Астанадағы Alem.ai орталығында киберқауіпсіздікке арналған екі күндік Cyber Steppe форумы басталды. Форумда жеке деректерді қорғау, кибералаяқтықпен күрес, дипфейкті анықтау және халықтың цифрлық сауатын арттыру мәселелері талқыланды. El.kz тілшісі сала мамандарынан интернеттегі қауіптен қалай қорғануға болатынын сұрады.
Қауіпсіздік жүйесі мықты болғанымен, адамды алдауға болады
Жасанды интеллект пен цифрлық сервистер дамыған сайын киберқауіптердің де түрі көбейіп келеді. Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиевтің айтуынша, заманауи қорғаныс жүйелері қауіп-қатерді азайта алады. Алайда адам факторы әлі де басты мәселенің бірі болып отыр.
Қауіпсіздік жүйесі қаншалықты мықты болып, соңғы технологиялар қолданылғанымен, адам факторы сақталады. Егер маңызды жүйелерге қол жеткізе алатын адамды алдап, оның деректерін иеленсе, сол арқылы жүйеге енуге болады. Сондықтан кибермәдениетті қалыптастыруға ерекше мән беріп отырмыз, – деді вице-министр.
Оның сөзінше, азаматтар ең қарапайым қауіпсіздік талаптарын күнделікті әдетке айналдыруы керек. Олардың қатарында антивирус қолдану, белгісіз сілтемелерді ашпау, күрделі құпиясөз орнату және жеке мәліметтерді бөтен адамға бермеу бар.
Досжан Мұсалиев байланыс операторлары мен қаржы ұйымдары алаяқтыққа қарсы арнайы жүйелер енгізіп жатқанын айтты. Алайда қылмыскерлер де қорғаныс тетіктерін айналып өтудің жаңа тәсілдерін іздейді. Қазіргі алаяқтық схемалардың көбі техникалық шабуылдан емес, адамның сеніміне кіруден басталады.
Алаяқтар бірінші кезекте психологиялық тәсілдерді қолданады. Олар адамның сеніміне кіріп, түрлі жолмен алдайды. Кейде қауіпсіздік ережелерін жақсы білетін азаматтардың өзін туыстары арқылы немесе басқа тәсілдермен алдап жатады. Өкінішке қарай, соның салдарынан адамдар ақшасынан айырылып қалады, – деді ол.
Дипфейкті қалай анықтауға болады?
Форумда жасанды интеллект көмегімен жасалған жалған бейнежазбалар мәселесі де көтерілді. Вице-министрдің айтуынша, мұндай видеоларда адамның дауысы мен ерін қимылының сәйкес келмеуі, табиғи емес мимика және көзге оғаш көрінетін қозғалыстар байқалуы мүмкін.
Дегенмен тек сыртқы белгілерге сеніп қалуға болмайды. Егер видеода белгілі тұлға, банк немесе мемлекеттік орган атынан маңызды ақпарат айтылса, оны ресми дереккөзден қайта тексеру қажет.
Біз Zero Trust, яғни «нөлдік сенім» қағидатын ұстанамыз. Бұл – ешкімге бірден сене салмау деген сөз. Тіпті өзін полиция қызметкерімін деп таныстырған адам хабарласып, маңызды мәселе айтса да, 102 нөміріне қоңырау шалып, ондай қызметкердің бар-жоғын және ақпараттың рас-өтірігін тексерген жөн, – деді Досжан Мұсалиев.
60-қа жуық компания тексерілген
Досжан Мұсалиев жеке деректермен жұмыс істейтін компаниялар заңнамада белгіленген талаптарды сақтауға міндетті екенін айтты.
Ең алдымен, компания азаматтың келісімін алуы керек. Сонымен қатар жиналған мәліметтердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қызмет көрсетуге қажет деректерден артық ақпарат талап етпеуге тиіс.
Егер компанияға адамның аты-жөні мен телефон нөмірі ғана қажет болса, одан мекенжайы немесе басқа да артық мәліметтер сұралмауы керек. Компания жиналған ақпаратты қорғауға міндетті. Заң талаптары орындалмаса, тиісті шаралар қолданылады, – деді вице-министр.
Оның мәліметінше, биыл жеке компанияларда 60-қа жуық тексеру жүргізілген. Олардың арасында туризм, денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы ұйымдар бар.
Тексеру кезінде кейбір компаниялардың ақпараттық жүйелерінен осалдықтар анықталған. Мұндай кемшіліктер уақытында жойылмаса, жеке деректердің тарауына әкелуі мүмкін.
Киберқауіпсіздік талаптарын сақтамаған компанияларға айыппұл салынды. Заңбұзушылықтың сипатына қарай бір компанияға салынатын айыппұл мөлшері 70-тен 2 мың айлық есептік көрсеткішке дейін жетуі мүмкін, – деді Досжан Мұсалиев.
Киберқауіпсіздік әр адамнан басталады
MSK Global компаниясының киберқауіпсіздік маманы әрі CyberSec жобасының жетекшісі Гүлдана Жұматайдың айтуынша, цифрлық қауіпсіздікті тек мемлекетке немесе арнайы технологияларға жүктеу дұрыс емес. Әр азамат алаяқтардың әрекет ету тәсілдерін біліп, өзінің кибергигиена дағдыларын дамытуы қажет.
Бұл – кешенді жұмыс. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету тек мемлекеттің немесе халықтың міндеті емес. Егер әр адам білімін арттырып, алаяқтардың жұмыс істеу схемаларын білсе, көптеген қауіптің алдын алуға болады, – деді маман.
Форумның алғашқы күні мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдеріне арналса, екінші күні қарапайым азаматтарға арналған семинарлар мен практикалық сабақтар өтеді.
Гүлдана Жұматай халыққа киберқауіпсіздікті жеңіл әрі түсінікті тілмен жеткізу үшін CitizenSec әлеуметтік жобасы жүзеге асырылып жатқанын айтты. Жоба аясында қазақ және орыс тілдерінде оқыту жүргізіліп, балаларға арналған материалдар әзірленген. Кибергигиена бойынша арнайы курстар eGov Mobile қосымшасында да қолжетімді.
Маманның пікірінше, киберқауіпсіздік күрделі технологиялардан емес, адамның күнделікті әрекетінен басталады. Күмәнді сілтемені ашпау, SMS-кодты ешкімге айтпау, ақпаратты ресми дереккөзден тексеру және әр аккаунтқа бөлек құпиясөз орнату – цифрлық ортадағы қауіптің алдын алатын қарапайым әрі маңызды қадамдар.