Жаңалықтар

«Дала аңызы»

Елордада өтіп жатқан көрмелер
16.06.2016 09:55 7536

«Тәуелсіздік сарайының» көрме залында белгілі суретші, қолданбалы өнер шебері Құттыбек Жақыповтың «Дала аңызы» атты көрмесі ашылды. Шара ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып отыр.

«Дала аңызы»

Көрмеге суретшінің 1983 жылдан қазірге дейінгі аралықтағы 60-қа жуық гобелендері мен текеметтері қойылған.

Құттыбек Жақыпов шығармашылық жұмыспен 1981 жылдан бастап айналысады. Ол өзіндік қолтаңбасын іздеу жолында (80-жылдардың басында) ерекше мәні бар «Шөл дала», «Шарықтау» сияқты гобелендер мен «Қуаныш», «Бағындырушы» атты киіз жұмыстарын жасап шығарды. Өнертанушылардың пікіріне сүйенсек, Құттыбектің шығармашылығында гобелен терең бейнелі астарлы мәнмен, күтпеген композициялық шешіммен, сәндік фактурамен және бояулардың байлығымен бейнелі мәнге ие болды.

Сурет: kazpravda.kz

Құттыбек Тыныбекұлы – ҚР Суретшілер одағы Оңтүстік Қазақстан облыстық басқармасының мүшесі. ҚР Суретшілер одағының XIV; XV және XVI съездерінің делегаты. 1987 жылдан бастап КСРО Суретшілер одағына мүше болды. Ашхабад қаласындағы бүкілодақтық, Ташкент қаласындағы республикааралық көрмелердің лауреаты атанды. Биыл ҚР Суретшілер одағының «Үздік шығармашылығы үшін» медалімен марапатталды.

«Дала аңызы»

Суретші республиканың кәсіби қолданбалы өнер саласында жақсы танылып үлгерді. Оның жұмыстары республикалық, бүкілодақтық басылымдарда жарық көрді. Оның жұмыстары Мәскеу қаласындағы Шығым мемлекеттік музейінде, Түркіменстан Бейнелеу өнері (Ашхабад қаласы), ҚР тұңғыш Президенті музейінде, Түркия мемлекеттік музейінде және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Көркемсурет көрмелер дирекциясында, Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде, ТМД және шетел галереяларының қорында сақтаулы. Құттыбек Тыныбекұлы – Қызылорда облысы, Арал қаласындағы «Арал елі» монументальды мозаикалық шығармасының авторы.


Айбота ӨТЕУЛІ

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға