Жаңалықтар

Әдебиет теориясы

Әдебиет теориясы әдебиеттің болмысы мен бітімін, әдеби шығарманың сыры мен сипатын, әдеби дамудың мағынасы мен мәнін байыптайды.
28.08.2014 11:55 20438

Әдебиет теориясы

Әдебиет теориясы әдебиеттің болмысы мен бітімін, әдеби шығарманың сыры мен сипатын, әдеби дамудың мағынасы мен мәнін байыптайды. Сөз өнерінің ерекшеліктерін, қоғамдық рөлін, көркем шығарманы танудың принциптерін, талдауын, әдістері мен методологиясын, әдеби жанрлар мен оның түрлерін, өлең жүйелерін, тіл мен стиль, әдеби ағым мен ағыс мәселелерін тексереді, талдайды. Сонда әдебиет теориясының зерттеу объектісі де үшеу болғаны — әдебиет, әдеби шығарма, әдеби процесс. Әдебиет дегенде, оның тағы да үш түрлі яки, таным тарапындағы, тәрбие саласындағы және эстетик. мәні мен мәнісі дара-дара сараланады. Әсіресе эстетик. табиғатына ерекше назар аударылады. Әдеби шығарма дегенде, мәселен, роман яки поэма талдана қалған жағдайда оның мазмұны мен пішініне айналған шындық оқиғадан туатын кем дегенде бес түрлі сауалға жауап беру шарт: Қандай оқиға болды? Оқиға қалайша болды? Оқиға кімдердің басында болды? Оқиға қалай баяндалған? Болған оқиғаға автордың көзқарасы қандай? Осы сұрақтарға жауап беру барысында шығарманың тақырыбы мен идеясын, сюжет пен композициясын, типі мен характерін, суреткердің тілі мен стилін, дүниетанымы мен көркемдік әдісін талдап-тексеру арқылы әдеби шығарманың сыры мен сипатын тұтас танып-білуге болады. Ал әдеби процеске келсек, мұндағы ең басты мәселе — жанр және жанрлық түрлер, мұны тексерудегі негізгі принцип — тарихилық. Нәтижесінде — сөз өнеріндегі тек пен түрді, бет пен бағытты айқындау. Осылардың бәрін тек әдебиет теориясын терең білген адам, сол арқылы өз дәуірінің талабы дәрежесінде өзінің эстетик. талғамын қалыптастырған адам ғана істей алады. Бұл ретте, әдебиет теориясы көркем шығармашылықтың психол-сы мен ерекшеліктеріне қатысты суреткер лабораториясынан да белгілі мөлшерде нақты мәліметтер берері даусыз. Сонымен, әдебиет теориясын білмей, қандай да болса әдеби құбылысты нәзік түсіну, шынайы сөз өнерінің шындық өмірге қарым-қатынасын білу, әдебиеттің өсіп-өрбуіндегі заңдылықты ұғу, сайып келгенде, күллі ілгерішіл адам баласының жалпы көркемдік дамуындағы сыр-сипатты тану мүмкін емес. Әдебиет теориясының ереже секілденген эстетик. қағидалары мен қисындары — әшейін ойдан туа салған нәрсе емес, әдебиет тарихы арқылы табылып, тексеріліп, жүйеленген ұшан-теңіз нақты әдеби деректерді терең және жан-жақты талдау, байыптау нәтижесіеде қорытылған толғамдар, түйін-тұжырымдар (қ. Әдебиет теориясы).

"Қазақстан энциклопедиясы"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға