Екі жүк ұшағы мен 800 костюм: Cirque du Soleil Астанада несімен таңғалдырмақ?

 Фото: коллаж AI / El.kz
Фото: Фото: коллаж AI / El.kz

Өнердің ортақ тілі болады. Сондықтан көрерменге әсер ету үшін кейде сөздің де қажеті жоқ. Cirque du Soleil-дің OVO шоуы осының айқын дәлелі. Жәндіктер әлемі туралы қойылымды кез келген адам түсінеді.

Cirque du Soleil – бүгінде жай ғана цирк емес, әлемдік шоу-индустрияның феноменіне айналған жоба. Канадалық компания кейінгі қырық жылдан астам уақыт бойы акробатика, театр және музыканы біріктіріп, көрерменге ерекше әсер сыйлап келеді. Астанадағы премьера қарсаңында ұйымдастырушылар журналистерді сахна сыртына кіргізіп, көрермен көрмейтін әлемді көрсетті.

Арнайы экскурсия «Барыс Аренада» өтті. Дәл осы жерде 4 маусым күні OVO шоуының алғашқы көрсетілімі өтеді. Қонақтарға сахна мен акробаттар өнер көрсететін техникалық құрылымдар таныстырылды. Қойылымның техникалық ауқымы да әсерлі. Сахнаның еденнен биіктігі – 1,33 метр, ені – 19,5 метр, ал жалпы конструкцияның биіктігі 9 метрге дейін жетеді. Дәл осы алаңда жәндіктер әлемі туралы ерекше оқиға акробатика, музыка және театр тілі арқылы баяндалады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрермендерді жарқын бояуларға толы ерекше атмосфера күтеді.

Бұл шоуда Бразилияның рухы сезіледі. Себебі қойылымның продюсері – бразилиялық маман. Оның әсерін түстерден, музыкалық әуендерден және жалпы атмосферадан байқауға болады, – дейді цирк өкілдері.

Жәндіктер әлеміне саяхат

Cirque du Soleil-дің әлем бойынша ең танымал қойылымдарының бірі саналатын OVO алғаш рет 2009 жылы сахналанған. Биыл сәуір айында шоу өзінің 17 жылдығын атап өтті. Қазақстан OVO гастрольдік сапары барған 47-ел атанып отыр. «OVO» сөзі португал тілінен аударғанда «жұмыртқа» деген мағынаны білдіреді. Ал жұмыртқа – өмірдің символы.

Қойылымның басты ерекшелігі – оның әмбебап тілі. Оқиғаның ортасында жәндіктер колониясына тап болған көгілдір шыбынның тағдыры жатыр. Көрермен кейіпкермен бірге достық, махаббат, өсу және өзгеру туралы оқиғаға куә болады. Сахнада көбелектер, өрмекшілер, инеліктер және жәндіктер әлемінің өзге де өкілдері пайда болады. Жалпы қойылымға 53 әртіс қатысады.

Жануарларсыз цирк феномені

Cirque du Soleil 1984 жылы Канадада құрылған. Бүгінде ол әлемдегі ең танымал цирк брендтерінің біріне айналған. Cirque du Soleil компаниясының ресми өкілі Жани Малленің айтуынша, олардың басты ерекшеліктерінің бірі – жануарлардан толық бас тартуы.

Біз циркті жануарларсыз жаңа деңгейге көтердік. Кейінгі 42 жыл бойы адам денесінің мүмкіндіктерін бүкіл әлемге көрсетіп келеміз, – дейді ол.

Қазір компания әлем бойынша бір мезетте 17 түрлі қойылыммен гастрольдік сапарда жүр.

Қазақстанға келу үшін бірнеше жыл дайындалған

Сахнадағы бірнеше сағаттық қойылымның артында ауқымды логистикалық жұмыс жатыр. Жани Малленің айтуынша, OVO шоуының барлық жабдығын тасымалдау үшін 21 жүк көлігі немесе екі жүк ұшағы қажет. Ал гастрольдік сапардың дайындығы бірнеше жыл бұрын басталады.

Біз Қазақстанға 2017 жылы келгенбіз, бірақ ол арнайы құраммен өткен ерекше сапар еді. Ал әлемдік тур аясында Қазақстанға алғаш рет келіп отырмыз. Біздің басты миссиямыз – адамдардың эмоциясын оятып, оларға ерекше әсер сыйлау. Сондықтан жаңа қалалар мен жаңа елдерге бару біз үшін өте маңызды. Қазақстанға келу үшін серіктестерімізбен бірге бірнеше жыл дайындалдық. Екі жүк ұшағымен жабдықтар жеткізілді, жүзден астам адамға виза рәсімделіп, қонақүй мен көлік мәселелері шешілді. Мұның бәрі алдын ала мұқият жоспарланды. Бірақ ең бастысы – шоу кезінде балалардың көзіндегі қуанышты көру. Көрермендердің қошеметі мен таңданысын естігенде, атқарылған еңбектің бәрі ақталғанын түсінесің, – дейді Cirque du Soleil-дің ресми өкілі Жани Малле.

Оның айтуынша, гастрольдерді ұйымдастыру барысында арена таңдау, визалар, жұмыс рұқсаттары, қонақүй, көлік және техникалық инфрақұрылым мәселелерінің барлығы алдын ала пысықталады.

Бір қойылымға 800 костюм пайдаланылады

Экскурсияның ең қызықты бөліктерінің бірі костюмдер аймағы болды. Мұнда жүздеген сахналық образдың күтімі мен сақталуына арнайы мамандар жауап береді. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бір қойылым үшін шамамен 800 костюм пайдаланылады. Егер күніне үш көрсетілім өтсе, бұл көрсеткіш 2400-ге дейін жетеді.

Барлық костюмдер Канаданың Монреаль қаласында тігіледі. Бұл жұмыспен арнайы 200 маманнан құралған команда айналысады. Әрбір костюм нақты бір әртістің дене ерекшелігі мен рөліне сай жеке дайындалады. Гастроль кезінде костюмдердің сақталуы мен күтіміне бес маман жауап береді. Команданың өз кір жуатын және кептіретін жабдықтары бар. Әртістердің гримі де үлкен дайындықты талап етеді. Кейбір образдарды жасауға бір сағаттан астам уақыт кетеді.

Cirque du Soleil – әр әртістің арманы

Cirque du Soleil құрамында әлемнің үздік цирк әртістері өнер көрсетеді. Солардың қатарында халықаралық деңгейде танылған украиналық әуе гимнасттары Артур Дудов пен Эсмира Кулиева да бар. Олардың айтуынша, бұл компанияда жұмыс істеу көптеген әртіс үшін үлкен арман.

Әр әртіс Cirque du Soleil сахнасына шығуды армандайды. Бұл актер үшін "Оскар" алғанмен бірдей деуге болады. Мұнда әр адамға ерекше құрметпен қарайды және барлық мәселеге өте мұқият мән береді, – дейді олар.

Артур Дудовтың сөзінше, шоу техникалық жағынан өте күрделі.

Cirque du Soleil таңдайтын элементтер әлемдегі ең үздік акробатикалық нөмірлердің қатарына жатады, – дейді ол.

«Ең нәзік жаратылыстар да батыл бола алады»

OVO қойылымында Артур Дудов пен Эсмира Кулиева көбелек образын сомдайды. Әуе гимнастикасымен айналысатын әртістердің айтуынша, бұл бейне олардың өнерімен табиғи түрде үндеседі. Бүгінде олар осы нөмірді жетілдіруге бес жылға жуық уақыт жұмсаған.

Біздің нөмір ең нәзік жаратылыстардың да батыл әрі мықты бола алатынын көрсетеді. Бұл – сұлулық, қозғалыс пен үйлесім туралы қойылым, – дейді Эсмира Кулиева.

Әртістердің айтуынша, көрермендер циркті көбіне балаларға арналған ойын-сауық деп қабылдайды. Алайда OVO барлық жастағы аудиторияға арналған.

Қазақстандық көрермендердің бізді жылы қабылдап, қошемет көрсететініне сенеміз. Себебі әр әртіс үшін көрерменнің қолдауы мен эмоция алмасуы өте маңызды, – дейді олар.

4 маусымнан бастап астаналық көрермендер халықаралық үлкен команданың еңбегінің нәтижесін өз көздерімен көре алады. Астанадан кейін OVO шоуы Алматыға жол тартады. Бұл Cirque du Soleil компаниясының Қазақстанға жасаған екінші гастрольдік сапары болмақ.

Оқи отырыңыз