Қант диабеті ұзақ уақыт бойы ешқандай айқын белгі бермеуі мүмкін. Бірақ оның асқынулары көбіне байқалмай дамиды. Бақайлардың ұюы, аяқтың мұздауы, жүргенде тез шаршау немесе ұзақ уақыт жазылмайтын кішкентай жаралар көп жағдайда елеусіз қалып жатады. Алайда мұндай белгілер аяқтағы қан айналымының бұзылғанын және диабеттік табан синдромының дамып жатқанын көрсетуі мүмкін.
Мамандардың айтуынша, ауруды дер кезінде анықтап, уақтылы ем қабылдау аяқты сақтап қалуға және адамның қалыпты өмір сүруіне мүмкіндік береді.
Қандай белгілерге назар аудару керек? Заманауи емдеу тәсілдері ауыр асқынулардың алдын алуға қалай көмектеседі? Пациенттер қандай қателіктерді жиі жібереді? Осы сұрақтарға ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасы Диабеттік табан орталығының меңгерушісі Абылай Сейітқалиев жауап береді.
– Абылай Әбілқайырұлы, көпшілік қант диабетінің қаупін тек қандағы қанттың жоғарылауымен байланыстырады. Неліктен бұл ауру кезінде қан тамырлары қатты зардап шегеді?
– Қант диабеті уақыт өте келе ағзаның көптеген мүшеcі мен жүйеcіне әсер етеді. Қандағы қанттың ұзақ уақыт жоғары болуы қан тамырларын зақымдап, олардың қызметін әлсіретеді. Соның салдарынан, әсіресе аяқтағы қан айналымы нашарлайды.
Қан жеткілікті бармағандықтан тіндерге оттегі мен қоректік заттар аз түседі. Нәтижесінде аяқтағы ұсақ жаралар мен сызаттардың өзі ұзақ уақыт жазылмайды.
Сондықтан қан тамырларындағы өзгерістер диабеттік табан синдромының пайда болуына, жаралардың асқынуына, ал ауыр жағдайда аяқтан айрылып қалуға дейін әкелуі мүмкін.
– Аяқтағы қан айналымының бұзылғанын көрсететін қандай белгілерге пациенттер көбіне мән бермейді?
– Көп жағдайда адамдар аяқтың тоңғыштығына, бақайларының ұюына, шаншу сезіміне, жүргенде аяқтың тез талуына немесе балтырдағы демалғаннан кейін басылатын ауырсынуға мән бере бермейді.
Көбі мұны жас ұлғаюымен немесе шаршаумен байланыстырады. Алайда дәл осындай алғашқы белгілер аяқтағы қан айналымының бұзылғанын көрсетуі мүмкін. Сондықтан мұндай өзгерістерді елемей жүре бермей, дер кезінде тексеруден өткен жөн. Мұндай белгілерге ерте көңіл бөлу денсаулықтағы күрделі өзгерістердің алдын алуға мүмкіндік береді.
– Шынымен адам аяқтағы сезімталдықтан айрылып, жара немесе инфекцияның пайда болғанын байқамай қалуы мүмкін бе?
– Иә, мұндай жағдай жиі кездеседі. Қант диабеті кезінде жүйке талшықтары зақымданып, диабеттік нейропатия дамуы мүмкін. Соның салдарынан адам аяқтағы ауырсынуды, ыстық пен суықты немесе басқа да әсерлерді бұрынғыдай сезбей қалады.
Нәтижесінде аяқтағы кесілген жерді, күйікті, сүйелді немесе басқа жарақатты байқамай қалуы мүмкін. Ал мұндай ұсақ зақымдардың өзі уақыт өте келе жараға айналып, инфекцияның дамуына себеп болады.
Сондықтан қант диабеті бар адамдар аяқтарын күн сайын қарап, кез келген өзгеріске мұқият болғаны жөн.
– Соңғы жылдары диабеттік табан синдромы мен қан тамырлары асқынуларына шалдыққан пациенттердің жасы өзгерді ме?
– Иә, мұндай үрдіс байқалып отыр. Бұрын мұндай асқынулар көбіне егде жастағы адамдарда кездессе, қазір 40-50 жастағы, тіпті одан да жас пациенттер жиі келе бастады.
Бұл қант диабетінің көбеюімен, артық салмақпен, аз қимылдайтын өмір салтымен, темекі шегумен және басқа да қауіп факторларымен байланысты.
Сондықтан аурудың алдын алу шараларын ертерек қолға алып, денсаулыққа ұқыпты қарау өте маңызды.
– Сіздердің орталықта жылына қанша пациент ем алады? Дәрігерлер қандай күрделі жағдайлармен жиі кездеседі?
– Біздің орталықта жыл сайын диабеттік табан синдромы және аяқтағы қан айналымының бұзылыстары бар жүздеген пациент ем қабылдайды. Өкінішке қарай, олардың көбі дәрігерге ауру асқынып кеткен кезде келеді.
Мұндай жағдайда аяқта жазылуы қиын терең жаралар пайда болып, инфекция қосылуы мүмкін. Кейде аяқтағы бірнеше қан тамыры бірдей зақымдалады. Соған қарамастан, қазіргі заманғы емдеу әдістері көптеген жағдайда аяқты сақтап қалуға мүмкіндік береді.
– Бүгінде аяқтағы қан айналымын қалпына келтіруге мүмкіндік беретін қандай заманауи, аз инвазиялы әдістер қолданылады?
– Қазіргі таңда аяқтағы қан айналымын қалпына келтіру үшін аз жарақаттайтын заманауи әдістер кеңінен қолданылады. Біз қан тамырларын үлкен тіліксіз емдеуге мүмкіндік беретін эндоваскулярлық және гибридті тәсілдерді қолданамыз. Олардың қатарында баллонды ангиопластика, стент орнату және бітелген тамырларды қайта ашу әдістері бар.
Мұндай ем кезінде қан тамырына шағын ғана тесік арқылы арнайы құралдар енгізіліп, қан ағымы қалпына келтіріледі. Соның арқасында науқас тезірек оңалып, қалыпты өміріне орала алады. Бұл әдістер қатар жүретін басқа да сырқаттары бар пациенттерге де тиімді ем жүргізуге мүмкіндік береді.
– Диабеттік табан орталығының артықшылығы неде? Неліктен бірнеше маманның бірлесіп жұмыс істеуі жақсы нәтиже береді?
– Диабеттік табанды емдеу бір ғана дәрігердің жұмысымен шектелмейді. Бұл жерде әртүрлі сала мамандарының бірлескен жұмысы маңызды. Біздің орталықта пациентті эндокринолог, тамыр хирургі, іріңді хирургия маманы, кардиолог, невропатолог, нефролог және оңалту дәрігері бірге қарайды.
Осындай кешенді тәсілдің арқасында қандағы қант деңгейі бақылауға алынып, қан айналымы қалпына келтіріледі, инфекциямен күрес жүргізіледі және жараның дұрыс жазылуына жағдай жасалады. Сонымен қатар диабетпен қатар жүретін басқа да аурулар ескеріледі.
Мұның бәрі емнің нәтижесін жақсартып, аяқтан айрылып қалу қаупін азайтуға және пациенттің өмір сапасын арттыруға көмектеседі.
– «Диабеттік табан болса, міндетті түрде аяқ кесіледі» деген пікір бар. Бұл қаншалықты рас? Аяқты қандай жағдайда сақтап қалуға болады?
– Бұл шындыққа жанаспайтын түсінік. Қазіргі медицинада аяқты сақтап қалуға мүмкіндік беретін әдістер жеткілікті. Бүгінде мамандардың негізгі мақсаты – ампутацияның алдын алу.
Көп жағдайда пациент дер кезінде дәрігерге қаралып, қан айналымы қалпына келтіріліп, қажетті ем толық жүргізілсе, аяқты сақтап қалуға болады.
Алайда бәрі аурудың қай кезеңде анықталғанына байланысты. Егер пациент тым кеш келіп, аяқта кең көлемді тіндердің жансыздануы немесе өмірге қауіп төндіретін ауыр инфекция дамыса, ампутация науқастың өмірін сақтап қалудың жалғыз жолы болуы мүмкін.
– Пациенттер қандай қателіктерді жиі жасайды? Бұл қандай салдарға әкелуі мүмкін?
– Ең жиі кездесетін қателіктердің бірі – өз бетінше емделу, халық еміне сену, сүйел мен қажалған жерлерді өздігінен кесіп немесе алып тастау, сондай-ақ дәрігерге кеш қаралу.
Кейбір адамдар жара өздігінен жазылып кетеді деп ойлап, уақыт жоғалтып алады. Ал осы аралықта инфекция тереңдеп, тіндер зақымдана бастайды. Соның салдарынан емдеу қиындап, аяқты сақтап қалу мүмкіндігі төмендейді.
– Егер қант диабеті бар адамдарға аяқ саулығын сақтауға көмектесетін үш негізгі кеңес беру керек болса, қандай кеңес айтар едіңіз?
– Біріншіден, қандағы қант деңгейін бақылауда ұстап, эндокринологке тұрақты қаралып тұрған жөн.
Екіншіден, ешқандай шағым болмаса да аяқты күн сайын қарап отыру қажет. Егер жара, қызару, ісіну немесе басқа өзгерістер байқалса, бірден дәрігерге жүгінген дұрыс.
Үшіншіден, темекіден бас тартып, аяқтағы қан айналымының бұзылуын көрсететін белгілер пайда болса, тексерілуді кейінге қалдырмау керек. Мысалы, жүргенде аяқтың ауыруы, ұюы, тоңғыш болуы немесе ұзақ жазылмайтын жаралардың болуы қан тамырларын тексеруге себеп болуы тиіс.
– Сіз еңбек жолыңызда көптеген пациенттің денсаулығын сақтап, өмір сапасын жақсартуға үлес қостыңыз. Қан тамырлары хирургі мамандығында сізді әлі күнге дейін не шабыттандырады? Неліктен осы саланы таңдадыңыз?
– Қан тамырлары хирургиясы – медицинаның ең күрделі әрі жан-жақты бағыттарының бірі. Бізге келетін пациенттердің көбінде қант диабеті, жүрек-қан тамырлары аурулары, артериялық гипертония, бүйрек аурулары сияқты бірнеше дерт қатар кездеседі. Сондықтан бұл сала маманы өз бағытын ғана емес, медицинаның басқа салаларын да жақсы түсінуі керек.
Мені бұл мамандыққа дәрігер қабылдаған шешімнің адамның денсаулығына ғана емес, кейде оның өміріне де тікелей әсер ететіні қызықтырды. Әсіресе аяқты кесу қажет деген қорытынды алған пациенттің аяғын сақтап қалып, оның қайтадан еркін жүріп-тұруына мүмкіндік беру үлкен қуаныш сыйлайды.
Біздің орталықта пациентке тек жара немесе зақымданған қан тамыры тұрғысынан қарамаймыз. Біз оның жалпы денсаулық жағдайын жан-жақты бағалап, кешенді ем жүргіземіз. Осындай тәсіл емнің тиімділігін арттырып, жақсы нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Пациенттің өздігінен жүріп-тұруы, белсенді өмірге қайта оралуы және өмір сапасының жақсаруы – мен үшін ең үлкен кәсіби мотивация.