Жаңалықтар

Тоғысқан торап

  ТОҒЫСҚАН ТОРАП   Алдымызда үлкен мереке, әдебиет пен өнер қауымының мерекесі таяп қалды. Октябрь айының 20-нан бастап біздің Қазақстанда орыс әдебиеті мен өнерінің онкүндігі өтпек. Бұған орыстың қазіргі көрнекті ақын-жазушылары, композиторлары, қылқалам шеберлері мен артистері қатынасады.   Бауырлас ұлттар мәдениетінің өзара қарым-қатысын, достығын нығайтатын әдебиет пен өнердің мұндай онкүндіктерін өткізу бұл күнде еліміздің игі дәстүріне айналып отыр.   Бауырлас екі әдебиеттің өзара достығы жайлы ойлаған кезде, менің есіме өзімді аса тебіренткен бір кішкене оқиға оралады. Осыдан бірер жыл бұрын ноябрь айында қазақтың М. О. Әуезов атындағы академиялық драма театры Кремль театрының сахнасында өз өнерін сарапқа салды. Москвалықтарға бірінші көрсетілген спектакль Мұхтар Әуезов пен Леонид Соболевтың «Абай» пьесасы еді. Мұндай кездегі салт бойынша, соңғы актінің шымылдығы жабылған кезде москвалықтар сахнаға авторды шақырған. Сахнаға Леонид Соболев шықты. Ол актерлер мен режиссердің қолдарын құшырлана қысып, онан соң бір сәт залға бұрылған. Залдағы шу, қол соғу тына қалды. Леонид Сергеевич өтініш еткен сыпайы қимылмен әлдене айтуға оқталды. Бұл бір күтпеген жай еді. Өзі қатты толқыған күйде тұр. Залда пышақ кесті тыныштық орнады.   — Егер Мұхтар аға тірі болса ғой, екі пьесаның жаңа өмірін көріп қандай қуанар еді. Амал не, бүгінде ортамызда сол бір үлкен адам жоқ...   Сөзінің соңын жұта аяқтап, дауысы үзіліп кетті, залда отырғандар тегіс Леонид Сергеевичтың көзінің жасқа толғанын көрді. Сол сәттегі оның қалтқысыз толқыған көңіл-күйі залда отырған біздерге де әсер еткен. Сәл уақыт ауыр тыныштық басты.   Меніңше бұл оқиға үлкен жазушының бір сәттік босаңсуы яки көңіл елітер көрініс қана болмаса керек.   Екі әдебиеттің өзара достығы жөнінде сөз қозғағанда менің есіме Әуезов оралады, өзіміздің дана Абайды еске аламын.   Ұлттық рухымыздың қасиетті көзін ашқан Абай ой дүниемізді мүлдем жаңа биікке көтерді. Әрбір ұлы жазушы тәрізді ол да өз халқының тұнығынан сусындаған. Алайда бұл сусындау Абай ұлылығының бір қыры болғанда, екінші қыры ұлы орыс әдебиетінің нәрінен еді. Ұлы дарын қазақ халқының құнарлы топырағында туып биікке самғар мол қуатты бойына орыстың озық ойынан сіңірді. Сондықтан да Абай творчествосының қайнап шығар қос бұлағы, дүниеге әкелген қос анасы болды. Тағдыр оны өз заманындағы орыстың ұлы жазушыларымен кездесуге жазбаған екен. Соған қарамастан Абай олармен өмір бойы етене достасып кетті. Көңілмен ұғып, сырласып, көрмесе де ең жақын туысындай достасты. Пушкинді, Лермонтовты жанындай сүйіп, солармен ортақ тіл тапты. Бүгінде солардың Абай аударған поэзиясын оқи отырып, қазақ ақынының ұлы орыс ақындарымен соншама туыстасқанына, біте қайнасқанына қайран қаласың, аударманы Абайдың өзінің төл шығармасынан айыра алмайсың.   Мен өз халқымның тағы бір ұлы перзенті, ер жүрек зерттеуші, тамаша ғалым, ойшыл Шоқан Уәлихановты еске аламын. Ол екі анаға бірдей ортақ ұл — қазақ халқы мен орыс халқының ғалымы еді. Ол Достоевский және Дуровпен, Семенов-Тянь-Шанский және Менделеевпен дос болды. Қазір де, сонан бері жүз жыл өтсе де Достоевскийдің ағалық қамқор көңіл мен махаббатқа толы Шоқанға жазған хаттарын тебіренбей оқу мүмкін емес.   Достық жайлы айтқың келгенде, теориялық ой-пікірлер адамды үркіте береді екен. Әрине, егер ғалым болса бұл тұста өзара қарым-қатынастар, әсерлер, тәлім-тәрбие, әр түрлі әдеби мектептер, ағымдар және басқа да толып жатқан салауатты жағдаяттарды тізбелеп өткен болар еді.   Бірақ «достық» деген сөз ыстық сөз. Теориялық топшылаулар ол сөздің қадірін түсіреді деп білем. Ал өз басым достықты күнбе-күнгі өмір, тірлік деймін. Орыс жазушыларымен бізді творчестволық достық матастырған. Ал кейде осы біздердің қарым-қатысымызда творчестволық достық басым ба, әлде кәдімгі адамға тән қарапайым ыстық достық басым ба дегенде жауап таба алмай қиналамыз. Біз қазақ жазушылары орыс әдебиетіне, орыс мәдениетіне сырттай қарап, онан өзімізді бөлектей алмаймыз. Өйткені орыс мәдениеті біз үшін, қазақ үшін қанымызға сіңген өз мәдениетіміз болып кеткен.   Сөйтіп Леонид Соболев бастаған бір топ орыс жазушылары бізге келе жатыр. Біз оларды қадірлі мейман етіп хош аламыз. Қазақтың қонақжай ыстық ықыласын танытамыз. Барлық дәстүр, салтымыз қалпында, алайда, Соболевты қонақ деуге қалай ғана аузымыз барар. Қазақтың ұлы ақыны Абай туралы Әуезовпен тізе қосып трагедия жазған өзіміздің Соболевіміз емес пе бұл, өз досының өлмес эпопеясын ұлы орыс тіліне тебірене, шабыттана аударған Соболевіміз және осы ғой. Қазақ жерінде ол араламаған, ол көрмеген пұшпақ қалды ма екен? Үлкен жазушы біздің республикамыздың өскелең өміріне сүйсіне зер салып талай аралады ғой.   Жоқ, ол бізге қонақ емес, өзіміз ғой. Орыс жазушыларының ішінде туыстығы жақын жалғыз сол ғана ма екен? Айнымас жерлесіміз Всеволод Иванов ше? Өле өлгенінше көңілінің бір түкпірінде қазақ жеріне деген махаббат маздап етті емес пе. Біз — жерлестер барғанда оның үйінің есігі айқара ашық тұратын. Өзі ауыр науқас бола тұра Әуезовтің әдеби мұрасына құрылған комиссияны басқарды ғой, төсек тартып жатып Қазақстанның жаңа жаза бастаған жас жазушыларының шығармаларын оқып, оларға ақыл-кеңестер берді.   Заманымыздың аса үлкен жазушысы Шолохов Қазақстан жазушыларының үшінші съезінде сөйлеген сөзінде соғыстың ауыр жылдарында семьясына көрсеткен меймандостығы үшін қазақ халқына тебірене тұрып алғыс айтқан еді. Ол біздің дарқан өлкемізді қалтқысыз ұнатып, қазақ ауылына жиі қонаққа келетін боп алды. Қазақтың кейбір дана сөздерін өзінің қойын дәптеріне жазып алып жүретін көрінеді.   Біз көптеген орыс жазушыларымен өте жақын қарым-қатынас достықтамыз. Бір шығарманы бірігіп жазатын кезіміз де бар, әдебиеттің кейбір мәселелерін екеу ара ортақ зерттейтін салтымыз да бар.   Орыстың көптеген жазушылары Қазақстан тақырыбына қалам тартты. Ол шығармаларының қаһармандары — орыс, қазақ және басқа да ұлттардың өкілдері болып келеді. Талай орыс ақындары біздің республикамызды, біздің байтақ жерімізді, еңбек ерлерімізді шабыттана жырлады.   Бұл орайда қазақ жазушылары мен ақындары да қарыздар емес. Олар Абай қалдырған салтты онан әрі жалғастырды, Сейфуллин, Майлин, Әуезов, Мұқанов, Мұстафин, Мүсрепов, Нұрпеисов шығармаларында талай тамаша орыс адамдарының бейнелері жасалды. Әрине, бұл тізімді мұнан әрі де тізе беруге болар еді. Орыс халқына арналған небір сырлы, сазды жырлар қаншама. Жуырда ғана Сырбай Мәуленовтің Волхов пен Ленинградқа арнаған өлеңдерін сүйсіне оқыдық. Ақын осыдан жиырма жыл бұрын жазылған өзінің алғашқы жырларын Волхов жеріне арнаған екен. Ал алғашқы шығарма — алғашқы аяулы махаббат емес пе! Сөйтіп снаряд гүрсілімен дөңбекшіген орыс жерінде қазақ ақыны туған екен.   Қазақтың талантты жас ақыны Олжас Сүлейменов өз жырларын орыс тілінде жазады. Оның өлеңдеріне бүгінгі орыс поэзиясының ақсақалдарының бірі Николай Тихонов сүйініш білдірді. Олжас орысша жазса да оның поэзиясында қазақ эпостарының ыстық шарпуы, Махамбеттің қайсарлығы жатады. Ол орыс поэзиясына қазақ даласының ұйтқыған асау құйынын әкелді.   Біздің әдебиеттердің өзара достығы дегенде ойға оралар мысалдар осындай. Достық деген сөздің ауқымы кең. Ал біздің халықтардың арасындағы, біздің мәдениеттеріміздің арасындағы достық онан да гөрі ауқымды. Біздің достық қанымызбен сіңіскен. Соған қарамастан әдебиетіміздің өзіндік ерекшеліктерін, нақыштарын жоймайтыны ғажап, қайта олар бірін-бірі түр, мазмұн жағынан байыта, молықтыра түседі.   1964
08.12.2012 06:31 3650

 

ТОҒЫСҚАН ТОРАП

 

Алдымызда үлкен мереке, әдебиет пен өнер қауымының мерекесі таяп қалды. Октябрь айының 20-нан бастап біздің Қазақстанда орыс әдебиеті мен өнерінің онкүндігі өтпек. Бұған орыстың қазіргі көрнекті ақын-жазушылары, композиторлары, қылқалам шеберлері мен артистері қатынасады.

 

Бауырлас ұлттар мәдениетінің өзара қарым-қатысын, достығын нығайтатын әдебиет пен өнердің мұндай онкүндіктерін өткізу бұл күнде еліміздің игі дәстүріне айналып отыр.

 

Бауырлас екі әдебиеттің өзара достығы жайлы ойлаған кезде, менің есіме өзімді аса тебіренткен бір кішкене оқиға оралады. Осыдан бірер жыл бұрын ноябрь айында қазақтың М. О. Әуезов атындағы академиялық драма театры Кремль театрының сахнасында өз өнерін сарапқа салды. Москвалықтарға бірінші көрсетілген спектакль Мұхтар Әуезов пен Леонид Соболевтың «Абай» пьесасы еді. Мұндай кездегі салт бойынша, соңғы актінің шымылдығы жабылған кезде москвалықтар сахнаға авторды шақырған. Сахнаға Леонид Соболев шықты. Ол актерлер мен режиссердің қолдарын құшырлана қысып, онан соң бір сәт залға бұрылған. Залдағы шу, қол соғу тына қалды. Леонид Сергеевич өтініш еткен сыпайы қимылмен әлдене айтуға оқталды. Бұл бір күтпеген жай еді. Өзі қатты толқыған күйде тұр. Залда пышақ кесті тыныштық орнады.

 

— Егер Мұхтар аға тірі болса ғой, екі пьесаның жаңа өмірін көріп қандай қуанар еді. Амал не, бүгінде ортамызда сол бір үлкен адам жоқ...

 

Сөзінің соңын жұта аяқтап, дауысы үзіліп кетті, залда отырғандар тегіс Леонид Сергеевичтың көзінің жасқа толғанын көрді. Сол сәттегі оның қалтқысыз толқыған көңіл-күйі залда отырған біздерге де әсер еткен. Сәл уақыт ауыр тыныштық басты.

 

Меніңше бұл оқиға үлкен жазушының бір сәттік босаңсуы яки көңіл елітер көрініс қана болмаса керек.

 

Екі әдебиеттің өзара достығы жөнінде сөз қозғағанда менің есіме Әуезов оралады, өзіміздің дана Абайды еске аламын.

 

Ұлттық рухымыздың қасиетті көзін ашқан Абай ой дүниемізді мүлдем жаңа биікке көтерді. Әрбір ұлы жазушы тәрізді ол да өз халқының тұнығынан сусындаған. Алайда бұл сусындау Абай ұлылығының бір қыры болғанда, екінші қыры ұлы орыс әдебиетінің нәрінен еді. Ұлы дарын қазақ халқының құнарлы топырағында туып биікке самғар мол қуатты бойына орыстың озық ойынан сіңірді. Сондықтан да Абай творчествосының қайнап шығар қос бұлағы, дүниеге әкелген қос анасы болды. Тағдыр оны өз заманындағы орыстың ұлы жазушыларымен кездесуге жазбаған екен. Соған қарамастан Абай олармен өмір бойы етене достасып кетті. Көңілмен ұғып, сырласып, көрмесе де ең жақын туысындай достасты. Пушкинді, Лермонтовты жанындай сүйіп, солармен ортақ тіл тапты. Бүгінде солардың Абай аударған поэзиясын оқи отырып, қазақ ақынының ұлы орыс ақындарымен соншама туыстасқанына, біте қайнасқанына қайран қаласың, аударманы Абайдың өзінің төл шығармасынан айыра алмайсың.

 

Мен өз халқымның тағы бір ұлы перзенті, ер жүрек зерттеуші, тамаша ғалым, ойшыл Шоқан Уәлихановты еске аламын. Ол екі анаға бірдей ортақ ұл — қазақ халқы мен орыс халқының ғалымы еді. Ол Достоевский және Дуровпен, Семенов-Тянь-Шанский және Менделеевпен дос болды. Қазір де, сонан бері жүз жыл өтсе де Достоевскийдің ағалық қамқор көңіл мен махаббатқа толы Шоқанға жазған хаттарын тебіренбей оқу мүмкін емес.

 

Достық жайлы айтқың келгенде, теориялық ой-пікірлер адамды үркіте береді екен. Әрине, егер ғалым болса бұл тұста өзара қарым-қатынастар, әсерлер, тәлім-тәрбие, әр түрлі әдеби мектептер, ағымдар және басқа да толып жатқан салауатты жағдаяттарды тізбелеп өткен болар еді.

 

Бірақ «достық» деген сөз ыстық сөз. Теориялық топшылаулар ол сөздің қадірін түсіреді деп білем. Ал өз басым достықты күнбе-күнгі өмір, тірлік деймін. Орыс жазушыларымен бізді творчестволық достық матастырған. Ал кейде осы біздердің қарым-қатысымызда творчестволық достық басым ба, әлде кәдімгі адамға тән қарапайым ыстық достық басым ба дегенде жауап таба алмай қиналамыз. Біз қазақ жазушылары орыс әдебиетіне, орыс мәдениетіне сырттай қарап, онан өзімізді бөлектей алмаймыз. Өйткені орыс мәдениеті біз үшін, қазақ үшін қанымызға сіңген өз мәдениетіміз болып кеткен.

 

Сөйтіп Леонид Соболев бастаған бір топ орыс жазушылары бізге келе жатыр. Біз оларды қадірлі мейман етіп хош аламыз. Қазақтың қонақжай ыстық ықыласын танытамыз. Барлық дәстүр, салтымыз қалпында, алайда, Соболевты қонақ деуге қалай ғана аузымыз барар. Қазақтың ұлы ақыны Абай туралы Әуезовпен тізе қосып трагедия жазған өзіміздің Соболевіміз емес пе бұл, өз досының өлмес эпопеясын ұлы орыс тіліне тебірене, шабыттана аударған Соболевіміз және осы ғой. Қазақ жерінде ол араламаған, ол көрмеген пұшпақ қалды ма екен? Үлкен жазушы біздің республикамыздың өскелең өміріне сүйсіне зер салып талай аралады ғой.

 

Жоқ, ол бізге қонақ емес, өзіміз ғой. Орыс жазушыларының ішінде туыстығы жақын жалғыз сол ғана ма екен? Айнымас жерлесіміз Всеволод Иванов ше? Өле өлгенінше көңілінің бір түкпірінде қазақ жеріне деген махаббат маздап етті емес пе. Біз — жерлестер барғанда оның үйінің есігі айқара ашық тұратын. Өзі ауыр науқас бола тұра Әуезовтің әдеби мұрасына құрылған комиссияны басқарды ғой, төсек тартып жатып Қазақстанның жаңа жаза бастаған жас жазушыларының шығармаларын оқып, оларға ақыл-кеңестер берді.

 

Заманымыздың аса үлкен жазушысы Шолохов Қазақстан жазушыларының үшінші съезінде сөйлеген сөзінде соғыстың ауыр жылдарында семьясына көрсеткен меймандостығы үшін қазақ халқына тебірене тұрып алғыс айтқан еді. Ол біздің дарқан өлкемізді қалтқысыз ұнатып, қазақ ауылына жиі қонаққа келетін боп алды. Қазақтың кейбір дана сөздерін өзінің қойын дәптеріне жазып алып жүретін көрінеді.

 

Біз көптеген орыс жазушыларымен өте жақын қарым-қатынас достықтамыз. Бір шығарманы бірігіп жазатын кезіміз де бар, әдебиеттің кейбір мәселелерін екеу ара ортақ зерттейтін салтымыз да бар.

 

Орыстың көптеген жазушылары Қазақстан тақырыбына қалам тартты. Ол шығармаларының қаһармандары — орыс, қазақ және басқа да ұлттардың өкілдері болып келеді. Талай орыс ақындары біздің республикамызды, біздің байтақ жерімізді, еңбек ерлерімізді шабыттана жырлады.

 

Бұл орайда қазақ жазушылары мен ақындары да қарыздар емес. Олар Абай қалдырған салтты онан әрі жалғастырды, Сейфуллин, Майлин, Әуезов, Мұқанов, Мұстафин, Мүсрепов, Нұрпеисов шығармаларында талай тамаша орыс адамдарының бейнелері жасалды. Әрине, бұл тізімді мұнан әрі де тізе беруге болар еді. Орыс халқына арналған небір сырлы, сазды жырлар қаншама. Жуырда ғана Сырбай Мәуленовтің Волхов пен Ленинградқа арнаған өлеңдерін сүйсіне оқыдық. Ақын осыдан жиырма жыл бұрын жазылған өзінің алғашқы жырларын Волхов жеріне арнаған екен. Ал алғашқы шығарма — алғашқы аяулы махаббат емес пе! Сөйтіп снаряд гүрсілімен дөңбекшіген орыс жерінде қазақ ақыны туған екен.

 

Қазақтың талантты жас ақыны Олжас Сүлейменов өз жырларын орыс тілінде жазады. Оның өлеңдеріне бүгінгі орыс поэзиясының ақсақалдарының бірі Николай Тихонов сүйініш білдірді. Олжас орысша жазса да оның поэзиясында қазақ эпостарының ыстық шарпуы, Махамбеттің қайсарлығы жатады. Ол орыс поэзиясына қазақ даласының ұйтқыған асау құйынын әкелді.

 

Біздің әдебиеттердің өзара достығы дегенде ойға оралар мысалдар осындай. Достық деген сөздің ауқымы кең. Ал біздің халықтардың арасындағы, біздің мәдениеттеріміздің арасындағы достық онан да гөрі ауқымды. Біздің достық қанымызбен сіңіскен. Соған қарамастан әдебиетіміздің өзіндік ерекшеліктерін, нақыштарын жоймайтыны ғажап, қайта олар бірін-бірі түр, мазмұн жағынан байыта, молықтыра түседі.

 

1964

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға