Дене шынықтыру сабағына кімдер қатыспайды: балалардың медтексеруіндегі өзгеріс

Дене шынықтыру сабағына кімдер қатыспайды: балалардың медтексеруіндегі өзгеріс
Фото: AI көмегімен жасалды

Қазақстанда балалардың профилактикалық медициналық тексеру тәртібі жаңартылды. Жаңа өзгерістер 30 тамыздан бастап күшіне енді.

Енді кейбір тексерулер бұрынғыдан ертерек жүргізіледі, қан мен зәр талдауының мерзімі нақтыланды, ауыз қуысының профилактикалық тексеруіне жолдама беру тәртібі кеңейтілді. Сонымен қатар балалардың денсаулық жағдайын бағалау мен медициналық бақылаудың цифрлық жүйесі күшейтіледі.

Профилактикалық тексерудің негізгі мақсаты – ауруды асқынған кезде емес, алғашқы белгілері байқалған кезде анықтау. Қазақстанда мұндай тексерулер 1 айдан 18 жасқа дейінгі балаларға жүргізіледі.

Қай жаста қандай тексеру жүргізіледі?

Жаңа тәртіпте бірқатар медициналық көрсеткіштерді тексеру мерзімі өзгерді. Мысалы:

  • артериялық қысым енді 6 жастан бастап өлшенеді. Бұған дейін бұл тексеру 7 жастан жүргізілген;
  • электрокардиография (ЭКГ) 10, 14, 15 және 16 жаста жасалады. Бұрын ЭКГ 14 және 17 жаста жүргізілген;
  • жалпы қан және зәр талдауы 1 жаста, 2 жас 6 айда, 5, 10, 14 және 16 жаста қарастырылады;
  • ауыз қуысының профилактикалық тексеруіне 2 жаста, 2 жас 6 айда, кейін 3 жастан 17 жасқа дейін жыл сайын жолдама беріледі;
  • бас шеңберін өлшеу 3 жасқа дейін емес, 5 жасқа дейін жүргізіледі;
  • кеуде шеңберін өлшеу дәрігерге дейінгі кезеңдегі міндетті антропометриялық көрсеткіштер тізімінен алынып тасталды.

Сонымен қатар 1 айдан 18 жасқа дейінгі балаларға пульсоксиметрия жүргізіледі. Бұл – қандағы оттегінің қанығу деңгейін анықтайтын қарапайым әрі ауыртпайтын тексеру.

Баланың денсаулығы қалай бағаланады?

Профилактикалық тексеру тек бойы мен салмағын өлшеумен шектелмейді. Медициналық қызметкерлер баланың көруі, естуі, жүйке және эндокриндік жүйелерінің жағдайы, ауыз қуысы мен тіс денсаулығы сияқты көрсеткіштерді де бағалайды.

Жаңартылған жүйеде арнайы бағалау парақтары қолданылады. Бұл тексеру нәтижелерін жүйелеуге және денсаулықтағы ауытқуларды ертерек анықтауға мүмкіндік береді.

6 жасқа дейінгі балаларды тиісті бейінді мамандар қарайды. Ал 6 жастан кейін алғашқы кезеңдегі кейбір бағалауды педиатр немесе жалпы практика дәрігері, тіс дәрігері және офтальмолог немесе хирург кабинеттерінің медицина қызметкерлері жүргізе алады. Ауытқу анықталған жағдайда бала қосымша тексеруге жіберіледі.

Тексеру нәтижесін ата-ана көре ала ма?

Баланың профилактикалық тексеру нәтижелері ата-аналарға медициналық цифрлық жүйе немесе мобильді қосымша арқылы қолжетімді.

Бұл ата-анаға баланың денсаулық жағдайын ғана емес, қандай тексерулерден өткенін және әрі қарай қандай медициналық бақылау қажет екенін түсінуге мүмкіндік береді.

Медициналық араласуға ерікті ақпараттандырылған келісім де рәсімделеді. 16 жасқа дейін келісімді ата-анасы немесе заңды өкілі береді. Ал 16 жастан бастап кәмелетке толмаған бала келісімді өзі рәсімдей алады.

Дене шынықтырудан кім босатылады?

Жаңа тәртіпте денсаулық жағдайына қарай дене шынықтыру сабақтарына арналған төрт медициналық топ нақты белгіленген.

  1. Негізгі топ – дені сау немесе денсаулық жағдайы мүмкіндік беретін балалар. Олар дене шынықтырумен жалпы білім беру бағдарламасы бойынша шектеусіз айналысады.
  2. Дайындық тобы – денсаулығында белгілі бір ауытқулары немесе қауіп факторлары бар балалар. Оларға дене жүктемесі шектеліп, жеке ерекшеліктері ескеріледі.
  3. Арнайы топ – денсаулығында тұрақты созылмалы мәселелері бар, физикалық жүктемені шектеуді қажет ететін балалар.
  4. Босатылған топ – денсаулық жағдайына байланысты кәдімгі дене шынықтыру сабағына қатыса алмайтын балалар. Олар үшін емдік дене шынықтыру (ЛФК) қарастырылады.

Баланың дене шынықтыру тобы оның жалпы денсаулық тобы мен медициналық қорытындысына қарай анықталады. Бұған дейінгі тәртіпте негізгі және арнайы топтар ғана көрсетілсе, жаңартылған жүйеде төрт санат нақтыланған.

Денсаулық топтары нені білдіреді?

Профилактикалық тексеруден кейін бала бес денсаулық тобының біріне жатқызылады:

  • 1-топ – дені сау балалар.
  • 2-топ – функционалдық ауытқулары немесе ауруға бейімділік факторлары бар, бірақ созылмалы ауруы қалыптаспаған балалар.
  • 3-топ – созылмалы ауруы бар, бірақ жағдайы тұрақты және ағзаның негізгі қызметтері сақталған балалар.
  • 4-топ – созылмалы ауруы бар, жағдайы тұрақсыздау және ағзаның функционалдық мүмкіндіктері төмендеген балалар.
  • 5-топ – денсаулық жағдайына айтарлықтай әсер ететін ауыр созылмалы аурулары бар балалар.
  • Бұған дейін динамикалық медициналық бақылауға негізінен 3, 4 және 5-топтағы балалар алынатын. Жаңа тәртіп бойынша 2-топтағы балалар да динамикалық бақылауға енгізіледі. Бұл – аурудың алдын алуға және қауіп факторлары бар баланың жағдайын ертерек бақылауға мүмкіндік беретін өзгеріс.

Егер тексеру кезінде мәселе анықталса

Профилактикалық тексерудің маңызды бөлігі – баланы әрі қарай медициналық бақылауға бағыттау.

Егер тексеру кезінде қандай да бір аурудың белгісі анықталғанымен, нақты диагноз қою мүмкін болмаса, бала профильді маманға жіберіледі. Қажетті жағдайда қосымша талдаулар мен зерттеулер тағайындалады.

Жаңа жүйеде бұл процесті цифрландыруға басымдық беріліп отыр. Баланың тексеру нәтижелері, анықталған қауіп факторлары, маманға жолдамалары және кейінгі динамикалық бақылауы цифрлық жүйеде тіркеледі.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы құрылған Балалардың цифрлық тізілімі 54 көрсеткіш бойынша мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Оның ішінде профилактикалық тексеру, қауіп факторларын анықтау, маманға жолдау және кейінгі бақылау деректері бар.

Профосмотр енді цифрлық форматқа көшеді

2026 жылы Қазақстанда мектеп оқушыларының профилактикалық тексерулерін цифрландыру жұмысы күшейтілді. Медициналық тексерулер кезінде ЭКГ, фонендоскоп, пульсоксиметр, отоскоп, ауыз қуысына арналған камера және басқа да цифрлық құрылғыларды кеңінен қолдану жоспарланған. Кейбір технологияларда жасанды интеллект элементтері де пайдаланылады.

Медициналық және білім беру ақпараттық жүйелерінің интеграциясы да жолға қойылып жатыр. Соның арқасында баланың оқу орны, профилактикалық тексеруден өтуі, вакцинациясы және денсаулық тобы туралы мәліметтерді бір жүйеде бақылау мүмкіндігі артады.

Ата-ана нені білуі керек?

Профилактикалық тексеруді жай ғана мектептегі немесе емханадағы кезекті медициналық шара ретінде қабылдамаған жөн. Оның негізгі мақсаты – баланың денсаулығындағы өзгерістерді ерте анықтау. Сондықтан ата-ана:

  • баласының профилактикалық тексеруден уақытылы өтуін қадағалауы;
  • тексеру нәтижелерімен танысуы;
  • қосымша талдау немесе маман консультациясына жолдама берілсе, оны кейінге қалдырмауы;
  • баланың денсаулық тобы мен дене шынықтыру тобы туралы ақпаратты білуі;
  • динамикалық бақылау қажет болса, дәрігердің ұсыныстарын орындауы маңызды.

Қазақстан заңнамасына сәйкес, азаматтар профилактикалық медициналық тексерулер мен скринингтік зерттеулерден өтуге міндетті. Мұндай тексерулер ауруларды ерте анықтауға және олардың алдын алуға бағытталған.

Жаңартылған жүйенің басты ерекшелігі – тексерудің өзін өткізумен шектелмей, оның нәтижесін баланың кейінгі медициналық бақылауымен байланыстыру. Яғни мәселе анықталса, балаға қандай тексеру қажет екені, қай маманға баруы керектігі және әрі қарай оны кім бақылайтыны нақтырақ белгіленеді.

Бұл тәсіл ата-ана үшін де маңызды: профилактикалық тексерудің нәтижесі жай ғана медициналық құжат болып қалмай, баланың денсаулығын ұзақ мерзімді бақылаудың бір бөлігіне айналады.

Оқи отырыңыз