Жаңалықтар

БЕРДІБАЙ РАХМАНҚҰЛ

1927 жылы 2 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданы, Көкіш ауылында туған. Түркістан педучилищесін, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, Қызылорда пединститутының қазақ тілі мен әдебиеті факультетін (1949) бітірген. Ащысай кентіндегі орта мектепте мұғалім, 1949—1953 жж. Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі қазақ орта мектептерінде директор, аудандық оқу бөлімінің инспекторы, 1953-1954 жж. ҚазМУ-дің аспиранты, 1955—1959 жж. республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде әдеби қызметкер, сын бөлімінің меңгерушісі болған.
16.01.2013 10:34 3812

1927 жылы 2 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданы, Көкіш ауылында туған. Түркістан педучилищесін, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, Қызылорда пединститутының қазақ тілі мен әдебиеті факультетін (1949) бітірген. Ащысай кентіндегі орта мектепте мұғалім, 1949—1953 жж. Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі қазақ орта мектептерінде директор, аудандық оқу бөлімінің инспекторы, 1953-1954 жж. ҚазМУ-дің аспиранты, 1955—1959 жж. республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде әдеби қызметкер, сын бөлімінің меңгерушісі болған. 1960 — 1972 жж. әдебиет тарихы және теориясы мәселелері бойынша «Әдебиет пен өмір», «Роман және заман», «Қазақ әдебиетіндегі замандас бейнесі», «Қазақ совет әдебиетінің қалыптасуы», «Дәстүр тағылымы» тәрізді кітаптары, «Қазақ романы», «От легенды к роману», «Қазақ тарихи романы», «Тарихи роман», «Мұхтар шыңы» монографиялары жарық көрді. 1961 жылы кандидаттық {«Қазіргі қазақ романындағы сюжет пробле- масы»), 1971 жылы докторлық («Қазақ романдарының теориялық мәселелері») диссертация қорғайды. 1968—1970 жж. ашылған Қазақ Совет энциклопедиясы Бас редакциясының жауапты хатшысы, 1973-1995 жж. Қазақ КСР ҒА М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында фольклор бөлімінің меңгерушісі, ҚазМУ мен ҚазПИ-де ауыз әдебиетінен дәріс оқиды. «Қазақ фольклористикасының тарихы» деген еңбегі үшін Р.Бердібайға және бірнеше фольклоршыға Ш.Уәлиханов атындағы бірінші дәрежелі сыйлық берілді. Бұл жылдарда ғалымның қаламынан «Қазақ эпосы», «Сарқылмас қазына», «Кәусәр бұлақ», «Эпос — ел қазынасы», «Жыршылық дәстүр», «Айтыс әлемі» секілді еңбектер туды.

Түбі бірге туысқан халықтар әдебиетімен өзара байланысы оның «Гүлстанның бұлбұлдары», «Достық кемесінде», «Сарқылмас қазына» деген кітаптарынан бастау алып, соңғы жылдарда шыққан «Байқалдан Балканға дейін», «Жұлдыздар жарығы», «Ел боламыз десек» атты жинақтарда жалғасын тапты. Оның сыншылық, әдебиетшілік, фольклоршылық, түріктанушылық саласындагы ізденістері 42 кітап, мыңнан артық мақала түрінде жарыққа шықты.

Ғалымның бұлардан тыс атқарған игілікті ісі — М.Әуезов мұражай үйінде 35 жыл бойында Алматы қалалық қазақ әдебиеті мен өнері халық университетін басқарып, қазақ халқының соңғы 1500 — 2000 жыл бойындағы тарихы мен мәдениеті тақырыбына 500 дәріс өткізуі. Бұл еңбегі үшін сол кездегі Бүкілодақтық «Білім» қоғамының ең үлкен сыйлығы — Вавилов медалімен марапатталған.

ҚР ҰҒА-ның академигі, Түрік тіл құрылымының (Түркия), Халықаралық Ш.Айтматов қоғамдық академиясының, Халықтық (экологиялық) академияның мүшесі, Ш.Уәлиханов атындағы, «Түрік дүниесіне қызмет» сыйлықтарының иегері. «Парасат» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапаттал- ган. «Қазақ КСР ғылымының еңбек сіңірген қайраткері» (1983), «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» (1992) атағын алды. 1995 жылдан бері Қожа Ахмет Йасауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессор қызметтерін атқарған. 2012 жылдың 3 сәуірінде қайтыс болған.

Дереккөзі: ОҚО әкімдігі

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға