Жаңалықтар

Орыс әдебиетінің шырқау биігі

Орыс әдебиетінің шырқау биігі   Адамның өмірінде, асқарынан айналаңа көз салсаң, бар дүние алақанға салғандай анық көрінетін, сол дүниенің барлық әсем сұлулығы мен поэзиясы да, адам баласына көрсетер сенімі мен сүйіспеншілігінде көп сырымен толық ашыла, терең сезініліп ұғынылатын биік бір асулар болады. Менің де бүкіл тіршілік болмысымды күрт өзгерткен орыс әдебиетіне беріле танысуым болды. Бұл әдебиет алдында бір заманда Абай қарыздар болып, сол қарызын өз халқына алғысы мол, адал достықтың даңғыл жолын тартқан ғажап жырларымен толық өтеп кеткен еді.   Ол кезде орыс тілі ана тіліндей етене болмаса да, орыс мектебінде оқып жүрген шағымның өзінде орыстың тіл мәдениетіне құмарта ұмтылды. Талай-талай классиктер өнер тудырған әдебиет пен тілдің мол байлығын игеру үстінде мен соларды өзімнің академиям деп ұғындым. Ленинградта орыс университетінде оқып жүргенде мен орыс көркем әдебиетінің асыл қазыналарын аса зор ықылас-ынтамен, терең қуаныш сезіммен ақтара аштым. XIX ғасырдың классиктері, орыс прозасының шеберлері менің алдымда әрқайсысы жеке-жеке, жаңа дүние болып ашылды. Менің түсінік-ұғымымда Антон Павлович Чехов та осындай бір қуатты күшімен баурап аларлық тұтас дүние болып көрінді.   Адамға және сол адам атына байланысты сенім, сүйіспендік сезім атаулыға құрмет гимніндей қуатты естілетін Чехов мұрасындағы мен үшін үнемі оқыс, ұлы көрінетін жайлар не?   Менің ойымша, өзінің ұлттық әдебиетінің топырағында тұрып-ақ белгілі дәрежеде Тургеневтен, Толстойдан, Горькийден, тіпті Достоевскийден де үйренуге болады. Ал Чеховқа келсек, оның өзін ғана сүю, жақсы көру арқылы соның шәкірті бола қою қиын, тіпті мүмкін де емес сияқты. Ол үшін өзіңнің творчестволық табиғатыңмен соған ұқсас болып, бүкіл ішкі бітіміңмен, терең лирикалық сазыңмен соған туыстас жақын болып жаратылуың керек. Мен өз ойларымды осы проблемадан бастаймын, себебі советтік Шығыстың тіпті бір ғана біз емес, жазба әдебиетінің көркем творчестволық мәдениеті барған сайын жаңа сапаларға көтеріліп келе жатқан басқа да халықтардың әдебиетшілері дүниежүзілік классикалық әдебиет дәстүрлеріндегі үлгілі озық өнегені қабылдай, игере отырып молығады. Ал соның қалың орталарында біздің ұлы өнегешіміз — орыс әдебиеті шырқау биікке көтеріліп тұрады ғой.   Чехов данышпандығының өктемді күшін терең сезіне отырғанның өзінде одан үйрену қиын, бірақ оның творчестволық мәдениетін ұғынып, байыптауды жай шәкірттің жаттанды оқуы деп түсінбеу керек. Бұл өзі палитрасы өте өзгеріп, колориті мейлінше алуан түсті, бояуы кейде көмескі, бірақ тым ересен бай суреткер. Онда адамның ішкі жан-дүниесінің құбылыстары, өзара қарым-қатынастарының нәзік сырлары ылғи айқын, анық бола бермейді, бірақ солай бола тұра, онда жеңіл ирония да, жұмсақ юмор да, адамға деген жанашыр жақындықта әсіресе мол сезіліп тұрады. Махаббат та, мұңлы сезім де, орыс адамының, халықтың тұрмысындағы не қилы қолайсыздықтарды көріп қобалжу сарыны да жазушы жанынан ыстық үндестік тауып, қоғамның жаңа күштеріне сенім оятып отырады. Оның осындай соншама нәзік бояуларының бұл секілді астарлы сырын бір рет ұғып, біліп алғаннан кейін, оның адам жанын тебірентетін аса сазды сарынын бір түсінгеннен кейін, біз одан әрі онымен айырылысуға, оны ұмытуға шарасызбыз. Чехов өнерінің тартымды күші адамның қайдағы ең асыл сезімдерін қозғайды,ақыл-ой мен арман-тілектің небір әсер әдемілерін тудырады.   Чеховтың жарқын гуманизмі, "қарапайым" адамның тағдырына селт еткіш сезімталдығы арқасында оның әңгімелерінен үнемі жүректің жылы лебі соғып тұрады.   Бұл — қарымы кең, орыс қоғамының әлеуметтік-психологиялық өмірін терең бейнелеген, оны түп-тамырына дейін, кейбір қалтарыс түкпірлеріне дейін жалаңаштап ашып көрсете білген суреткер. Оның персонаждары арасынан біз алуан түрлі, сан қилы көп адамдар көреміз — ішінде жақсысы мен жаманы да, ізгісі мен өзі де, ақылдысы мен ақымағы да болады. Міне, солардың бірде-біреуін өзінің шама-шарқынан асырмай, әрқайсысын өз бойына шақтап, асқан нәзік дәлдікпен суреттейтін жазушы сезімталдығы бізді әрдайым қайран етеді. Ол өз сөзінің ғажайып сиқырлы құдіретімен сізді баурап алады да, содан кейін сіз өзіңізді доктор Астровтың жағында сезінесіз, апалы-сіңлілі үш қыздың ішінде Ирина сырына тереңірек үңілесіз. Суреткердің ақылды нәзік ирониясы оның өз халқы мен өз Отанының тағдырын азаматтық жүрек тербелісімен тебірене ойлайтынын аңғартады.   Жазушының "Мұжықтар", "Шұңқырда" сияқты шығармаларын оқып отырғанда, автордың ар-ұятымен, жан-тәнімен халық жағында екенін көресің, сол себептен де орыс мұжығының талайсыз тағдырын ойлаған жазушы қайғысынан біздің де көкірегіміз қарс айырылады. Тікелей ұран тастап, атой салмай-ақ, халық қасіретінің қаны сорғалаған дертті жарасын жаны ашып көрсетуі арқылы да ол орыс халқының тағдырына оқушы назарын түгел аударады.   Чехов тек өзіне ғана тән сиқырлы шеберлікпен орыс табиғатын жырлағанда, пейзаж көркіне терең сырлы философиялық-психологиялық нақыш қосылып, қайталанбас сәнділікпен ұштастық табады. Чехов "Даласының" хош иісі бүкіл орыс әдебиетіне әтірдей сіңді, жұпар жапырақты "Дала" гүлі орыс әдебиетінің кеудесіне қадірлі сый болып тағылды; "Шие бағының" самал желі ел жүрегінің бұйығы сезімін желпіп оятты; ақ "Шағаланың" күміс қанаты тымырсық ауаны тіліп өтіп, искусство адамдарының қайғылы халі үшін адам жүрегін қаһарландыра сілкінтті.   Халықтың қарапайым адамдарына, оның ізгі жанды зиялы ұлдарына деген сарқылмас, өнегелі сүйіспеншілік сезім, әртүрлі әділетсіздіктің, қиян-кескі қоғамдық тәртіпсіздіктің торына түсіп, зар илеген орыс адамының қайғы-мұңы бүкіл Чехов творчествосының өн бойына желідей тартылып, тұтасып жатады. Бірде нәзік лиризммен, бірде мұңды юмормен молығып, үнемі үдей, үдере өсіп отыратын осы сарын жазушының барлық іздену табыстарының, көркемдік өнер олжаларының негізгі арқауы есепті.   Әсемдік-әдеміліктің идеалын, тіршілік-болмыстың мән-мағынасын, махаббат даналылығын, искусство мұратын Чеховше түсінбей тұрып, Чеховтың өзін түсіну мүмкін емес. Осы айтылғанның бәрін ол өмірде кездесетін пасықтыққа, тұрпайылыққа, топастыққа қарсы қойып, әртүрлі адам тағдырының талас-талқысына салды. Ол еңбекті дәріптеп жырлады, "еңбексіз жерде таза, шаттық өмір жоқ" деп назын айтты.   Жазушы жанының сұлулық нәрі сарқылмай құйыла бермей, сырлы, сазды, терең поэзиялы Чехов кітаптарын мен қайта-қайта оқимын. Бәлки, сондықтан да болар, Чехов тұлғасы менің көз алдымда әруақыт биік шыңдай елестейді. Жай ғана шың емес, таң шапағында күн көзінің алтын нұрына малынып, табиғаттың өзіне ғана арналған асыл сыйындай басындағы мөлдір көк мұнарын неше түрлі құбылтып, түрлендіріп тұратын, сұлулықта теңдесі жоқ алтын діңгек, жарқын шыңдай. Әр елдің адамдары сол шыңға үнемі тандана, табына қарап, өзінің адамға деген махаббатын ерекше құмарлықпен, ізгі сыпайылықпен оқшау танытқан жазушы даналығына әр тілде алғыс сезімдерін білдіреді. Мұхтар Әуезов  
05.12.2012 10:58 4434

Орыс әдебиетінің шырқау биігі

 

Адамның өмірінде, асқарынан айналаңа көз салсаң, бар дүние алақанға салғандай анық көрінетін, сол дүниенің барлық әсем сұлулығы мен поэзиясы да, адам баласына көрсетер сенімі мен сүйіспеншілігінде көп сырымен толық ашыла, терең сезініліп ұғынылатын биік бір асулар болады. Менің де бүкіл тіршілік болмысымды күрт өзгерткен орыс әдебиетіне беріле танысуым болды. Бұл әдебиет алдында бір заманда Абай қарыздар болып, сол қарызын өз халқына алғысы мол, адал достықтың даңғыл жолын тартқан ғажап жырларымен толық өтеп кеткен еді.

 

Ол кезде орыс тілі ана тіліндей етене болмаса да, орыс мектебінде оқып жүрген шағымның өзінде орыстың тіл мәдениетіне құмарта ұмтылды. Талай-талай классиктер өнер тудырған әдебиет пен тілдің мол байлығын игеру үстінде мен соларды өзімнің академиям деп ұғындым. Ленинградта орыс университетінде оқып жүргенде мен орыс көркем әдебиетінің асыл қазыналарын аса зор ықылас-ынтамен, терең қуаныш сезіммен ақтара аштым. XIX ғасырдың классиктері, орыс прозасының шеберлері менің алдымда әрқайсысы жеке-жеке, жаңа дүние болып ашылды. Менің түсінік-ұғымымда Антон Павлович Чехов та осындай бір қуатты күшімен баурап аларлық тұтас дүние болып көрінді.

 

Адамға және сол адам атына байланысты сенім, сүйіспендік сезім атаулыға құрмет гимніндей қуатты естілетін Чехов мұрасындағы мен үшін үнемі оқыс, ұлы көрінетін жайлар не?

 

Менің ойымша, өзінің ұлттық әдебиетінің топырағында тұрып-ақ белгілі дәрежеде Тургеневтен, Толстойдан, Горькийден, тіпті Достоевскийден де үйренуге болады. Ал Чеховқа келсек, оның өзін ғана сүю, жақсы көру арқылы соның шәкірті бола қою қиын, тіпті мүмкін де емес сияқты. Ол үшін өзіңнің творчестволық табиғатыңмен соған ұқсас болып, бүкіл ішкі бітіміңмен, терең лирикалық сазыңмен соған туыстас жақын болып жаратылуың керек. Мен өз ойларымды осы проблемадан бастаймын, себебі советтік Шығыстың тіпті бір ғана біз емес, жазба әдебиетінің көркем творчестволық мәдениеті барған сайын жаңа сапаларға көтеріліп келе жатқан басқа да халықтардың әдебиетшілері дүниежүзілік классикалық әдебиет дәстүрлеріндегі үлгілі озық өнегені қабылдай, игере отырып молығады. Ал соның қалың орталарында біздің ұлы өнегешіміз — орыс әдебиеті шырқау биікке көтеріліп тұрады ғой.

 

Чехов данышпандығының өктемді күшін терең сезіне отырғанның өзінде одан үйрену қиын, бірақ оның творчестволық мәдениетін ұғынып, байыптауды жай шәкірттің жаттанды оқуы деп түсінбеу керек. Бұл өзі палитрасы өте өзгеріп, колориті мейлінше алуан түсті, бояуы кейде көмескі, бірақ тым ересен бай суреткер. Онда адамның ішкі жан-дүниесінің құбылыстары, өзара қарым-қатынастарының нәзік сырлары ылғи айқын, анық бола бермейді, бірақ солай бола тұра, онда жеңіл ирония да, жұмсақ юмор да, адамға деген жанашыр жақындықта әсіресе мол сезіліп тұрады. Махаббат та, мұңлы сезім де, орыс адамының, халықтың тұрмысындағы не қилы қолайсыздықтарды көріп қобалжу сарыны да жазушы жанынан ыстық үндестік тауып, қоғамның жаңа күштеріне сенім оятып отырады. Оның осындай соншама нәзік бояуларының бұл секілді астарлы сырын бір рет ұғып, біліп алғаннан кейін, оның адам жанын тебірентетін аса сазды сарынын бір түсінгеннен кейін, біз одан әрі онымен айырылысуға, оны ұмытуға шарасызбыз. Чехов өнерінің тартымды күші адамның қайдағы ең асыл сезімдерін қозғайды,ақыл-ой мен арман-тілектің небір әсер әдемілерін тудырады.

 

Чеховтың жарқын гуманизмі, "қарапайым" адамның тағдырына селт еткіш сезімталдығы арқасында оның әңгімелерінен үнемі жүректің жылы лебі соғып тұрады.

 

Бұл — қарымы кең, орыс қоғамының әлеуметтік-психологиялық өмірін терең бейнелеген, оны түп-тамырына дейін, кейбір қалтарыс түкпірлеріне дейін жалаңаштап ашып көрсете білген суреткер. Оның персонаждары арасынан біз алуан түрлі, сан қилы көп адамдар көреміз — ішінде жақсысы мен жаманы да, ізгісі мен өзі де, ақылдысы мен ақымағы да болады. Міне, солардың бірде-біреуін өзінің шама-шарқынан асырмай, әрқайсысын өз бойына шақтап, асқан нәзік дәлдікпен суреттейтін жазушы сезімталдығы бізді әрдайым қайран етеді. Ол өз сөзінің ғажайып сиқырлы құдіретімен сізді баурап алады да, содан кейін сіз өзіңізді доктор Астровтың жағында сезінесіз, апалы-сіңлілі үш қыздың ішінде Ирина сырына тереңірек үңілесіз. Суреткердің ақылды нәзік ирониясы оның өз халқы мен өз Отанының тағдырын азаматтық жүрек тербелісімен тебірене ойлайтынын аңғартады.

 

Жазушының "Мұжықтар", "Шұңқырда" сияқты шығармаларын оқып отырғанда, автордың ар-ұятымен, жан-тәнімен халық жағында екенін көресің, сол себептен де орыс мұжығының талайсыз тағдырын ойлаған жазушы қайғысынан біздің де көкірегіміз қарс айырылады. Тікелей ұран тастап, атой салмай-ақ, халық қасіретінің қаны сорғалаған дертті жарасын жаны ашып көрсетуі арқылы да ол орыс халқының тағдырына оқушы назарын түгел аударады.

 

Чехов тек өзіне ғана тән сиқырлы шеберлікпен орыс табиғатын жырлағанда, пейзаж көркіне терең сырлы философиялық-психологиялық нақыш қосылып, қайталанбас сәнділікпен ұштастық табады. Чехов "Даласының" хош иісі бүкіл орыс әдебиетіне әтірдей сіңді, жұпар жапырақты "Дала" гүлі орыс әдебиетінің кеудесіне қадірлі сый болып тағылды; "Шие бағының" самал желі ел жүрегінің бұйығы сезімін желпіп оятты; ақ "Шағаланың" күміс қанаты тымырсық ауаны тіліп өтіп, искусство адамдарының қайғылы халі үшін адам жүрегін қаһарландыра сілкінтті.

 

Халықтың қарапайым адамдарына, оның ізгі жанды зиялы ұлдарына деген сарқылмас, өнегелі сүйіспеншілік сезім, әртүрлі әділетсіздіктің, қиян-кескі қоғамдық тәртіпсіздіктің торына түсіп, зар илеген орыс адамының қайғы-мұңы бүкіл Чехов творчествосының өн бойына желідей тартылып, тұтасып жатады. Бірде нәзік лиризммен, бірде мұңды юмормен молығып, үнемі үдей, үдере өсіп отыратын осы сарын жазушының барлық іздену табыстарының, көркемдік өнер олжаларының негізгі арқауы есепті.

 

Әсемдік-әдеміліктің идеалын, тіршілік-болмыстың мән-мағынасын, махаббат даналылығын, искусство мұратын Чеховше түсінбей тұрып, Чеховтың өзін түсіну мүмкін емес. Осы айтылғанның бәрін ол өмірде кездесетін пасықтыққа, тұрпайылыққа, топастыққа қарсы қойып, әртүрлі адам тағдырының талас-талқысына салды. Ол еңбекті дәріптеп жырлады, "еңбексіз жерде таза, шаттық өмір жоқ" деп назын айтты.

 

Жазушы жанының сұлулық нәрі сарқылмай құйыла бермей, сырлы, сазды, терең поэзиялы Чехов кітаптарын мен қайта-қайта оқимын. Бәлки, сондықтан да болар, Чехов тұлғасы менің көз алдымда әруақыт биік шыңдай елестейді. Жай ғана шың емес, таң шапағында күн көзінің алтын нұрына малынып, табиғаттың өзіне ғана арналған асыл сыйындай басындағы мөлдір көк мұнарын неше түрлі құбылтып, түрлендіріп тұратын, сұлулықта теңдесі жоқ алтын діңгек, жарқын шыңдай. Әр елдің адамдары сол шыңға үнемі тандана, табына қарап, өзінің адамға деген махаббатын ерекше құмарлықпен, ізгі сыпайылықпен оқшау танытқан жазушы даналығына әр тілде алғыс сезімдерін білдіреді.

Мұхтар Әуезов

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға