Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің кемінде 90,3%-ын электронды форматта алуға болады. Мемлекеттік қызметтер тізілімі кеңейіп жатқанына қарамастан, онлайн қолжетімді қызметтердің үлесі осы деңгейде сақталып отыр.
Мемлекеттік қызметтер саны қалай өзгерді?
Соңғы бес жылда мемлекеттік қызметтер тізіліміндегі қызметтер саны екі есе өсті. Осы кезеңнің басында тізімде 657 қызмет болса, қазір олардың саны 1333-ке жеткен.
Қазақстан 193 ел қамтылған электрондық үкіметтің әлемдік рейтингінде 24-орында тұр. Ал онлайн қызметтер индексі бойынша әлемдегі үздік он елдің қатарына кіреді.
Интернетке қолжетімділік қалай кеңейіп жатыр?
Қазақстан халқының 97,5%-ы интернетке қол жеткізе алады. Соңғы жеті жылда бұл көрсеткіш 7,2 пайыздық тармаққа өскен.
«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында ауылдарға талшықты-оптикалық байланыс желілері тартылып жатыр. Бұл бағытта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары да жүзеге асырылуда. Ал шалғай аумақтар спутниктік байланыс арқылы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етіледі.
Байланыс операторлары да мобильді желілерді дамыту жөніндегі лицензиялық міндеттемелерін орындап келеді. Республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда 5G байланысы енгізілсе, еліміздің елді мекендерінде 4G желісі дамытылып жатыр.