Жаңалықтар

Бес білезік

Бес білезік – күмістен жасалған әшекей
13.10.2015 10:05 21231

Бес білезік – бұл білезіктің бауыр сырты жалпақ, сағат бау сияқты. Ортасында топсасы болады. Білезіктің екі басы түйісіп түймеленеді. Білектің сыртқы жағында күміспен немесе алтын шынжырмен шыжымдап қойған бес сақинасы бар. Сақиналар да өрнектеліп, тастан көз орнатылып әсемделеді. Білезікті білекке салардан бұрын осы бес сақинаны бес саусаққа киіп алады. Бұдан кейін білезікті топсасынан сыртына қарай қайырып білекке салады да екі басын қайтадан түйістіріп, түймелеп қояды. Бес білезікке асыл тастардан алуан түсті көз орнатып, үстіңгі бетіне күрделі өрнектер салады.

ХІХ ғасырдағы бес білезік

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражай қорында 180 дана білезік бар. Солардың ішінде № ЭБ-кс-241 номерлі білезікке тереңірек толталсақ. Білезік ХІХ ғ. аяғына жататын «Бес білезік» деп аталады. Алайда, бұл білезіктің жалпақ, сақиналары жоғалған болуы керек, әзірге саусаққа жалғасқан кертіктің орны бар. Сынамы күміс. Білезік құйма, қалыптама, шекемелеу әдістерімен өрнектеліп жасалған. Ал енді білезікке салынған оюларға тереңірек үңілсек. Білезікке бір-біріне қарама-қарсы «құс қанаты» оюы салынған.

 Бес білезік

«Құсқанаты» ою-өрнегі мүйіз оюымен не шахмат шақпақтарының ізімен бейнеленген құстың қанаты тәріздес ою-өрнек. Бұйымдарда көп қолданылатын бұл ою қанатын жайып ұшып келе жатқан құсты тұспалдайды.  Екі «құсқанаты» оюдың ортасында тамшы тәріздес екі гүл салынған. Ал гүл ою өрнегі барлық гүл түрін тұспалдайды. Бұл өрнектің түрі қолөнер бұйымдарында  үш жапырақтан басталып, он екі жапырақты ою өрнекке дейін кездеседі. Гүл оюларының өзінде де халықтың дана ойы жататынын мынадан байқаймыз: гүл мен гүл түйнегінің айқаса бірігіп салынуы – бірлікті, елдің ынтымақты болуын мегзейді.

 Бес білезік

Өсімдік тектес оюлар ұлттық өнерімізге өте ертеден сіңіп, кеңінен тараған өрнектің бір түрі. Өсімдік тектес ою-өрнегінің негізін гүл, жапырақ, сабақ құрайды. Гүл-жапырақ оюлары әр түрлі заттарға сәнімен қалыптасып, ұйқасымын табады.Олар өзінің даму барысында әртүрлі жолдардан өтіп, қолданылатын затқа сәндік, көркемдік қасиет беріп, мазмұндарын шешті. Мәселен өсімдік оюларымен шымылдық, перде, түскиіз, көйлек, камзол, бешпет, аяққап, текемет, сырмақ, білезік, шолпы, сырға, жүкаяқ, сандық, қыш құмыралар және т.б. заттар ойылып, кестеленіп, боялып, бедерленіп, сырылып, әшекейленіп безендірілді.

 Бес білезік

Сондай-ақ білезіктің орта тұсында тағы да тамшы іспеттес гүл, оны айнала бидай сабағына ұқсас оюмен безендірген. Бұл шеңбер жасап орналасқан. Негізі шеңбер бұл Күнді тұспалдайды. «Күн» белгісі көбінесе жүзік, білезіктерге бір дөңгелек, не қос дөңгелек түрінде безендіріледі. Бір дөңгелек «күн» белгісі – «күніміз ашық болсын» деген тілікпен салынған“  Сонымен қатар,  білезіктің жоғары және тұменгі тұсында тамшы іспеттес өрнекпен «ирек» оюы түскен. «Ирек» өрнегі геометриялық ою-өрнекке жатады. Олар ирек (ирексу) деп те аталады. Ирексудың жиегі болмауы мүмкін. Олармен бешпеттерді, қамзолдарды, шапандарды және тақияның жиегін, сондай-ақ сақина, білезік, қапсырма, алқа секілді зергерлік бұйымдарды, ши тоқымаларын, сырмақтарды, кебежені, жүкаяқтарды, ыдыс-аяқ пен киім-кешектерді әшекейлейді. «Ирек өрнегі» бұл пәле-жаладан қорғайтын тұмар тәрізді мағынасы бар оюдың түрі болып табылады. Қолға киілетін тұсы да ирек-ирек болып келген.  Сонымен бірге білезіктің екі жағында шеңбер жасай оралып тұрған ою орналасқан бұл ою дүние дөңгелек дегенге саяды.

 Бес білезік

Қазақстанның шығыс, оңтүстік-шығыс аудандарында егізінен, жұмырланып және төрт қырланып соғылатын білезіктер тән болса, Солтүстік және Орталық Қазақстанға жұқартыла соғылған жіңішке білезіктер тән, оңтүстік өңіріне құйма сом білезіктер, ал батыс пен оңтүстік-шығысқа өте көлемді сырты алтынмен буланатын көзді білезіктер тән.


А. Жанысбаева

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайы

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға