Жаңалықтар

41-ші жылғы хаттар

Соғысқа кірген солдаттың сағынышты сәлемін түйген бұл үшкіл хаттардың мазмұны көпшілікке таныс емес, әрине. Мазмұнын айтпағанда, тарихының өзі қызық. Жетпіс жыл бұрын жазылып, жолданған жеріне жетпіс жыл кешігіп жеткен, тіпті біразы әлі де арналған адамдардың қолына тимеген хаттар.  Ал мұның сыры мынада: 1941 жылғы 22 маусымда соғыс басталып, көп ұзамай Украинаның Каменец-Подольский қаласын жау басып алады. Осы өңірде әскери қызметте жүрген кеңес солдаттарының 1941 жылдың маусым-шілде айларында жазылған хаттары соғыс жағдайына байланысты жіберілмей, пошта жәшігінде қалып қояды. Ұзын саны 1208 хат екен. Гитлер әскері барлық хатты жинап алып, «соғыс басталған кездегі кеңес халқының көңіл-күйін зерттеп білу» деген мақсатпен оларды Австрияға жөнелтіп жібереді. Әлбетте, бізге «кеңес халқының көңіл-күй» ауаны қалай зерттелгені беймәлім, алайда жауынгер хаттары 2009 жылға дейін Вена қаласының (Австрия) мұражайлар қорында діні бұзылмай сақталып келгені белгілі болып отыр. Киевтегі «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы тарихының ұлттық мұражайы» мемориалдық кешені басшылығының хабарлағанындай, бүгінде «1941 жылғы оқылмаған хаттар» деген жалпы атау алған осынау бірегей құнды эпис­тола коллекциясы реституциялық (соғыс кезінде басып алынған мүлікті қайтару) үдерістер шеңберінде Украина шекарасына қайта өтіп, 2010 жылдың бас кезінде аталған мұражайға келіп түсіпті. Қазір олар түгелге жуық өңделіп, мұражайдың тұрақты мемлекеттік қорына алынған. Бүгінге дейін 500-ден астам хаттың көшірмесі иелеріне табыс етіліпті. Шекара асып, қайта оралған үшкіл хаттардағы үшбу сәлем географиясы бұрынғы кең байтақ КСРО-ны түгел қамтиды. Соның ішінде жеріне жетпей қалған 19 хат Қазақстанға жолданған екен. «Хат иесіне жету керек. Бұл біздің қасиетті борышымыз. Сол себепті іздестіру жұмыстары жалғасу үстінде», дейді мұражай басшылығы. Бізге мәлім дерек бойынша, осы 19 хаттың әзірге 9-ы қазақстандық жауынгерлердің артында қалған ұрпақтарының қолына тиген. Оның үстіне, соғыс жаңа басталған кезде ұрысқа кіріскен жауынгерлердің кейінгі тарихы, тағдыры және белгісіз. Олардың арасында тірі қалған, аман-есен оралғандары болуы мүмкін. Немесе осы уақытқа дейін соғыста хабарсыз кеткендердің бірі болып жүруін де жоққа шығара алмаймыз. Бірақ жетпіс жыл бұрын жазылған хаттардың мазмұнын білу, соның ішінде қазақ жауынгерлерінің аты-жөнін айғақтау уақытқа бағынбайтын қажеттілік екеніне ешкім дау айта алмаса керек. Міне, мынау Көдек есімді жауынгердің (фамилиясы белгісіз) өлеңмен жазған екі хаты. Ол Жамбыл облысының Қордай ауданындағы «Қасық» селосында тұратын (хат алушыны «Ершибылов Ж.» деп оқи алдық, басқаша да болуы мүмкін, жауынгердің қолтаңбасы әрі қарай анық танылмады – С.Б.) туысқандарына арналыпты. «Қадірлі әпке, жезде, бердім қолды, Германмен соғысуға тарттық жолды. Құдайым қой боғындай қорғасыннан, Сақтаумен, есен-аман көрсек болды. Шыбын жан түйіліп тұр шүберекте, Шет елдер қысып жатыр төңіректе. Күн ыстық жаяулатып барам кетіп, Түспеді-ау шөлдеуменен түкірік те. Бұраңдап жүре алмаймын буыным жоқ, Беліме тізіп берді қан төгер оқ. Көзімді іліндірсем түс көріппін, Батыстан күн шығыпты жарығы жоқ». Көдектің екінші хаты Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Успеновка селосы, Роза Люксембург колхозында тұратын Исалиев Оқатайға арналған. Хат мазмұнына қарағанда, бауырының ағасына жазған хаты сияқты. «Амандық қат! Асыл туған, ардақты, қадірлі, жәкем, Белбұлақ, Ініңнің хатына мойын бұрып, сал құлақ. Өткен түні түсімде 30-июньде, 41-жыл, VI ай, Мылтығымның істігі ұшы сынған салбырап. Жеңсікбаймен ілесіп жылқы бақтым бір түні, Қорқамын сонан қалжырап! Осы хатты мен жаздым, алып-ұшып жүрегім, Пендем десең бер, Аллам, үмбетіңнің тілегін, Кебенек киген келер деп, бұрынғы айтқан бір мақал, Уайымсыз-қайғысыз, бауырыңның өмірін сіздер де, жәке, тілегін! Жазған жерім бұл хатты орман-тоғай, долана, Ажал жетсе Алладан, жазудан артық бола ма, Дәм-тұз елден бұйырса, қайта тартып келерміз, Көкем жауға кетті деп қайғырып босқа жылама! Біздер жүрміз орманда араласып аңменен, Кейде жүріп кетеміз түтігіп топырақ шаңменен. Күндіз күлкі көрмейміз, түнде ұйқы, Кірпік қақпай қарысып тілсіз тұйық таңменен! Көрсетті тәңірім жұртқа мұнша қорлық, Батыстан жау тықсырды етіп зорлық. Қаланы төрт атақты басып алды, Күш жиып шекараға етіп орнық! Қанды күн 22-сі болды июньнің, Мазасыз алды жауыз күн мен түннің. Жинағын жеті күннің есептесе, Қазасы бірден жеткен он бес мыңның. Қаһарланып жау неміс қаруын кезеп бекінді, Жалынды оқтың екпіні бұршақтай боран секілді, Қой боғындай қорғасын ажал болып жабысып, Қаза тапты майданда талай боздақ кекілді! Айналайын, жәкешім, қайғырып, боздап, өкінбе, Жұмысыңды істей бер, беліңді буып бекін де. Бір Құдайға сыйынып, Отанын қорғап інің тұр, Жау фашиспен алысып Одақтың қиыр шетінде! Қолыма хат жазуға алдым қалам, Кіші іні, үлкен аға болсын аман. Жүз көріп жолыққанша есен боп тұр, Осымен менің сөзім болды тамам! Осы хатты 1 июль күні жаздым. Қашан саларымды қайдам. Көдек». Хаттың ең соңында: «Польшада – Карпат қасында Днестр өзенінің бойында ініңіз Көдек», деген жазу бар. Келесі хаттар Мәулет Доскенов және Мұхит Оспанов есімді екі жауынгердің Қостанай облысы, Ұзынкөл ауданы, Новопокровский ауылдық кеңесі, Карл Маркс колхозында тұратын Нұркеноваға Рыстыға жазған хаттары: «Рысты!!! Қарындас, бірімізді біріміз көрмесек те хат арқылы танып, Мәулеттің хатына мені де жазған екенсіз. Оныңызға үлкен рахмет. Жақсыда жаттық жоқ деген. Жатырқамағаныңыз жақсы. Сіздің үйдегі ағайды қайтыс болды деп естідім, қайғыңызға біз де ортақпыз. Ренжігенмен, қолдан еш нәрсе келмейді. Жас өмірге мынадай соғыс жағдайы кез болды. Алдағы өмірдің қандай болатынына біздің де көзіміз жетпейді. Қарындас, тек құдай ажалды елден жазса, арман жоқ деп ойлаймыз. Өзіңіз тез хат сал. Бұрынғы әдіріске. Көп жазар әңгіме жоқ. Аман қайтсақ, сізден жасырар әңгіме болмас. Үй ішіне Мәулет екеумізден үш қайтара сәлем айтыңыз. Әзірге қош. Тек көрісуге жазсын. Амандық білдіруші ағаңыз Мәулет және Мұхит. 30.VI.41 ж. * * * Қымбатты қарындас Рысты!!! Сіздің жазған хатыңызды алдық. Амандық хабар біліп, қуанып қалдық. Бірақ сіз ол хатыңызда болған жаманатты жасырып жазбапсыз. Лұқмаштың хатынан білдік. Өлгеннің бетінен жарылқасын. Қиынырақ болған екен. Біз ренжігенмен бола ма, барлығы да Құдай ісі ғой. Көп ойлап жүдемеңіздер. Бапама сәлем айт. Ал енді бізден хал білмек болсаңдар, ден сау, тұрмысты өздеріңіз де естіп жатқан шығарсыздар. Қазір Мәулет екеуміз де пронтта жүрміз. Қазір соғыс өте қызу, әзірше совет әскерінің беті теріс емес. Өзіміз әзірге анау-мынаудан аманбыз. Соғысты тез аяқтап, аман болсақ сентябрь айында қайтамыз. Рысты, хатты бұрынғы әдіріске жаз, содан келеді. Қарындас! Сөкпеңіз, әкопта отырып асығыс жаздық. Хат жазсаңыз менің әдірісім (ескі) УССР, г.Каменец-Подольск п/я 64/1-3, получить Оспанову Мухиту деп жазсаңыз келеді. Мәулеттің де әдірісі осы. Хат күтеміз». Келесі хат – Ақтөбе облысының Жұрын ауданындағы Бақтыөзен ауылдық кеңесіндегі № 16 ауылда тұратын Тәкенов Марабайға арналған. Хат иесі – Ибраев У. (Көрінбейді, шамамен осылай оқылады). «3/VII-41. Амандық хат. Құрметтеп аса артық көруші нағашымыз Марабай және Қазыбайға. Ал, Мәке, екеуіңнің де үй-іш, бала-шағаларың аман ба? Қазыбайдың баласы үлкен жігіт болды ма? Сағынғазы да үлкен жігіт болды ма? Оқуда… болып алдағы класына көшті ме?… Ал, Мәке, менен хал-жай сұрасаң – мен де денім сау, аман-есен жүрмін. Өзің де естіп жатқан шығарсың ұрысқа кеткенімізді. Біз ұрысқа «Каменец-Подольск» қаласынан 29/VI күні соғысқа кеттік. Ал енді … жарақаттан… өліп қалудан әзір аманбыз. Мәке, … біздің үй-іш аман ба? Әжем мен әкем де күйлі, жақсы тұра ма? Күйлері қалай? Аш емес пе? Әміренің, Әбілғазының да үйлері аман ба? Олардың да күй-жағдайлары жақсы ма? Ел-халықтың күйлері жақсы ма? Елдегі сұраған азаматтарға сәлем айтарсың барлығына да? Ал, Мәке, саған ақша сал деп… едім, енді сен ақша салма? Мен оны ала алмаймын. Біздің үй… май салған екен, оны мен ала алмадым. Осы күні елдегі азаматтардың барлығын әскерге алып жатыр ма? … енді бөтен айтатын сөз жоқ. Сендер енді хат жазбаңдар, өзімнен болар хабар. Аман тұрсам, хат жазып тұрамын. Ал бірдеңе болып кетсе… «селсоветтен» ізденіңдер. Үкіметтің өзі айтады осындай болды деп. Әскеріміз хабар береді… Ал, Мәке, саған айтатын сөз… кемпір-шалға көзіңнің қырын сал. Хат жазушы жиенің… Мәке, Қазыбай, қолыңды бер, жолыққанша…». Енді жауынгер Орынбай Ниязметовтің хатына тоқталайық. Ол Оңтүстік Қазақстан облысы, Фрунзе ауданы, Фрунзе атындағы колхозда тұратын Айтбай Ниязметовке арналған. Мазмұны төмендегідей: «Амандық хат. Қадырдом қадыр, жаннан артық көруші үлкен етіп өсірген Айама 2). Ата орнына ата болған Айтбайға 3) Шорнақтағы көз көргендерге мен Орынбайдан көптен көп салам. Қалай, аман-есен, ойнап-күліп жүрген шығарсыңдар. Сіздер маған поселке және ақша салғансыздар. Оның не керегі бар, қайыр, салыпсыздар, алсам алармын, алмасам өздеріңізге қайтып барар, мен сіздерге ұлтан дегенім жоқ, ұстара деген едім, ұлтанның маған не керегі бар, ұлтанның керегі жоқ. Апа, енді қапа болма, біз орақ орған майданға келіп жатырмыз, біз жаратушыдан өмірді сұрап тұрмыз. Біздерге ол жақта өмірді сұрап отыра беріңдер. Аман болсақ, орақтың ұшына жаратушы шалып жібермесе, аман-есен шығып, ауылға барып қалармыз. Пайзыны де алыпты, онан хат алдым. Апа, қапа болма! Қапа болма! Хат жазып тұра беріңіздер. Менен Ергеш, Құдайбергенге салам айт үзілместік, апа, қайыр, аман болсақ, көз көрісерміз. Осы хатпен өздеріңізбен көз көрісіп қайырласқандай болдым. Жан тірі болса хат салармын сіздердің хаттарыңызды алдым деп, қайыр қош, бір бірімізбен көз көрісейік. Сіздер ол жақта, біз бұл жақта аман болайық деп, үлкен етіп өсірген өзіңіздің балаңыз Орынбай. 2/VII 41 жыл». Орынбайдың тағы бір хатының сақталған нұсқасы: «… менен Бабайдағы, Түркістандағы тотымызға және ағайындарға салам айтарсыз, қапа болмаңыздар. Казеттен де өздеріңіз естіп жатқан шығарсыздар. Жаратушы осы сөзді пешенеге жазып қойған ғой, қайыр, қайыр, қайыр…». Махмуд есімді солдаттың (фамилиясы белгісіз) хаты мына мекенжай бойынша жолданған екен: Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласы, Қызылорда көшесі, райпромкомбинат, № 38 Айтөреева Әнипаға. «30|VI-41 г. Әнипа және Ахметке, құрметті әзиз анамызға! Ардақты жаннан әзиз көруші үй-ішімізге мен жауынгер Махмудтан құрметті амандық сәлем! Мен аман-есендіктемін, сіздердің аман-есен болып тұруларыңызға тілектеспін… Қайыр қош. Хал жақсы. Әдірісім белгісіз (қол қойылған). Хаттың шетіне қисайтып: «31|VI-41, бір хат алдым, одан бері хат алмаймын» деп жазыпты. Жауынгер Махмудтың Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан станциясы, Киров атындағы № 104 мақта зауыты мекенжайы бойынша Өтепов Қамза мен Сейітжанға жазған хаты төмендегідей (Хаттың бас жағын оқу қиын. Оқуға мүмкін болған жерінен бастадық): «…Ал менен хал-жай сұрасаң, аман-есендіктемін. Жұмыстың жағдайы ойдағыдай. Хал жақсы. Қамза, сіздерге бірнеше рет хат салдым. Суретімді де жібердім. Алдыңыздар ма? Неғып хат жазбайсыздар? Жоқ, мені ұмытып кеттіңіздер ме? Бірақ мен сіздерді ұмытқаным жоқ. Енді хат алысып тұру қиыншылықты. Аман болыңыздар… (Арманым ішімде)… Қайыр қош… Хат жазушы бауырыңыз Махмуд.31/VІ -41 г.». Жауынгер Сары Қаражановтың сақталған хаттарының екеуін өзі жазған, ал үшіншісі оған елден келген хат екен. Ақтөбе облысының Темір қаласы, Грачевский селолық кеңесі, «Путь к социализму» колхозында тұратын О.Башкеновке ол былай деп жазады: «Ұрыстың жайы. 22/VI-23|VI күндері аздап біз Германияның жеріне кіріп едік. Қазір де ол аздап кіріп жүр. Ұрыс орасан күшті. Құдайдың өзі сақтамаса, қазірде границадамыз. Хат со бұрынғы әдіріспен келеді, сол әдіріске сала берің. Біздің үйге де айтың, бұрынғы әдіріске хат жазсын. Оны мен келмейді ғой деп едім. 3 күн ұрыста боламыз, 1 күн дем аламыз. 3/VII-41». Екінші хаты: «Амандық сәлем хат. 3/YII. Ардақты артық көруші 1) апамызға, 2) Омарғалиға, жиеніміз Бөбенге хат жолдаушы Отан қорғаушы әрі інің Сарыдан сәлем. Ал, апа, дендерің сау, сондай аман, күйлі, жақсы отырсыңдар ма? Сенің мына салған хатыңды 1/VII күні алып, денсаулықты білдіріп хат жазып отырмын. Ұлы қызыл тойдың ішінде әзір аман жүрмін. 22/VI күнінен тойды тойлап жатырмыз, әзір шыбын жан аман. Ал, апа, жезде, мені сұраған жолдас көргенше қош сау болыңдар. Бір дем әрі, бір дем бері деген ғой. Осымен сөзім бітті». Мынау жездесі Омарғалидың Сарыға жазған хаты: «Амандық хабар. Ардақты артық көруші інімізге сәлем. Ал, Сары, денің сау ма, неге жазбайсың Ал, Сары, сен бізден хал жай сұрасаңыз, біз де өзің көргендей аманбыз. Күй жағдай орташа, ақша көптен келген жоқ, білмейміз қашан келетінін, сосын майдың онына барып ауылдан сиыр айдап келді, сиыр бар, нан беріп тұрады әйтеуір, мата-шай дегеннен іштеңе келген жоқ. Оқып шопырлық болып шықтың ба? Әлде оқып жатырсың ба? Ойнап жатырсың ба? Хат иесі Алтын, балдызымыз Сарыға Омарғали». Украина мұражайының мәліметі бойынша, қазақстандық жауынгерлерге тиесілі орысша-қазақша жазылған он тоғыз хаттың әзірге он үші ұрпақтарының, артында қалған туысқандарының қолына тиген. Бұлардың ішінде, жоғарыда айтылғандардан басқа, қазақ жауынгерлері – К.Нияровтың Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданында тұратын Д.Нияровқа, Құмар Ахметқалиевтің осы облыстың Жаңақала ауданында тұратын А.Ахметқалиевқа, Қожабековтің Арыс станциясында тұратын Бижігіт Алдияровқа жазған хаттары бар. Украиналық мұражайшылар бұл хаттарды ізсіз қалдырмақ емес. Жауынгерлердің аты-жөнін, өмірбаяндық деректерін, кейінгі тағдырын әлі де нақтылап, хаттардың қысқаша мазмұнын украин тіліне аударып, арнаулы каталог-басылым әзірлеу үстінде. Онда көптеген жәйттер жүйеленеді, соның ішінде бұрынғы ұлттық республикаларда – қазіргі тәуелсіз елдер бойынша жүргізілген жауынгер хаттарын мекен-жайға жеткізу жолындағы іздестіру жұмыстары да қамтылады. Бұл орайда, белгісіз жауынгер туралы деректерді толықтыруға – жетпіс жылдан кейін қолына тиген елдегі ағайынның да сырт қалмасы анық. Соғыстың алғашқы айлары – жаппай жасақ жию (мобилизация) әлі күшіне ене қоймаған кез. Соған қарағанда, хат иелері – тұрақты әскерде, азаматтық борышын өтеп жүрген, тіпті кейбіреулерінің әскери қызмет мерзімі аяқталып та қалған жігіттер тәрізді. Ойда-жоқта басып кірген жаудың басты соққысына шекарада тұрған қалың әскердің тап болғаны белгілі. Мұны Мұхит Оспановтың «соғысты тез аяқтап, аман болсақ сентябрь айында қайтамыз», Сары Қаражановтың «Құдайдың өзі сақтамаса, қазірде границадамыз» деген сөздері де айғақтайды. Таза қазақ тілінде, латын қарпімен жазылған бұл хаттарды ортақ тарихымыздың бір бөлшегі деп танымасқа хақымыз жоқ. Әрине, үшкіл хаттарға уақыттың табы түскен, кейбір сөздері өшкен, дұрыс оқылмайды, оның үстіне әркімнің жазуы әртүрлі болатындықтан, қолтаңбаны айырып оқу да оңай емес. Дегенмен, нақты іздеуші табылса, осы хаттарға сүйеніп, жергілікті әскери мұрағат құжаттары арқылы хат иелерінің есімін бұдан әрі толықтырып, тағдыр-талайын нақтылап, пысықтауға болар еді. Бүгін біз алға тартқан жауынгер Көдектің қос өлеңін соғыс жырларының жинағына іркіліссіз қосуға болатын да сияқты. Сайып келгенде, бір кезде кеңес халқы бастан кешірген «күндей күркіреп өткен соғыстың» ізі қазақтың жүрегінен де әлі өшкен жоқ. Жетпіс жылдан кейін жүзі ашылған жүрекжарды хаттар осыны аңғартады. Серікқали БАЙМЕНШЕ, филология ғылымдарының докторы Егемен Қазақстан BAQ.kz
27.12.2012 05:17 6951

Соғысқа кірген солдаттың сағынышты сәлемін түйген бұл үшкіл хаттардың мазмұны көпшілікке таныс емес, әрине. Мазмұнын айтпағанда, тарихының өзі қызық. Жетпіс жыл бұрын жазылып, жолданған жеріне жетпіс жыл кешігіп жеткен, тіпті біразы әлі де арналған адамдардың қолына тимеген хаттар. 

Ал мұның сыры мынада: 1941 жылғы 22 маусымда соғыс басталып, көп ұзамай Украинаның Каменец-Подольский қаласын жау басып алады. Осы өңірде әскери қызметте жүрген кеңес солдаттарының 1941 жылдың маусым-шілде айларында жазылған хаттары соғыс жағдайына байланысты жіберілмей, пошта жәшігінде қалып қояды. Ұзын саны 1208 хат екен. Гитлер әскері барлық хатты жинап алып, «соғыс басталған кездегі кеңес халқының көңіл-күйін зерттеп білу» деген мақсатпен оларды Австрияға жөнелтіп жібереді.
Әлбетте, бізге «кеңес халқының көңіл-күй» ауаны қалай зерттелгені беймәлім, алайда жауынгер хаттары 2009 жылға дейін Вена қаласының (Австрия) мұражайлар қорында діні бұзылмай сақталып келгені белгілі болып отыр. Киевтегі «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы тарихының ұлттық мұражайы» мемориалдық кешені басшылығының хабарлағанындай, бүгінде «1941 жылғы оқылмаған хаттар» деген жалпы атау алған осынау бірегей құнды эпис­тола коллекциясы реституциялық (соғыс кезінде басып алынған мүлікті қайтару) үдерістер шеңберінде Украина шекарасына қайта өтіп, 2010 жылдың бас кезінде аталған мұражайға келіп түсіпті. Қазір олар түгелге жуық өңделіп, мұражайдың тұрақты мемлекеттік қорына алынған. Бүгінге дейін 500-ден астам хаттың көшірмесі иелеріне табыс етіліпті.
Шекара асып, қайта оралған үшкіл хаттардағы үшбу сәлем географиясы бұрынғы кең байтақ КСРО-ны түгел қамтиды. Соның ішінде жеріне жетпей қалған 19 хат Қазақстанға жолданған екен. «Хат иесіне жету керек. Бұл біздің қасиетті борышымыз. Сол себепті іздестіру жұмыстары жалғасу үстінде», дейді мұражай басшылығы. Бізге мәлім дерек бойынша, осы 19 хаттың әзірге 9-ы қазақстандық жауынгерлердің артында қалған ұрпақтарының қолына тиген. Оның үстіне, соғыс жаңа басталған кезде ұрысқа кіріскен жауынгерлердің кейінгі тарихы, тағдыры және белгісіз. Олардың арасында тірі қалған, аман-есен оралғандары болуы мүмкін. Немесе осы уақытқа дейін соғыста хабарсыз кеткендердің бірі болып жүруін де жоққа шығара алмаймыз. Бірақ жетпіс жыл бұрын жазылған хаттардың мазмұнын білу, соның ішінде қазақ жауынгерлерінің аты-жөнін айғақтау уақытқа бағынбайтын қажеттілік екеніне ешкім дау айта алмаса керек.
Міне, мынау Көдек есімді жауынгердің (фамилиясы белгісіз) өлеңмен жазған екі хаты. Ол Жамбыл облысының Қордай ауданындағы «Қасық» селосында тұратын (хат алушыны «Ершибылов Ж.» деп оқи алдық, басқаша да болуы мүмкін, жауынгердің қолтаңбасы әрі қарай анық танылмады – С.Б.) туысқандарына арналыпты.
«Қадірлі әпке, жезде, бердім қолды,
Германмен соғысуға тарттық жолды.
Құдайым қой боғындай қорғасыннан,
Сақтаумен, есен-аман көрсек болды.
Шыбын жан түйіліп тұр шүберекте,
Шет елдер қысып жатыр төңіректе.
Күн ыстық жаяулатып барам кетіп,
Түспеді-ау шөлдеуменен түкірік те.
Бұраңдап жүре алмаймын буыным жоқ,
Беліме тізіп берді қан төгер оқ.
Көзімді іліндірсем түс көріппін,
Батыстан күн шығыпты жарығы жоқ».
Көдектің екінші хаты Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Успеновка селосы, Роза Люксембург колхозында тұратын Исалиев Оқатайға арналған. Хат мазмұнына қарағанда, бауырының ағасына жазған хаты сияқты.
«Амандық қат!
Асыл туған, ардақты, қадірлі, жәкем,
Белбұлақ,
Ініңнің хатына мойын бұрып, сал құлақ.
Өткен түні түсімде 30-июньде,
41-жыл, VI ай,
Мылтығымның істігі ұшы сынған
салбырап.
Жеңсікбаймен ілесіп жылқы бақтым
бір түні,
Қорқамын сонан қалжырап!
Осы хатты мен жаздым, алып-ұшып
жүрегім,
Пендем десең бер, Аллам, үмбетіңнің
тілегін,
Кебенек киген келер деп, бұрынғы
айтқан бір мақал,
Уайымсыз-қайғысыз, бауырыңның
өмірін сіздер де, жәке, тілегін!
Жазған жерім бұл хатты орман-тоғай,
долана,
Ажал жетсе Алладан, жазудан артық
бола ма,
Дәм-тұз елден бұйырса, қайта
тартып келерміз,
Көкем жауға кетті деп қайғырып
босқа жылама!
Біздер жүрміз орманда араласып
аңменен,
Кейде жүріп кетеміз түтігіп
топырақ шаңменен.
Күндіз күлкі көрмейміз, түнде ұйқы,
Кірпік қақпай қарысып тілсіз
тұйық таңменен!
Көрсетті тәңірім жұртқа мұнша қорлық,
Батыстан жау тықсырды етіп зорлық.
Қаланы төрт атақты басып алды,
Күш жиып шекараға етіп орнық!
Қанды күн 22-сі болды июньнің,
Мазасыз алды жауыз күн мен түннің.
Жинағын жеті күннің есептесе,
Қазасы бірден жеткен он бес мыңның.
Қаһарланып жау неміс қаруын кезеп
бекінді,
Жалынды оқтың екпіні бұршақтай
боран секілді,
Қой боғындай қорғасын ажал болып
жабысып,
Қаза тапты майданда талай боздақ
кекілді!
Айналайын, жәкешім, қайғырып,
боздап, өкінбе,
Жұмысыңды істей бер, беліңді буып
бекін де.
Бір Құдайға сыйынып,
Отанын қорғап інің тұр,
Жау фашиспен алысып
Одақтың қиыр шетінде!
Қолыма хат жазуға алдым қалам,
Кіші іні, үлкен аға болсын аман.
Жүз көріп жолыққанша есен боп тұр,
Осымен менің сөзім болды тамам!
Осы хатты 1 июль күні жаздым. Қашан саларымды қайдам. Көдек».
Хаттың ең соңында: «Польшада – Карпат қасында Днестр өзенінің бойында ініңіз Көдек», деген жазу бар.
Келесі хаттар Мәулет Доскенов және Мұхит Оспанов есімді екі жауынгердің Қостанай облысы, Ұзынкөл ауданы, Новопокровский ауылдық кеңесі, Карл Маркс колхозында тұратын Нұркеноваға Рыстыға жазған хаттары:
«Рысты!!! Қарындас, бірімізді біріміз көрмесек те хат арқылы танып, Мәулеттің хатына мені де жазған екенсіз. Оныңызға үлкен рахмет. Жақсыда жаттық жоқ деген. Жатырқамағаныңыз жақсы. Сіздің үйдегі ағайды қайтыс болды деп естідім, қайғыңызға біз де ортақпыз. Ренжігенмен, қолдан еш нәрсе келмейді. Жас өмірге мынадай соғыс жағдайы кез болды. Алдағы өмірдің қандай болатынына біздің де көзіміз жетпейді. Қарындас, тек құдай ажалды елден жазса, арман жоқ деп ойлаймыз. Өзіңіз тез хат сал. Бұрынғы әдіріске. Көп жазар әңгіме жоқ. Аман қайтсақ, сізден жасырар әңгіме болмас. Үй ішіне Мәулет екеумізден үш қайтара сәлем айтыңыз. Әзірге қош. Тек көрісуге жазсын. Амандық білдіруші ағаңыз Мәулет және Мұхит. 30.VI.41 ж.
* * *
Қымбатты қарындас Рысты!!! Сіздің жазған хатыңызды алдық. Амандық хабар біліп, қуанып қалдық. Бірақ сіз ол хатыңызда болған жаманатты жасырып жазбапсыз. Лұқмаштың хатынан білдік. Өлгеннің бетінен жарылқасын. Қиынырақ болған екен. Біз ренжігенмен бола ма, барлығы да Құдай ісі ғой. Көп ойлап жүдемеңіздер. Бапама сәлем айт.
Ал енді бізден хал білмек болсаңдар, ден сау, тұрмысты өздеріңіз де естіп жатқан шығарсыздар. Қазір Мәулет екеуміз де пронтта жүрміз. Қазір соғыс өте қызу, әзірше совет әскерінің беті теріс емес. Өзіміз әзірге анау-мынаудан аманбыз. Соғысты тез аяқтап, аман болсақ сентябрь айында қайтамыз. Рысты, хатты бұрынғы әдіріске жаз, содан келеді. Қарындас! Сөкпеңіз, әкопта отырып асығыс жаздық. Хат жазсаңыз менің әдірісім (ескі) УССР, г.Каменец-Подольск п/я 64/1-3, получить Оспанову Мухиту деп жазсаңыз келеді. Мәулеттің де әдірісі осы. Хат күтеміз».
Келесі хат – Ақтөбе облысының Жұрын ауданындағы Бақтыөзен ауылдық кеңесіндегі № 16 ауылда тұратын Тәкенов Марабайға арналған. Хат иесі – Ибраев У. (Көрінбейді, шамамен осылай оқылады).
«3/VII-41. Амандық хат. Құрметтеп аса артық көруші нағашымыз Марабай және Қазыбайға. Ал, Мәке, екеуіңнің де үй-іш, бала-шағаларың аман ба? Қазыбайдың баласы үлкен жігіт болды ма? Сағынғазы да үлкен жігіт болды ма? Оқуда… болып алдағы класына көшті ме?… Ал, Мәке, менен хал-жай сұрасаң – мен де денім сау, аман-есен жүрмін. Өзің де естіп жатқан шығарсың ұрысқа кеткенімізді. Біз ұрысқа «Каменец-Подольск» қаласынан 29/VI күні соғысқа кеттік. Ал енді … жарақаттан… өліп қалудан әзір аманбыз. Мәке, … біздің үй-іш аман ба? Әжем мен әкем де күйлі, жақсы тұра ма? Күйлері қалай? Аш емес пе? Әміренің, Әбілғазының да үйлері аман ба? Олардың да күй-жағдайлары жақсы ма? Ел-халықтың күйлері жақсы ма? Елдегі сұраған азаматтарға сәлем айтарсың барлығына да? Ал, Мәке, саған ақша сал деп… едім, енді сен ақша салма? Мен оны ала алмаймын. Біздің үй… май салған екен, оны мен ала алмадым. Осы күні елдегі азаматтардың барлығын әскерге алып жатыр ма? … енді бөтен айтатын сөз жоқ. Сендер енді хат жазбаңдар, өзімнен болар хабар. Аман тұрсам, хат жазып тұрамын. Ал бірдеңе болып кетсе… «селсоветтен» ізденіңдер. Үкіметтің өзі айтады осындай болды деп. Әскеріміз хабар береді… Ал, Мәке, саған айтатын сөз… кемпір-шалға көзіңнің қырын сал. Хат жазушы жиенің… Мәке, Қазыбай, қолыңды бер, жолыққанша…».
Енді жауынгер Орынбай Ниязметовтің хатына тоқталайық. Ол Оңтүстік Қазақстан облысы, Фрунзе ауданы, Фрунзе атындағы колхозда тұратын Айтбай Ниязметовке арналған. Мазмұны төмендегідей:
«Амандық хат. Қадырдом қадыр, жаннан артық көруші үлкен етіп өсірген Айама 2). Ата орнына ата болған Айтбайға 3) Шорнақтағы көз көргендерге мен Орынбайдан көптен көп салам. Қалай, аман-есен, ойнап-күліп жүрген шығарсыңдар. Сіздер маған поселке және ақша салғансыздар. Оның не керегі бар, қайыр, салыпсыздар, алсам алармын, алмасам өздеріңізге қайтып барар, мен сіздерге ұлтан дегенім жоқ, ұстара деген едім, ұлтанның маған не керегі бар, ұлтанның керегі жоқ. Апа, енді қапа болма, біз орақ орған майданға келіп жатырмыз, біз жаратушыдан өмірді сұрап тұрмыз. Біздерге ол жақта өмірді сұрап отыра беріңдер. Аман болсақ, орақтың ұшына жаратушы шалып жібермесе, аман-есен шығып, ауылға барып қалармыз. Пайзыны де алыпты, онан хат алдым. Апа, қапа болма! Қапа болма! Хат жазып тұра беріңіздер. Менен Ергеш, Құдайбергенге салам айт үзілместік, апа, қайыр, аман болсақ, көз көрісерміз. Осы хатпен өздеріңізбен көз көрісіп қайырласқандай болдым. Жан тірі болса хат салармын сіздердің хаттарыңызды алдым деп, қайыр қош, бір бірімізбен көз көрісейік. Сіздер ол жақта, біз бұл жақта аман болайық деп, үлкен етіп өсірген өзіңіздің балаңыз Орынбай. 2/VII 41 жыл».
Орынбайдың тағы бір хатының сақталған нұсқасы: «… менен Бабайдағы, Түркістандағы тотымызға және ағайындарға салам айтарсыз, қапа болмаңыздар. Казеттен де өздеріңіз естіп жатқан шығарсыздар. Жаратушы осы сөзді пешенеге жазып қойған ғой, қайыр, қайыр, қайыр…».
Махмуд есімді солдаттың (фамилиясы белгісіз) хаты мына мекенжай бойынша жолданған екен: Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласы, Қызылорда көшесі, райпромкомбинат, № 38 Айтөреева Әнипаға. «30|VI-41 г. Әнипа және Ахметке, құрметті әзиз анамызға! Ардақты жаннан әзиз көруші үй-ішімізге мен жауынгер Махмудтан құрметті амандық сәлем! Мен аман-есендіктемін, сіздердің аман-есен болып тұруларыңызға тілектеспін… Қайыр қош. Хал жақсы. Әдірісім белгісіз (қол қойылған). Хаттың шетіне қисайтып: «31|VI-41, бір хат алдым, одан бері хат алмаймын» деп жазыпты.
Жауынгер Махмудтың Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан станциясы, Киров атындағы № 104 мақта зауыты мекенжайы бойынша Өтепов Қамза мен Сейітжанға жазған хаты төмендегідей (Хаттың бас жағын оқу қиын. Оқуға мүмкін болған жерінен бастадық): «…Ал менен хал-жай сұрасаң, аман-есендіктемін. Жұмыстың жағдайы ойдағыдай. Хал жақсы. Қамза, сіздерге бірнеше рет хат салдым. Суретімді де жібердім. Алдыңыздар ма? Неғып хат жазбайсыздар? Жоқ, мені ұмытып кеттіңіздер ме? Бірақ мен сіздерді ұмытқаным жоқ. Енді хат алысып тұру қиыншылықты. Аман болыңыздар… (Арманым ішімде)… Қайыр қош… Хат жазушы бауырыңыз Махмуд.31/VІ -41 г.».
Жауынгер Сары Қаражановтың сақталған хаттарының екеуін өзі жазған, ал үшіншісі оған елден келген хат екен. Ақтөбе облысының Темір қаласы, Грачевский селолық кеңесі, «Путь к социализму» колхозында тұратын О.Башкеновке ол былай деп жазады: «Ұрыстың жайы. 22/VI-23|VI күндері аздап біз Германияның жеріне кіріп едік. Қазір де ол аздап кіріп жүр. Ұрыс орасан күшті. Құдайдың өзі сақтамаса, қазірде границадамыз. Хат со бұрынғы әдіріспен келеді, сол әдіріске сала берің. Біздің үйге де айтың, бұрынғы әдіріске хат жазсын. Оны мен келмейді ғой деп едім. 3 күн ұрыста боламыз, 1 күн дем аламыз. 3/VII-41».
Екінші хаты: «Амандық сәлем хат. 3/YII. Ардақты артық көруші 1) апамызға, 2) Омарғалиға, жиеніміз Бөбенге хат жолдаушы Отан қорғаушы әрі інің Сарыдан сәлем. Ал, апа, дендерің сау, сондай аман, күйлі, жақсы отырсыңдар ма? Сенің мына салған хатыңды 1/VII күні алып, денсаулықты білдіріп хат жазып отырмын. Ұлы қызыл тойдың ішінде әзір аман жүрмін. 22/VI күнінен тойды тойлап жатырмыз, әзір шыбын жан аман. Ал, апа, жезде, мені сұраған жолдас көргенше қош сау болыңдар. Бір дем әрі, бір дем бері деген ғой. Осымен сөзім бітті».
Мынау жездесі Омарғалидың Сарыға жазған хаты: «Амандық хабар. Ардақты артық көруші інімізге сәлем. Ал, Сары, денің сау ма, неге жазбайсың Ал, Сары, сен бізден хал жай сұрасаңыз, біз де өзің көргендей аманбыз. Күй жағдай орташа, ақша көптен келген жоқ, білмейміз қашан келетінін, сосын майдың онына барып ауылдан сиыр айдап келді, сиыр бар, нан беріп тұрады әйтеуір, мата-шай дегеннен іштеңе келген жоқ. Оқып шопырлық болып шықтың ба? Әлде оқып жатырсың ба? Ойнап жатырсың ба? Хат иесі Алтын, балдызымыз Сарыға Омарғали».
Украина мұражайының мәліметі бойынша, қазақстандық жауынгерлерге тиесілі орысша-қазақша жазылған он тоғыз хаттың әзірге он үші ұрпақтарының, артында қалған туысқандарының қолына тиген. Бұлардың ішінде, жоғарыда айтылғандардан басқа, қазақ жауынгерлері – К.Нияровтың Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданында тұратын Д.Нияровқа, Құмар Ахметқалиевтің осы облыстың Жаңақала ауданында тұратын А.Ахметқалиевқа, Қожабековтің Арыс станциясында тұратын Бижігіт Алдияровқа жазған хаттары бар.
Украиналық мұражайшылар бұл хаттарды ізсіз қалдырмақ емес. Жауынгерлердің аты-жөнін, өмірбаяндық деректерін, кейінгі тағдырын әлі де нақтылап, хаттардың қысқаша мазмұнын украин тіліне аударып, арнаулы каталог-басылым әзірлеу үстінде. Онда көптеген жәйттер жүйеленеді, соның ішінде бұрынғы ұлттық республикаларда – қазіргі тәуелсіз елдер бойынша жүргізілген жауынгер хаттарын мекен-жайға жеткізу жолындағы іздестіру жұмыстары да қамтылады. Бұл орайда, белгісіз жауынгер туралы деректерді толықтыруға – жетпіс жылдан кейін қолына тиген елдегі ағайынның да сырт қалмасы анық.
Соғыстың алғашқы айлары – жаппай жасақ жию (мобилизация) әлі күшіне ене қоймаған кез. Соған қарағанда, хат иелері – тұрақты әскерде, азаматтық борышын өтеп жүрген, тіпті кейбіреулерінің әскери қызмет мерзімі аяқталып та қалған жігіттер тәрізді. Ойда-жоқта басып кірген жаудың басты соққысына шекарада тұрған қалың әскердің тап болғаны белгілі. Мұны Мұхит Оспановтың «соғысты тез аяқтап, аман болсақ сентябрь айында қайтамыз», Сары Қаражановтың «Құдайдың өзі сақтамаса, қазірде границадамыз» деген сөздері де айғақтайды.
Таза қазақ тілінде, латын қарпімен жазылған бұл хаттарды ортақ тарихымыздың бір бөлшегі деп танымасқа хақымыз жоқ. Әрине, үшкіл хаттарға уақыттың табы түскен, кейбір сөздері өшкен, дұрыс оқылмайды, оның үстіне әркімнің жазуы әртүрлі болатындықтан, қолтаңбаны айырып оқу да оңай емес. Дегенмен, нақты іздеуші табылса, осы хаттарға сүйеніп, жергілікті әскери мұрағат құжаттары арқылы хат иелерінің есімін бұдан әрі толықтырып, тағдыр-талайын нақтылап, пысықтауға болар еді. Бүгін біз алға тартқан жауынгер Көдектің қос өлеңін соғыс жырларының жинағына іркіліссіз қосуға болатын да сияқты. Сайып келгенде, бір кезде кеңес халқы бастан кешірген «күндей күркіреп өткен соғыстың» ізі қазақтың жүрегінен де әлі өшкен жоқ. Жетпіс жылдан кейін жүзі ашылған жүрекжарды хаттар осыны аңғартады.

Серікқали БАЙМЕНШЕ,
филология ғылымдарының докторы

Егемен Қазақстан

BAQ.kz

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға