Жаңалықтар

Достық үйі – ынтымақ пен бірліктің ұясы

Достық үйі – ынтымақ пен бірліктің ұясы
04.07.2018 02:44 5012

Елімізде 140-қа жуық ұлт пен ұлыстың басын қосып, оларды бір шаңырақ астында бір үйдің баласындай тату-тәтті ұстап отырған, ай сайын сан түрлі ұлт өкілдерінің өзара бір-бірінің мәдениетімен танысып, дәстүр алмасып, өзара тіл үйреніп, белсенді өмір сүруіне мұрындық болып отырған, күн сайын түрлі іс-шаралардың ұйымдастырылуына себеп болып отырған Достық үйлерінің Қазақстан халқы Ассамблеясы өмірінде алатын маңызы зор.

Осы орайда Астананың 20 жылдығына Маңғыстау облысы ерекше сый жасады. Айтулы мереке қарсаңында Маңғыстау өңірі Астанада Достық үйін тұрғызатындарын хабарлады. Айта кетер жайт, Астанада осыған дейін Достық үйі болмаған. Бүгінгі күнге дейін Астана қаласындағы Достық үйінің қызметін Бейбітшілік және келісім сарайы атқарып келген-тін.

Негізінен, еліміздің Ассамблеясына қызмет ететін Достық үйлерінің қоғамымызда алатын маңыздылығын Елбасымыз осыдан бірнеше жыл бұрын айтқан еді. «Қоғамдық бірлік пен әлеуметтік бастамалардың орталығы ретінде Достық үйлерінің тиімділігін арттыруымыз керек. Сондай Достық үйлері барлық аймақта орналасуы қажет. Бұл оңай шаруа емес. Шығынды да талап етеді. Бірақ, ол өте маңызды. Барлықтарыңыздың есте сақтағандарыңызды қалаймын: Қазақстандағы бейбітшілік пен келісім үшін ешқандай құн қымбат болмайды», — деп Елбасы Достық үйіне қатысты ойын білдірген.

Достық үйлері негізінен еліміздің көптеген қала, облыс, аудандарында бар. Олар күнделікті Ассамблеяның қызу тұрмыс-тіршілігіне қызмет етуде. Осы орайда айта кетер жайт, Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясында берген тапсырмасына сәйкес, Үкіметтің қаулысымен ҚХА Достық үйлерін дамыту тұжырымдамасы бекітілген болатын. Тұжырымдаманың мақсаты — Ассамблеяның міндеттерін шешуге және оның қызметін қамтамасыз етуге бағытталған бейбітшілік пен қоғамдық келісім, әлеуметтік бастамалар орталықтары ретінде Достық үйлерінің жұмысын ұйымдастырудың бірыңғай тұтас жүйесін қалыптастыру. Сондықтан, алдағы уақытта тұжырымдама негізінде еліміздегі Достық үйлерін ауқымды шаралар күтіп тұрғанын айта кету керек.

Негізі еліміз бойынша ең алғаш рет бой түзеп, тұсауы кесілген Достық үйі Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылмай тұрып ашылған. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі тұңғыш Достық үйін Өскемен қаласына өзі келіп ашқан болатын. Бұл Достық үйі ширек ғасырдан астам уақыт бойы қоғамдық институт ретінде көптеген игі бастамаларға себепкер болды. Әлі күнге сол белсенділігін жоғалтпаған. Мәжіліс депутаты Владимир Божко сонау 1993-1994 жылдары Шығыс Қазақстан облысындағы ҰҚК департаментін басқарған жылдарын еске алып: «Сол кезде облыстағы қоғамдық-саяси ахуал тым күрделі болатын. Қазақстан одақтас республикалардың ішінде Тәуелсіздігін ең соңғы болып жариялады. Сол кезде облыс тұрғындарының біразы Одақтың ыдырауына, Тәуелсіздік алғанымызға іштей қарсылық та білдірді. Қоғамда алаңдаушылық туды. Маған «енді бізді қазақ тілін үйренуге мәжбүрлейді, балаларымыздың бұл елде болашағы жоқ» деп келген адамдар болды, кейбіреулер тіпті, Шығыс Қазақстанның Қазақстан құрамында болуына қарсы шықты. Міне, осындай аса ауыр тұста Өскеменде Достық үйі ашылды, ол ұлтаралық қарым-қатынастарды ушықтырмауға сол кезде үлкен үлес қосты. Осылайша, біз елімізді үлкен қауіп-қатерден сақтап қалдық. Сондықтан, елімізде Достық үйінің маңызы, алар орны айрықша. Қазір жағдай тұрақталды, қазақ тілі өркендеп келеді, орыс тілінен де айырылған жоқпыз. Алайда, осы жетістіктерімізді көре алмайтындар бар. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмыстарды ширата беруіміз керек» дейді. Осыдан-ақ Достық үйлерінің еліміздегі тұрақтылық пен татулықты сақтауда қаншалықты маңызды екенін бағамдауға болады.

Бүгінде еліміздегі Достық үйлерінің саны қырыққа жетті. Олар ұлтаралық келісім мен бейбітшілікті нығайтушы, этномәдени орталықтардың өзара мәдениет алмасуына тиімді қызмет етуші ретінде, ұлттардың тілін, мәдениетін жаңғырту, этносаралық келісім дәстүрлерін сақтау болып табылатын киелі шаңырақ қоғамымызда өзінің айрықша орны барын күн өткен сайын дәлелдеп келеді.

Елімізде мекен еткен ұлттар мен ұлыстардың тұрмыстық мәдениетін, салт-дәстүрін таныстыратын этноауыл, қоғамдағы саяси-әлеуметтік мәселелерді талқылайтын қоғамдық келісім кеңестері және өзге де бастамалар нақ осы Достық үйлерінен бастау алуда. Қазір еліміздің барлық облыс-қалаларында қоғамдық келісім кеңестері жұмыс істеп жатыр, этноауылдар да көптеген өңірлерде бой көтеруде. Сан түрлі ұлттардың мәдени іс-шаралары Достық үйлерінде өтіп жатыр. Сондай-ақ, Достық үйлері тек мәдени-көпшілік қана емес, ғылыми-талдау, саяси үрдістерге сараптама жасау орталығына да айналуда.

Елімізде қазіргі кезде түрлі деңгейдегі 39 Достық үйі бар, солардың 14-і Шығыс Қазақстанда. Ассамблея халықтар достығының, ал, халықтар достығы бейбітшіліктің түп қазығы. Осы жылдар ішінде әрбір өңірлерде Достық үйлері ашылды, енді аудандарда да ашылып келе жатыр. Бұл — бейбітшіліктің белгісі. Достық үйі бүгінде тек этномәдени және ақпараттық-әдістемелік орталық қана емес, сонымен бірге, өңіраралық және халықаралық әріптестік орталығы болып отыр. Жыл сайын Достық үйлерінде әдістемелік семинарлар, дөңгелек үстелдер, конференциялар, шығармашылық кездесулер, концерттер, фестивальдер, ұлттық мейрамдар, тіл тақырыбында форумдар, мүгедектер қоғамдарымен, ҮЕҰ-дармен бірлесе өткізетін қайырымдылық акциялары өтіп тұрады. Сондай-ақ, «Наурыз», «Қазақстан халқының бірлігі күні», «Мемлекеттік рәміздер күні», «Астана күні», «ҚР Конституциясы күні», «ҚР Тәуелсіздігі күні» сынды әр түрлі мемлекеттік мерекелерге арналған шаралар да ұдайы этномәдени бірлестіктердің ұйымдастыруымен өтіп келеді. Әр ұлттың  ұлттық «Масленица», «Сабантой», «Ханука», «Панагия», «Овальтано» секілді мерекелері де ұмыт қалмайды. Діни мерекелер — «Құрбан айт», «Рождество», «Пасха», «Вардавар» және мемлекеттік мерекелер де жыл сайын Достық үйінде тойланады. Бұл тұрғыда Достық үйлері барлық ұлттардың мәдениеті мен салт-дәстүрін жаңғыртуда тиімді қызмет етіп отыр деуге болады.

Этникалық, мәдени және діни әрқилылығымызға қарамастан біз елімізде бейбітшілік пен саяси тұрақтылықты сақтап қалдық. Қазақстан 140 этнос пен 17 конфессия өкілдерінің ортақ үйіне айналды. Азаматтық қоғам әлемі мен ұлтаралық келісім — біздің басты құндылығымыз.

Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының ҚХА-ның ХХ сессиясында айтқан тапсырмаларына сәйкес, Достық үйлерін дамытудың жаңа мүмкіндіктері қарастырылуда. Достық Үйлері аймақтардағы бейбітшілік пен келісім ошақтарына айналуы тиіс.

Қазіргі таңда мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 7 өңірде арнайы мамандандырылған Достық үйлерін салу жұмыстары жүргізілуде. Ал, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау облыстары және Астана қаласында оларды қайта құрылымдап, әлеуметтік бастамалар мен қоғамдық келісім орталықтарына айналдыру жұмыстары қолға алынып жатыр. Достық үйлері мемлекеттік ұлттық саясатты жүзеге асырудың негізгі алаңы болып отыр. Мұнда күрделі ұлтаралық мәселелердің шешімдері шығады. Сонымен қатар, көп жылдар бойына Достық үйі республикамыз бен қалаларымыздың мәдени өміріне белсенді атсалысып келеді. Сондай-ақ, мұнда республикалық мейрамдар мен мерекелердің сәніне айналған ұлттық әндер мен халық аспаптарының үні шығып жатады. Ондай өнер шараларын өткізуде тек ұлттық қауымдастықтар өкілдерін ғана шақырып қоймай, сонымен бірге, Қазақстанның барлық өңірлерінің тұрғындарын да ұдайы шақырып отырады.

Қазіргідей жылдам жаңғыру мен жаңару заманында этностардың болмысы мен олардың бейбітшілік берекесі қайнаған бір шаңырақ астына бірігуі еліміз үшін үлкен абырой.

Өз шаңырағының астына көптеген этномәдени бірлестікті жинаған Достық үйлері барлық ұлт өкілдерін ұйыстырып қана қоймай, оларға бір-бірінің тілін, ділін, мәдениетін үйренуге мол мүмкіндік беруде. Ұлттық-мәдени бірлестіктер мен Қазақстан халқы Ассамблеясы облыста тұратын барлық халықтардың салт-дәстүрі мен тілдерін жаңғыртудың, көпұлтты қоғамды нығайтуға бағытталған көптеген игі бастамалардың ұйытқысына айналды.

Осы орайда Астанада салынғалы отырған Достық үйі де шат-шадыман ұлттар достығын паш ететін мекенге айналады деген үміт мол.

Маңғыстау облысы Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Бейсенғали Кенжалиев «Астанада Достық үйі жоқ, ал, барлық облыс орталықтарында бар. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Маңғыстау облысы өзінің үлесін қосуды жөн санады», — дейді. Қоғамдық маңызы зор сый болатынына күмәніміз жоқ.

Достық үйінің елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуда, барлық халықтардың тілдерін, дәстүрлерін, мәдениетін жаңғыртуда, қазақстандықтарды отансүйгіштікке баулу мақсатында өз орны бар екенін қазір халық көріп отыр.

Сондықтан, Астанада салынғалы отырған Достық үйі де бейбітшілік пен келісімнің кепіліне айналып, жемісті қызмет етеді деп зор сеніммен айта аламыз!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға