Жаңалықтар

Даланың дара дүлдүлі

Иманжүсіп Құтпанұлы – зерделі суреткер, композитор, ұлы әнші-сазгер.
13.10.2015 10:16 5907

Қазақ халқы өз мәдениет тарихында ұлы оқиғалар мен әйгілі есімдерді, тарихи тұлғаларды ешқашан естен шығарған емес. Олар жайлы ел аузында аңыз-әңгімелер, көптеген деректер қалып отырған. Өмір шындығын, қоғам шындығын айқын танытуда көркем әдебиеттің орны айрықша. Тарихи тақырыпта ой қозғап, қазақ елінің, қазақ ұлтының әр ғасырда әрқилы тағдыр кешкен ақтаңдақ, біртуар тұлғалардың ел тарихындағы орнына баға берген, олардың күрделі бейнесін көркемдік тұрғыдан жинақтаған қаламгерлер қазақ прозасы мен поэзиясын жаңа қырынан танытты.

Көркем шығармаларға өзек болған сондай тұлғалардың бірегейі – Иманжүсіп Құтпанұлы (1863-1931). Көрнекті жазушы Әбіш Кекілбаев: «Иманжүсіп – көз жетер жердегі аса бір әйгілі де асқақ тұлға. Ол бүтін болмысымен аса зерделі суреткер, композитор, ұлы әнші-сазгер. Өзінің бітім табиғаты бойынша – нағыз дала көкжалы. Ол мүлде қайталанбас, қатардағы екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлікке барып, адамдардың жүрегінен күні бүгінге дейін кетпейтін аңызға айналды. Ол өзінің адамгершілік айбынымен, кез келген астамшылық, үстемдікке бас ұрмайтын міне­зі­мен, қалың әлеуметке тізесі бат­қан кесір-кесапат атаулының қан­дайына да қасқайып қарсы шы­ғатын қасиетімен әлі талай келер ұрпақтың өкілдерін тамсантатын болады», – деп баға бер­ген Иманжүсіптің кім екенін, шығар­машылық мұрасын, дүниетанымын түсіну үшін оның өмір жолына, заманының хал-ахуалына, жүрген ортасына назар аударған жөн.

Даланың дара дүлдүлі

«Жүз қатыны қазақтың ұл тапса да,

Бәрібір Иманжүсіп бола алмайды!» –

дегендей, ол халқым деп өмір сүрген, ел-жұртын рухани бесікте тербету үшін жаралған сегіз қырлы, бір сырлы сері, дарын иесі. Тағы бірде Әбіш Кекілбаев Иманжүсіптің талантына бас ие отырып: «...Бір өкінішті жай сол, осындай айрықша бітімді ерекше тұлға біздің әдебиетімізде, өнерде өзінің лайықты, көркем бейнесін тауып, тарихшыларымыздың әділ бағасын ала алмай келеді», десе, академик Ахмет Жұбанов: «Иманжүсіптің бар тарихы архивте жатыр. Әлбетте, көп сөз ел ішінде әлі бар. Соларды жинау керек. Иманжүсіптің де күні туады әлі», деп көрегендік танытады.

Қазақ тарихы мен өнерінің бастау қайнарында тұрған сал-серілердің, ірі талант иелерінің бәріне ортақ қасиет – көп қырлылық. Балуан Шолақ, Ақан сері, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай сынды өр мінезді өнер саңлақтарының Иман­жүсіп өмірі мен өнерінде сабақтастық, үндестік байқалады. Осы тұлғаларға қатысты жазылған шығармалар соның айғағы.

Даланың дара дүлдүлі

Иманжүсіп өмірінің, қайсар ерлігі мен тума талантының ең тартымды да тағылымды тобы поэзиялық жанрдағы көркем шығармаларда жасалған. Өлең, арнау, поэма үлгісінде жазылған шығармаларда Иманжүсіп Құтпанұлының алуан түрлі қасиеттері, ол өмір сүрген заман шындығы қамтылады. Оларды тұтастай алғанда, Иманжүсіп өмірінің көркем шежіресі деп сипаттауға болады. Батырдың шежіресін тарататын сондай шығармалардың бірі – Мәнсүр Бекежановтың «Иман­жүсіпке хат» дастаны.

Иманжүсіп Құтпанұлы – қазақ халқының бостандық алуы жолында өзіндік үлес қосқан азамат. Оның келер ұрпаққа қалдырған мұрасы да жетерлік. Тек оны әлде де зерттей түсу қажет. Жас ұрпақ осынау тұлғаны пір тұтып, өмірлік идеалына айналдырса, қазақ деген халықтың өсер тұғыры содан бастау алуға тиіс. Ел-жұртының азаттығы мен тәуелсіздігі үшін өмірін қиған «нағыз дала көкжалы» Иманжүсіп Құтпанұлына қатысты телегей-теңіз мәселені толығымен зерттеп, игеру, жас буын өкілдеріне насихаттау – алдағы күннің еншісінде.


Раушан КӨШЕНОВА

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға