Жаңалықтар

Дастан Көшербаев: Еліміздегі ұлттар бірлігінің негізгі кілті – қазақтардың бауырмалдығында жатыр

26.10.2018 12:29 1998

Елімізге қатысты «Этносаралық келісім мен конфессияаралық толеранттылықтың қазақстандық моделі» деген ұғым соңғы кездері жиі айтылады.

Осы мәселені зерттеу үшін көптеген халықаралық саясаттанушылар, сарапшылар, кейбір елдер біздің «қазақстандық модельдің» тәжірибесімен бөлісуімізді сұрап, қызығушылық танытып жүргені рас. Осы орайда елімізде бірнеше жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан Орталық Азия өңіріндегі Этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығы басшысының орынбасары Дастан Көшербаев мырзамен сұхбаттасып, ойда жүрген сұрақтарымызды қойған едік.

— ­Еліміздегі этносаралық қатынас, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікке қандай баға берер едіңіз?

Маман ретінде елімізде қалыптасып отырған ахуалға өте жоғары баға берер едім. Себебі, бүгінгі таңда еліміздегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің деңгейін ел ішінде жүргізілген көптеген әлеуметтік сауалнамалардан байқауға болады. Ұлттар татулығы, бірлігі, біртұтастығы өте жоғары деңгейде. Бұл бір ғана жылдың жемісі емес, сонау тәуелсіздік жылдарынан бастап Қазақстанның осы саладағы орасан зор еңбегі, ұстанымының, дұрыс саясат жолымен келе жатқанының нәтижесі.

— Бүгінгі күні еліміздегі ұлттар бірлігіне қызығып қарайтындар жетерлік. Мұндай жетістіктің негізгі кілті неде?

Бұл әлгі бірінші сұрақтан туындайтын мәселе. Еліміздегі ұлттар бірлігінің негізгі кілті қазақ жерінде дер едім. Қазақстандықтардың, оның ішінде, жергілікті ұлт — қазақтардың менталитетінде, болмысында, салт-дәстүрі мен олардың бауырмалдығында, ашықтығында жатыр.

Біз бүгінгі күні не үшін «Қазақтану» жобасын қолға алып отырмыз – осы мәселені тереңірек зерттеу үшін. Бүгінде барша әлем жұрты қызығып қарайтын бірліктің кілті қайда жатқанын түсіну үшін, оны басқаларға да оңай түсіндіру үшін Қазақтану жобасы арқылы бұл мәселе зерттеліп, зерделену үстінде. Бірлік қандай да бір қағазға жазылған ережелерден немесе заңнамалардан туындамайды. Ол осы салада жасалып жатқан үлкен жұмыстың нәтижесі.

— Елімізде өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдері мемлекеттің дамуына қаншалықты үлес қосуда?

Бұл өте жақсы сұрақ. Елімізде өмір сүріп жатқан өзге ұлттардың елдің дамуына үлес қосуы тәуелсіздік жылдарынан ғана басталмайды. Сонау Кеңес одағынан бері Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысуы, жерді игеру, зауыт-фабрикалар салу, қала тұрғызып, ғимараттардың бой көтеруі, өнер салаларында да олардың қолтаңбалары бар. Тәуелсіздік кезеңін қамтитын болсақ, экономиканың дамуы, ғылым, білім, медицина, өнер мен мәдениет, спорт  саласында да қосқан үлестері ұшан теңіз.

Тіпті, заң шығарушы орган Парламент Мәжілісінде де Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан тоғыз депутаттың сайлануы туралы заңнамамызда анық көрсетілген. Бұл олардың барлық азаматтық құқықтарының қорғалып, елдің дамуына үлес қосуына жергілікті қазақтармен бірге еш алаланбай, жағдай жасалып отырғанын білдіреді.

Жалпы, еліміздегі өзге ұлт өкілдері барлық салада кездеседі. Олар өзін бізден бөліп қарамайды.

Өздерін Қазақстан азаматы, қазақстандық санағандықтан, олар осы қоғамнан бөлінген емес, олардың елдің дамуына үлес қосуы — заңдылық болып саналады.

— Жақында Қырғызстанда «Этносаралық келісім мен конфессияаралық толеранттылықтың қазақстандық және қырғызстандық модельдері» атты халықаралық жиын өтті. Біздің еліміздің қазақстандық моделіндегі ерекшелік деп нені айтар едіңіз?

Бұл мәселелердің барлығы бір-бірімен байланысты. Ең бірінші кезекте Қазақстандағы өзге елдердің ешқайсысында жоқ институт — Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылып, осы жылдар ішінде өте жоғары деңгейде жұмыс істеуі. Бұл тәуелсіздік қолға тиген кезеңнен Елбасының көрегенділік саясатының нәтижесі. Еліміз аяққа енді тұра бастаған уақытта, алғашқы жылдарда-ақ көптеген шиеленістердің алдын алып, ұлтаралық бірлікті сақтап қалуы, менің ойымша, үлкен саясаткердің шешімі. Елбасымыздың ел тізгінін қолға алған соң жасаған стратегиялық шешімдерін бүгінгі күні араға жылдар салып, сезініп жатырмыз. Ел басшысының мұндай шешімді қабылдай білуі, ел дамуын алдын ала, бірнеше жылдар бұрын көре білуі өте маңызды. Сол себепті, осындай қазақстандық модельді қалыптастырып, өзге елдер қызығушылық танытып отырған дәрежеге жету ел абыройы дер едім.

— Елімізде жүзден астам ұлт өкілі өмір сүруде. Оларға қаншалықты жағдай жасалған?

Біздің елімізде ешкімге «бөліп қарау» деген ұғым жоқ. Заңымызда да, қоғамдық қарым-қатынасымызда да ешкімді алалауға, ұлтына немесе дініне қарап бөле-жару жоқ. Елімізде барша Қазақстан азаматына жағдай жасалған. Бұл жыл сайынғы Елбасы Жолдауларының жоспарында көрсетілген.

Тіпті, Елбасымыздың 5 қазан күні жолдаған Жолдауында да барша халықтың әлеуметтік жағдайына көңіл бөлінген. Сонымен қатар, барлық азаматтардың жоғары оқу орындарында білім алуына, кез келген медициналық орында ем алуына барлық мүмкіндіктер беріліп қойылған. Яғни, медициналық көмек алудан бастап, оқуға түсіп, білім алып, қызметке тұруы барша халыққа ортақ, бірдей жасалған мүмкіндік.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға