Жаңалықтар

Дауларды медиация тәртібімен сотқа дейінгі реттеу мәселесі заңмен міндеттелуі мүмкін

Дауларды медиация тәртібімен сотқа дейінгі реттеу мәселесі заңмен міндеттелуі мүмкін
12.07.2019 15:22 2811

Қостанай қаласындағы Достық үйінде облыс аумағындағы екі жүзден аса қоғамдық медиаторлардың жиырма бесі арнайы семинардан өтті.  

Іс-шара аясында кәсіби емес 25 қоғамдық медиаторға және тәжірибелі мамандарға медиацияның қыр-сыры - қолданылу саласы мен аясы, дау-жанжалдарды бітімгерлікпен шешудің сан-салалы тәсілдері мен амалдары, жолдары, жағымды қарым-қатынас орнату технологиясы және өзара дауласушы тараптармен түсінісушілікке келуге қатысты жұмыс жасаудың маңызды принциптері таныстырылды.

Медиация институтын дамытуға үлес қосып жүрген «Қостанай облысының медиаторлар қауымдастығы» қоғамдық қорының өкілдері Игорь Зуев және Сергей Богатырев өздерінің бай жұмыс тәжірибелерімен бөлісті.

«Біз 2014 жылдан бастап әлеуметтік мәселелерді шешуге және қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға бағытталған іс-шараларды ұйымдастырамыз. Бүгін біз кәсіби емес медиаторлар үшін  семинар ұйымдастырып өткіздік. Қазіргі таңда облыс ацмағында екі жүзден астам кәсіби емес медиатор бар, медиатор болуға ниет танытушылар одан да көп. Себебі, 25 жастан асқан, бұрын-соңды сотталмаған, жоғары білімді кез келген азамат медиатор бола алады.  Медиатор болуға ниетті қазақстандықтар 50 сағаттық дайындық курсын  меңгеріп, оның 30 сағаты практикалық сипатта өтуі міндетті. Дайындық курсын тәмамдаған медиаторға арнайы растайтын сертификат табысталады», - дейді семинар тренері Игорь Зуев.

DSC_0232 (1).JPG

Маманның пікірінше, медиация институты соңғы кезде ерекше қарқынды дамып келеді, қол жеткіен жетістіктер де баршылық. Статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, ювеналды әділет арқылы қарастырылатын істердің жетпіс пайызы бітімгерлікпен аяқталады.

«Арызданушы азаматтар қалыптасқан дағды бойынша бірден сотқа жүгінеді, сот өкілдері болса дауласушы тараптардың мәселелерін қарастырып, оларды бітімгерлікке шақыру үшін алдымен медиатордың қызметіне жүгінуге кеңес береді.

Медиаторлар ең алдымен отбасылық келіспеушіліктер, азаматтық іс, мүлікті өзара бөлу сынды мәселелерді шешуге жәрдемдеседі. Тараптар өзара бітімгерлікке келмеген жағдайда, олардың істері сотта қаралады.  Дауларды міндетті түрде медиация тәртібімен сотқа дейінгі реттеу мәселесінің еліміздің жоғарғы мінбелерінде қарастырылып жатқандығы көңіл қуантады. Мұндай үрдіс Қытай елінде қолданылады, азаматтар сотқа жүгінбес бұрын міндетті түрде медиатордың алдынан өтуі тиіс», аталмыш жүйенің Қазақстанда да тиімді болатындығына күмәнім жоқ» - дейді білікті тренер.   

Іс-шараға аға буын өкілдері ғана емес, сонымен қатар, Қостанай жоғары медициналық колледжінің студенттері де молынан қатысты.

«Мұндай іс-шаралардың өскелең ұрпақ - біз үшін маңызы ерекше зор. Алған білімімізді күнделікті өмірде пайдалана аламыз. Біз болашақ медицина қызметкеріміз, сондықтан, дәрігер мен емделушінің арасындағы келіспеушіліктерді реттей алуымыз қажет. Семинар барысында теориялық біліммен қаруландық, практикалық тапсырмалар орындадық. Отандастарымызды бітімгерлікке шақыру – игі іс, татулыққа не жетсін», - дейді бірінші курс студенті Виктория Абрамчик.

Әсем Жұмабекова

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайынахабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға