Дұрыс дайындалған кешкі ас ұйқыға оң әсер етіп, ұйықтауды жеңілдетеді. Бұл туралы «Газета.Ru»-ға тәжірибелі нутрициолог, медициналық редактор әрі сарапшы Ирина Попкова айтып берді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Маманның айтуынша, кешкі ас мәзіріне құрамында мелатонин мен магний бар көкөністер мен жемістерді (банан, киви, шие) қосқан жөн. Сондай-ақ баяу сіңетін көмірсулар (қарақұмық, сұлы жармасы, батат) болуы тиіс. Олар ағзаны біртіндеп тынығу режиміне көшіреді. Ал құрамында триптофан мол тағамдар – күркетауық еті, асқабақ дәндері, бадам – ұйқы гормонының түзілуіне ықпал етеді. Жүйкені тыныштандыру үшін түймедақ не мелисса шайын ішуге болады.
Кешке майлы ет пен шұжықтан бас тартыңыз, олар ауыр қорытылады да, ұйқыға кедергі жасайды. Кофе, қою шай мен шоколадтың құрамындағы кофеин сергітеді, сондықтан ұйықтауды қиындатады. Егер мұндай қиындық бар болса, кофеины бар өнімдерді түстен кейін, тіпті 12:00-ден кейін-ақ шектеу керек. Ащы және тұзды тағамдар шөлді күшейтіп, түнде жайсыздық тудырады. Ақ нан мен тәттілер қандағы қантты күрт көтеріп, ұйқыны бұзады. Ең дұрысы — ұйықтардан 2-3 сағат бұрын жеңіл ас ішу, - деді сарапшы.
Сонымен қатар нутрициолог жақсы ұйқыға арналған кешкі астың үш қарапайым қағидасын атады:
майсыз ақуыз (балық, тауық еті) және көкөністерді таңдау;
тағамда күрделі көмірсулар мен пайдалы майлар (авокадо, жаңғақ) болуы;
ас қабылдау уақытын ұйқыға дейін 2-3 сағат бұрын белгілеу.
Жақсы ұйқыға арналған ең тиімді кешкі ас — жеңіл әрі теңгерімді. Рационыңызды сәл түзетіп көріңіз, сонда бірнеше күннің ішінде ұйқыңыз да сапалырақ бола бастайды, - деп түйіндеді маман.

