Дакарда топ жарған қазақстандық велошабандоз Әнел Тәшбай туралы не білеміз?

Дакарда топ жарған қазақстандық велошабандоз Әнел Тәшбай туралы не білеміз?
Фото: ҰОК

Қазақстандық велошабандоз Әнел Тәшбай Сенегал астанасы Дакарда өткен жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы атанды. Ол жекелей уақытқа жарысу сайысында қарсыластарынан бес секундтан астам уақытқа озып, алтын медаль иеленді. Бұл – спортшының халықаралық аренадағы кезекті ірі жетістігі. Бұған дейін де Азия ойындары мен Азия чемпионаттарында топ жарған велошабандоз енді ересектер санатында бақ сынауға дайындалып жатыр. Сонымен, Дакар жеңімпазы Әнел Тәшбай туралы не білеміз?

Велоспорттағы алғашқы қадам

Әнел Тәшбай 2009 жылы Алматы облысындағы Кеңдала ауылында дүниеге келген. Кішкентайынан спортқа бейім ару волейбол, дзюдо және би секциясына қатысқан. 12 жасында велоспорттың табалдырығын аттап, Сергей Цуканов пен Владимир Бушанскийден тәлім алған. 

фото: ҰОК
фото: ҰОК

Оның велоспорттағы жолы маунтинбайктан басталған. Ол осы бағытта Қазақстан чемпионы атанып, велосипедті меңгеру мен техникалық шеберлігін жетілдіруде мол тәжірибе жинаған. Спортшының айтуынша, маунтинбайк оған велосипедті еркін басқаруды, оның жүрісін сезінуді және күрделі жол бөліктерінен кедергісіз өтуді үйреткен. Бұл дағдылар қазір де, әсіресе техникалық тұрғыдан қиын жарыстарда, көмегін тигізеді.

Жеңістің дәмін татқан соң Әнелдің велоспортқа деген қызығушылығы арта түскен. Ол жаттығуға барып, алдына мақсат қойып, сол мақсатқа жету жолында талмай еңбек етуге бел байлаған. Уақыт өте келе болашағын осы спорт түрімен байланыстыруға шешім қабылдаған.

Азия ойындарындағы жеңісі

Әнел Тәшбайдың халықаралық аренадағы маңызды жетістіктерінің бірі – 2025 жылы Бахрейннің Манама қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарындағы жеңісі. Бұл нәтиже спортшыға үлкен серпін беріп, келесі маңызды жарысқа дайындалуына мотивация болған. Әнел сол кезде алдына жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы атану мақсатын қойған.

фото: ҰОК
фото: ҰОК

Оның айтуынша, Азия ойындарынан кейінгі бір жылда психологиялық тұрғыдан шыңдалған. Әсіресе, Еуропадағы жарыстар оған жоғары деңгейдегі бәсекеге бейімделуге, қарсыластардың мүмкіндігін бағамдауға және қиындықтарға дайын болуға көмектескен.

Дакардағы тарихи сәт

Биыл Сенегал астанасында өткен жасөспірімдер Олимпиадасы Әнелдің спорттық мансабындағы маңызды белеске айналды. Қазақстандық спортшы жекелей уақытқа жарысу сайысында 8,5 шақырым қашықтықты бағындырып, ең жақын қарсыласынан бес секундтан астам уақытқа озып кетті.

Олимпиадаға дейінгі дайындық бірнеше айға созылған. Әнел жұбымен бірге жаттығып, өзара тәжірибе алмасқан. Сонымен қатар бапкерінің тактикалық және психологиялық дайындығы да жеңіске жетуіне ықпал еткен. Спортшы үшін Дакардағы ең үлкен қиындықтардың бірі аптап ыстық болған. Оның айтуынша, Сенегалдың ауа райы өзі үйренген климаттан мүлде өзгеше еді.

фото: ҰОК
фото: ҰОК

Айта кетейік, алтын медаль жеңіп алғанға дейін Әнел топтық жарыста жетінші орын иеленген. Бұл сайыста алғашқы 20 спортшы мәреге бірдей уақытта жеткен. Жарыс барысында алты спортшы негізгі топтан бөлініп шыққанымен, басқа командалардың өкілдері олармен бірлесіп жұмыс істеуге мүдделі болмаған.

Соған қарамастан, Әнел бұл нәтижені пайдалы тәжірибе деп бағалаған. Өйткені ол мықты қарсыластармен тең дәрежеде бәсекеге түсе алатынына және жүлделі орындар үшін күресуге мүмкіндігі жететініне көз жеткізген.

Оның басты артықшылығы қандай?

Әнел Тәшбай өзінің басты артықшылықтарының бірі ретінде жарыстың қиын сәттерінде де төзімділік танытып, жоғары қарқынды сақтай алатынын айтады. Спортшының сөзінше, басқа велошабандоздарға жылдамдықты ұстап тұру қиындаған кезде де ол қарқынын бәсеңдетпеуге тырысады. Сонымен қатар өздігінен шабуылға шығып, қарсыластардың шабуылына жауап бере алады.

фото: ҰОК
фото: ҰОК

Әнел жекелей уақытқа жарысу сайысын ерекше жақсы көреді. Себебі бұл дисциплинада нәтиже толығымен спортшының дайындығына, күшін дұрыс бөлуіне және төзімділігіне байланысты.

Оның халықаралық тәжірибесі де аз емес. Әнел бұған дейін әлем кубогы кезеңдерінде, әлем және Азия чемпионаттарында өнер көрсеткен. Ал өзі үшін ең күрделі жарыстардың бірі ретінде Канадада өткен әлем чемпионатын атайды. Оған 150-ден астам спортшы қатысып, техникалық жағынан күрделі жолда бақ сынаған.

Ересектер қатарына ауысуды көздейді

Жасөспірімдер арасындағы ірі жарыстарда топ жарған Әнел Тәшбай енді мансабындағы жаңа кезеңге қадам басқалы отыр. Оның алдында ересектер санатына бейімделіп, халықаралық деңгейдегі мықты спортшылармен бәсекеге түсу міндеті тұр.

Спортшы алдағы уақытта Еуропадағы жарыстарға жиі қатысып, шетелде оқу-жаттығу жиындарынан өтуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар жыл бойы жаттығып, түрлі жарыстарда өнер көрсетуге мүмкіндік беретін шетелдік кәсіби клубқа қосылғысы келеді.

фото: ҰОК
фото: ҰОК

Қазір Әнел келесі жылдан бастап өнер көрсете алатын халықаралық команда іздестіріп, бірнеше мүмкіндік бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл ретте Қазақстан велоспорт федерациясы мен бапкерлерінің қолдауына үміт артады.

Әнелдің ең үлкен арманы қандай?

Жасөспірімдер арасындағы Азия ойындары, Азия чемпионаты және Олимпиада жеңімпазы атанған Әнел қол жеткізген жетістіктеріне тоқмейілсіп қалғысы келмейді. Оның алдағы бірнеше жылға қойған мақсаты – мықты команданың сапына қосылып, әлемдік деңгейдегі жарыстарда бақ сынау және көпкүндік ірі додаларға қатысу.

Ал спорттағы ең үлкен арманы – ересектер арасындағы Олимпиада ойындарына қатысып, алтын медаль иелену.  Дакардағы жеңіс Әнел Тәшбай үшін үлкен белес болғанымен, оның өзі бұл жетістіктерді әлі бастамасы деп санайды. Ендігі міндет – жасөспірімдер спортындағы нәтижені ересектер деңгейінде де қайталап, Қазақстан велоспортының халықаралық аренадағы беделін арттыру.

Оқи отырыңыз