатып, халықтың да түскен табыспен бөлісуіне мүмкіндік жасау үшін жасалған еді. 2011 жылы басталуын басталғанымен, аяқсыз қалды. Бұған олигархтардың өз табысын халықпен бөліскісі келмеуі – себеп. «Қазақстан темір жолы», «Kegog» компаниялары жекешелендірілмей қалды. Біз осыны өзгертпекшіміз. «Қазақмұнайгаздың» 5% акциясы сатылды. Одан кейін жер мәселесі. Біз бұған дейін жердің иелері кім, латифандистер кім екенін білуші едік. Бірақ ол туралы ашық айтылмайтын. Қазір барлығы ашық айтылып, жер мемлекетке қайтарылып жатыр. Мәселен, Алматы облысында, Солтүстік Қазақстан облысында, Оңтүстік Қазақстан облысында жер қайтарылып жатыр», – дейді ол.

Сапарбай Жұбаевтың айтуынша, жаңа экономикалық саясат жүзеге асса, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарады.

«Әлеуметтік жағдайға тікелей әсер етеді. Мәселен өткен жылы қанттың бағасы шарықтап кетті. Монополист біздегі өндірілген қантты сатып алып, қымбат бағамен қайта сатты. Бағаны төмендетуге ақша бөлу мұның барлығы жемқорлықтың нәтижесі. Президентіміз мемлекеттің экономикаға килігуін азайтатынымызды айтты. Экономика өз ағынымен дамыса, ол тез дамиды. Экономикада монополияның үлес салмағын азайту әлеуметтік жағдайға тікелей әсер етеді», – дейді Сапарбай Жұбаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға