Екінші рет лазерлік операция жасатуға бола ма?

 ЖИ (ChatGPT) көмегімен жасалды
Фото: ЖИ (ChatGPT) көмегімен жасалды

Лазерлік коррекция жасату қажеттілікке айналды. Десе де ота жасатқаннан кейін көз күтімін ұмытып кететіндер бар. Салдарынан көздің көру қабілеті төмендейді. Осы турасында көз дәрігерлерінің кеңесін ұсынамыз.

Дамир Рахманбердиев Шымкент қаласында тұрады, жасы 32-де. 2023 жылы көру қабілетін жақсарту үшін FemtoLASIK әдісімен лазерлік коррекция жасатады. Отадан кейін дәрігер ұсынған күтім ережелерін толық орындамайды. Арнайы көз тамшысын уақытынан бұрын тоқтатып, ұсынылған жаттығуларды да жасамайды.

Менің екінші рет көзіме ота жасатқым келеді. Бірақ жүрексініп жүрмін, – деді ол.

Отадан кейін көру қабілеті нашарлауы мүмкін бе?

Дамирдің жағдайы туралы маманнан кеңес сұрадық. Офтальмохирург Ләззат Назарованың айтуынша, операциядан кейін көздің минус көрсеткіші бірден бұрынғы қалпына түспейді.

Кейбір адамдар уақыт өте келе өзгеріс байқауы мүмкін. Егер қажеттілік туындаса, дәрігерлер қосымша түзету – қайта коррекция жасау мүмкіндігін қарастырады, – дейді офтальмохирург.

Көзге қалай күтім жасау керек?

Консультативтік-диагностикалық бөлім меңгерушісі, жетекші рефракциялық хирург Азамат Тоқтаровтың айтуынша, лазерлік түзетуден кейінгі ең маңызды міндеттердің бірі – дәрігер жазып берген тамшыларды уақтылы қолдану.

фото: Азамат Тоқтаровтың жеке мұрағаты

Алғашқы тәулікте көзді уқалауға, қатты қысуға болмайды. Бірнеше күн бойы бассейнге, моншаға барудан және ашық суға түсуден бас тартқан дұрыс. Сондай-ақ, ауыр физикалық жүктемелерді шектей тұрған жөн, – дейді дәрігер.

Маманның сөзіне сәйкес, бүгінгі технологиялар бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жетілдірілген. Мысалы, SmartSight секілді жаңа әдістер қолданылған кезде оңалту кезеңі жеңіл өтеді әрі шектеулер аз болады.

Операциядан кейінгі нәтижені сақтау жолдары

Лазерлік коррекция кезінде көздің қасаң қабығының пішіні өзгереді. Сондықтан оның нәтижесі ұзақ уақыт сақталады. Дегенмен жақсы көру қабілетін сақтау тек операцияға ғана байланысты емес.

Ұйқының қануы, дұрыс тамақтану, тұрақты қозғалыс пен экран алдында жұмыс істеген кезде үзіліс жасау – көздің көру қабілетіне тікелей әсер ететін факторлар, – дейді Азамат Тоқтаров.

Сонымен қатар маман көру гигиенасының маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, жұмыс орны жарығының дұрыс болуы, экранға тым жақын отырмау және жылына кем дегенде бір рет офтальмологқа қаралу – көз ауруларының алдын алуға көмектеседі.

«Құрғақ көз» синдромымен күрес

Офтальмологтардың айтуынша, кейінгі жылдары құрғақ көз синдромы ең жиі кездесетін мәселелердің біріне айналған.

Қалыпты жағдайда адам минутына шамамен 10-15 рет көзін жыпылықтатады. Ал смартфон немесе компьютер қолданғанда бұл көрсеткіш бірнеше есе төмендейді. Соның салдарынан көздің беткі қабатын қорғайтын жас қабықшасы тез буланып, құрғақтық, қызару және ашыту сезімі пайда болады.

фото: Азамат Тоқтаровтың жеке мұрағаты

Маман мұндай жағдайда әлемге кең тараған «20-20-20» ережесін ұстануға кеңес береді. Ол үшін әр 20 минут сайын 20 секунд бойы кем дегенде 6 метр қашықтықтағы нысанға қарау қажет.

Көз қызарғанда кез келген тамшыны пайдалану дұрыс емес. Әр препараттың өз көрсетілімі бар. Сондықтан алдымен маманға қаралған жөн, – дейді Азамат Тоқтаров.

Көз гимнастикасы көмектесе ме?

Әлеуметтік желілерде көз жаттығулары арқылы көзілдіріктен толық құтылуға болатыны туралы видеолар жиі кездеседі. Алайда дәрігер мұндай мәлімдемелердің ғылыми негізі жоқ екенін айтады.

Көз жаттығулары шаршауды азайтуы мүмкін. Бірақ миопия, гиперметропия немесе астигматизм секілді рефракциялық бұзылыстарды толық емдеп жібере алмайды, – дейді ол.

Авторы: Нұрдана Рамазан, MNU 2 курс студенті 

Оқи отырыңыз