Жаңалықтар

Діни ахуалды реттейтін құжат

Діни ахуалды реттейтін құжат
04.07.2018 02:52 2214

 

Дін саласында түрлі пікірталас пен дау-дамай толастар емес. Әсіресе, еліміз тәуелсіздік алған жылдардан кейін түрлі діни конфессиялар мен бірлестіктердің шамадан тыс көбейіп, қаншама жастардың санасын улағаны көпке аян. Алайда, қолданыстағы заңнамалық құжатқа заман қажеттілігі мен сұранысына сай толықтырулар мен өзгерістер енгізілсе, ең бастысы заң талаптары қатаңдатылса, жүйе-жүйе бойынша реттеле түспек.Діни наным — жалпыадамзаттық құндылықтармен қатар, рухани үйлесімді, әлеуметтік қарым-қатынастар мен азаматтардың санасындағы әлеуетті қамтитын айрықша сала. Сондықтан, дін саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеудің ұсынылып отырған тәсілдері мен мемлекеттік саясат қағидаттары елдің өзгешеліктерін және халықтың мәдени-менталды ерекшеліктерін ескеретін айрықша сипатқа ие.

Сонымен, елімізде тұңғыш рет дін саласындағы мемлекеттік саясатты айқындайтын тұжырымдама әзірленді. Ұлттық заңнаманы өзгертетін «2017-2020 жылдарға арналған дін саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасының» жобасы биік мінберлерде талқыға түсуде. Осындай бір пікірталас барысында Дін және азаматтық қоғам істері министрі Нұрлан Ермекбаев «зайырлылық Қазақстанда өзінің қауқарсыздығын танытты» деп елді елең еткізген мәлімдеме жасады. Ол бүгінде жат діни ағындардың агрессиясы сақталып отырғанын айтып, «олардың жекелеген діни бірлестіктері мен өкілдері «жетімбұрыш» жағалаған, үй-күйі жоқ адамдарға, жастарға тегін жатын орын, пансионаттар ұсынып, өз қатарына белсенді тартуға тырысуда. Сондай-ақ, заңсыз уағыз-насихат жұмыстарын жүргізіп, сан алуан оқу курстарын ұйымдастыруда, кәмелетке жасы толмағандарды ата-аналарының рұқсатынсыз діни қызметке тартады. Деструктивті діни материалдардың интернет арқылы таралуы жалғасуда. Бұл жағдайда билік «дін мемлекеттен бөлінген» деген Ленин кезінде бекітілген қағидаға жүгініп, құр қарап отыра алмайды» деп ашынған еді.

«Яғни, мемлекеттің толық алшақтауын және діни саладағы жағдайды тек сырттай бақылауын білдіретін ұғымдағы зайырлылық Қазақстан жағдайында өзінің қауқарсыздығын, жарамсыздығын көрсетті. Ұсынылған тұжырымдамаға сәйкес, зайырлы мемлекет ар-ұждан бостандығы үшін қажетті шарттарды қамтамасыз етеді, діни бірлестіктердің ішкі істері мен ереже-қағидалық мәселелеріне араласпайды. Сонымен бірге, мемлекет діни бірлестіктердің мазмұндық және қоғамдық қызметіне, олардың заңдар мен мемлекет мүдделерін сақтауына бақылау жасауға және реттеуге тиіс», –—деді Н.Ермекбаев.

Бұл құжаттың жобасын дайындау барысында Елбасы Н. Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдау бағыттары мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы, сондай-ақ, Президенттің «мемлекеттің зайырлылық қағидатын нығайту, кез келген діни радикализмді болдырмау» нұсқаулары негіз ретінде алынды. Тұжырымдаманың мақсаты — діни саланы реттеу бойынша 2020 жылға дейінгі ғылыми теориялық негіздерді айқындау, елдегі дін саласын реттеу бойынша заңнамалық, басқарушылық, әлеуметтік-экономикалық шараларды анықтау. Оны іске асыру қоғамда және жалпы рухани салада тұрақты әрі үйлесімді дамуды, жаңғыруды қамтамасыз етпек.

Тұжырымдама жобасында дін саласындағы мемлекет саясатының басымдықтары нақтыланған. Мәселен, діни бірлестіктерге бақылауды күшейту, олардың қаржылық-шаруашылық және уағыз жүргізу қызметінің ашықтығына және айқындылығына қол жеткізу ұсынылып отыр. Бұл шаралар мемлекеттің діни емес, зайырлы қалпын сақтап қалуға ықпал етуі тиіс.

Тұжырымдаманың жүзеге асырылуы жаңа геосаяси шынайылық, ішкі және сыртқы қатерлер аясында Қазақстанда тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуды қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл жұмыстар ресми тіркелген діни бірлестіктерді және азаматтық қоғамды тарту, барлық мүдделі мемлекеттік органдардың тығыз әрекеттестігі арқылы жүзеге асырылады.

Ресми статистикаға жүгінсек, 2017 жылғы 20 сәуірдегі жағдай бойынша, елімізде 18 конфессия атынан 3 700-ге жуық діни субъект тіркелген. Еліміздегі азаматтардың 81 пайызы – өздерін діндар адам деп санайды, 19 пайызы – атеист және агностик. Діндарлардың тек 14 пайызы – өзін дін жолына ден қойған десе, 70 пайызы – орташа діндар деп санайды екен.

Тұжырымдама жобасын талқыға салу барысында Мәжіліс депутаты Ж. Жарасов ондағы негізгі идеяларға қолдау көрсетіп, басты ережелерінің пәрменділігін арттыра түсу үшін қоғам мен мемлекет дамуының одан әрі бірізді дамуын қамтамасыз ету мақсатында осы саладағы заңнамаларды жетілдіру қажеттігін қаперге салды.

Ақордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдерімен кездесуде Мемлекет басшысының «жас буынның діни білімсіздік көріністеріне жол беретінін» айтқаны есте. Осыған орай Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі өңірлермен бірлесіп, рухани-адамгершілік тәрбие мен қоғамда радикалдық діни идеялардың таралуына жол бермеу бағытындағы жұмыстарды бастап кетті. Осы жерде ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың: «Бәріміз ортақ күш жұмылдырып, дін саласында дұрыс тәрбиелік және ағартушылық жұмыс жүргізуге, барлық діндердің келісімі мен бейбіт бірге тұруын нығайтуға жәрдемдесуге тиіспіз. «Құдайды өз жүректеріңізден іздеңіздер» деген байырғы даналық бар. Сол себепті, сіз бен біздің міндетіміз – аталған жұмысты жүргізе отырып, қоғамдағы әркімнің жүрегіне осы түсінікті жеткізе білу болып табылады» дегені біраз жайттан хабар берсе керек.

Саны көп діни бірлестіктер кімге керек?

Қазақстанда қазіргі таңда 18 конфессияның мүдделерін білдіретін үш жарым мыңнан астам діни субъектілері ресми түрде тіркелгенін жоғарыда атап өттік. Осындай діни саналуандық жағдайында дін саласындағы негізгі үдерістер мен үрдістерді елеп-екшейтін мемлекеттік саясатты жаңадан ой елегінен өткізуді күн тәртібіне қойып отыр. Осы тұрғыда, Министрлікпен әзірленген және таяда Елбасы жарлығымен бекітілген Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасының маңызы зор. Дін саласындағы мемлекеттік саясатты қазіргі жаһандық үдерістер мен уақыт талабына сай қайта толықтыру мен жетілдіру мемлекетіміздің ішкі және сыртқы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берері анық.

Бұл жөнінде қоғам қайраткері, діни саладағы құжаттардың талқылауына қатысып жүрген белгілі ғалым Камал Бұрхановтың пікірі мынадай. «Діни сенім бостандығына келер болсақ, Конституцияда көрініс тапқан зайырлы қағидаттарға сәйкес, еліміздің азаматтарына сенім мәселесінде кең еркіндік берілген. Дінге сенесің бе, әне мешіт, әне шіркеу, әне синагога... Одан артық не керек? Дінге сенбейсің бе, оған да азаматтар толық құқылы. Мемлекеттің сенім мәселесінде азаматтар мен діни бірлестіктерге қоятын талабы өте қарапайым: еліміздің дін саласындағы заңдарын бұзбай, біреудің діни сенімін қорламай, діни өшпенділікті уағыздамай дінге сене бер, жұмысыңды атқара бер. Зайырлы мемлекет болып табылатын Қазақстанда барлық діндер тең, ешқандай діннің үстемдігі жоқ, азаматтар дінге сену-сенбеу мәселесінде еркін. Бұдан артық не керек? Қазақстанның дін саласындағы заңдары барлық халықаралық талаптарға толық сәйкес келеді, елімізде дін ұстану бостандығы мемлекетпен кепілдендірілген және заңмен қорғалады. Егер жағдай басқаша болса, бүгінгі күнде елімізде 3600-ден астам діни бірлестіктер тіркеліп, сәйкесінше соншама діни ғимараттар жұмыс істеп отырмас еді ғой.. Осы жерде деректерге жүгіне кеткім келеді: егер 1990 жылдардың басында елімізде 100-ге жетпейтін мешіт болған болса, олардың қазіргі саны 2600-ден асады. Осындай жоғары көрсеткіш еліміздегі православ христандарының діни бірлестіктері мен шіркеулеріне тән. Ал елімізге тәуелсіздік алғаннан кейін Батыстан келген протестанттық діни ұйымдардың саны қазіргі күні 600-ден асып жығылыпты. Осы деректер мемлекеттің дін саласындағы саясатын сынаушылардың пікірлерінің түкке жарамсыз екенін көрсетіп тұр емес пе?!» дейді ол.

Демек, Тұжырымдама дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізін құрайтын дінаралық келісімнің қазақстандық моделіне сүйене отырып, дін саласын реттеу мен жетілдіруді көздеп әзірленген. Жалпы, Тұжырымдаманы әлемде қалыптасып отырған геосаяси жағдайларды, ішкі және сыртқы қауіптерді ескере отырып Қазақстанның қауіпсіздігі мен тұрақтылығын нығайтуға негізделген кешенді құжат деп қабылдауымыз қажет.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға